Ағымдағы жылдың ақпан айында нәресте өлімін азайту бойынша шұғыл шаралар қабылдау жөніндегі республикалық штабтың отырысы өткен болатын. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният:
«2020 жылдың қорытындысы бойынша республикада оң динамика байқалады — нәресте өлім-жітімінің көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 7,2%-ға төмендеді және 2019 жылы 1000 тірі туған нәрестеге шаққанда 8,40 болса, биыл 7,79, ал 2020 жылға арналған нәресте өлім-жітімі индикаторының нысаналы мәні ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 10,1 құрайды»,-деп атап өткен болатын.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек балалар өлім-жітімінің көрсеткіші өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 16,8% -ға төмендеді және тірі туған 1000 балаға шаққанда 2019 жылғы 10,7-ге қарағанда 8,9-ды құраған. ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес балалар өлім-жітімі көрсеткішінің нысаналы индикаторы 2020 жылдың қорытындысы бойынша 10,6 болуы тиіс.
Республикалық штабтың отырысында: «Аталған көрсеткіштерге әсер етудің маңызды аспектілерінің бірі — аналардың денсаулығын жақсарту, перинаталдық және неонаталдық көмекті жетілдіру, патронаждық қызметтің әмбебап-прогрессивті моделін, баланы емшек сүтімен емізуді қолдау»,-деді вице-министр.
Осыған орай, Жамбыл облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру бойынша есеп негізінде денсаулық сақтау саласы бойынша мәлеметтерді назарларыңызға ұсынамыз.
Ақпарат бойынша медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатындағы статистика мәліметтеріне сүйнесек, 2020 жылдың қорытындысы бойынша облыста 8 ана өлімі тіркелген. Ана өлімі – жүз мың тірі туғандарға шаққандағы оқиғалар, өлім-жітім индикаторының мәні 28,9. Байзақ ауданында – екі жағдай, Шу қаласында – бір оқиға, облыс орталығы Тараз қаласында бес жағдай тіркелген.
Сәйкесінше, аталған сегіз оқиғаның үшеуі коронавирус инфекциясына байланысты, екі жағдай экстрагениталды аурулары зардабынан, ал үшеуі акушерлік қиындықтар есебінен орын алған.
Тараз қаласындағы оқиға бойынша жоғарыда айтылған бес жағдайдың үшеуі №4 қалалық емхана бойынша, екі жағдай №7 қалалық емхана бойынша орын алған. Нәрестелер өлімі – бір мың тірі туғандарға шаққандағы өлім-жітімі индикаторының мәні 7,02 (қаңтар-қыркүйек).
2020 жылдың қаңтар-қыркүйегіне бір жасқа дейінгі өлім саны 150 нәрестені құрады. Аталған оқиға 2019 жылғы қаңтар-қыркүйегімен салыстырғанда 32 сәбиге немесе 17,6%-ға төмен.
Ресми мәліметке сәйкес, 2019 жылы 8 айдың ішінде 36 әйел қайтыс болса, 2020 жылы қаңтар-тамыз айында осы көрсеткіш 131-ге дейін өскен.
Ал, Мемлекет басшысы былтырғы жылы ұйымдастырылған коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша Кеңесте:
«Үкімет медициналық көмектің өзге түрлерін де көрсетуді ұмытпауы тиіс. Ана мен бала денсаулығын қорғау – негізгі басымдықтың бірі. Өкінішке қарай, ана өлімі көрсеткіші барлық өңірде бірнеше есе көбейіп кетті. Былтырғы 8 айда – 36 әйел қайтыс болса, биылғы 8 айда – 131 әйел қайтыс болыпты. Мысалы, Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш шамамен 13 есе, Қызылорда облысында 9 есе, Шымкент қаласында 7 есе артты. Неге бұл адамдарға көмек көрсетілмеді? Қандай шаралар қабылданып жатыр? Бұл өте өзекті сұрақтар. Оларға әкімдер жауап беру керек»- деп атап өткен болатын.
Ерсұлтан Кәрімжанұлы