«Ехоба куәгерлері» туралы зерттеулерімізді ары қарай жалғастырамыз. Біздің бірінші мақаламыз Ехоба куәгерлерінің карантин кезіндегі тіршілігі жайлы болатын. Онда «Ехоба куәгерлері» құрамындағы адамдармен, Жамбыл облысы аумағындағы мекенжайларымен танысып сол туралы мақаламызды жариялаған болатынбыз. Ал екінші мақаламызда «Ехоба куәгерлері» құрамынан шыққан адамдар жайлы айтамыз. 2019 жылы «Ехоба куәгерлеріне» қарсы митинг өткен. Митинг мақсаты: «Ехоба куәгерлері» діни бірлестігінің қызметіне қатысты өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіру.
Митингті өткізуге рұқсат берген Тараз қаласы әкімдігіне сұрау хатын жолдап, сол шараны ұйымдастырушылармен байланыса алдық. Мақсат Бекбембетов бізге қуана-қуана сұхбат беруге келісті.
Қазіргі уақытта Мақсат Нұратұлы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны. Досы Ерғалимен бірге «TERRA LIBERA» деп аталатын қоғамдық қор ұйымдастырған екен.
— Қор «Ехоба куәгерлері» қатарынан шығып кеткен адамдарға қолдау көрсету үшін, жол нұсқау үшін құрылды. Себебі, Куәгерлермен ат құйрығын кесіскен адамдар үшін қоғамға бейімделу өте қиын болып келеді. Оларды соған үйретіп тастаған: басқа адамдар шайтанның ұрпағы, шайтандар, олар күнәһар деп миларына құйып тастаған. Олар тіпті Куәгерлер ұйымында жоқ өздернің туысқандарымен ара–қатынастды бұзуға дейін апарады. Оларға “сендердің сенімдеріңді әлсіретеді” деп түсіндіреді. Солай бірте-бірте туыстарынан алшақтай бастайды. «Ехоба куәгерлерінен» қол үзген адамдар ары қарай не істеу керегін білмейді. Олар тек «Ехоба куәгері» болып қана өмір сүре аламыз деп ойлайды. Міне осы бағыттарда жұмыс жасаймыз,. Тараз қаласында «Куәгерлер» қатарынан шыққан 10 адам бар болса, Нұр-Сұлтан қаласында көп емес, 3-4 адам ғана бар, — деп өз сұхбатын жалғастырды.
-Кішкентай кезімде біздің үйімізге «Ехоба куәгерлері» өздерінің діндерін насихаттау үшін келе бастады, діни кітаптарын қалдырып кетті, ол кітаптарды анам оқып, бірте-бірте патшалық сарайына бара бастады, менде сол кездері қызығып анаммен бірге барып жүрдім. 14 жасымнан бастап шоқындырылдым. Жолдасым мен «Куәгелер» қатарында жүріп танысқан болатынмын. Мен 19 жасымнан бастап «Ехоба куәгерлері» туралы зерттей бастадым, түрлі сұрақтар қоя бастадым, сөздеріне қарсы шыға бастадым, сол себептен мені шығарып жіберді, мен діннен безген болып саналдым. Ал әйелім менен кейін 1-2 жылдан кейін барып олардың құрамынан шыққан болатын. Мен таңдауды әйелімнің өзіне бердім. Біздің байланысымыз, махаббатымыз өте берік болды. Мен «Куәгерлер» қатарынан шыққан жылдары әйелімнің санасын улай бастады, әйеліме маған тамақты бөлек ыдысқа салып бер деп айтатынды шығарды, бірақ біз сондада мойымадық. Біз психологтың қабылдауында болғанымызда бұл — бізді ажырастырудың амалдарының бірінші белгісі деген болатын. Әрі қарай одан жоғары, менімен ешқайда бармау, бірге жүрмеу керек деген психологиялық шабуылдар жасалынғаны айқындалды», — дейді Мақсат Нұратұлы.
Біздің келесі сұхбатымыз Мақсат Бекбембетов жолдасы Алинамен өтті. Қазіргі таңда 2 баласымен үйде отырған жұбайы, өзінің туған анасымен араласпайтынын айтып күйінді.
- Мен де анаммен бірге барып жүріп, «Куәгер» атанған болатынмын. Анам Мақсатқа тұрмысқа шыққанымды құп көрмеді. Әуел бастан бізге қарсылығын көрсеткен болатын. Бірақ оған қарамастан екеуіміздің махаббатымызды көріп, өз келісімін берген болатын. Ал қазіргі кезде анам менің жүзіме де қарамайды, маған «қызым» деп ана махаббатымен жүрегі елжіремейді, тек немерелерімен байланыстарын үзбеу үшін әжелеріне жіберіп отырамын. «Ехоба куәгерлері» қатарында жүрген кезімде араласып, жақын достар атанған жандарым қазіргі кезде дәл алдында тұрсамда танымаған адамдай бұрылып өтіп кетеді. Менің анам да, жолдасымның анасы да «Ехоба куәгері», олар бізбен мүлде араласпайды, бар байланыстарымыз үзілген. Егер жолдасым өз үйіне баратын болса, анасы көрсе дереу киімдерін алып сыртқа шығып кететін. Оның ағасы, әпкесі, және інісі бар. Інісі куәгерлік құрамынан шықты, әпкем Қарағанды облысында тұрады. Әпкем жолдасымен бірге осы «Куәгерлік» құрамында, егер олар осы қалаға келетін болса маған ескертпейді, маған ол туралы мүлде айтпайды. Олар да мені көріп қалған жағдайда киімдерін жинап тұрып кетіп қалады», -деп байланыс телефоны арқылы тілдескен кейіпкеріміз ішкі толғанысын жеткізді.
Бұл мәлімет бойынша «Ехоба куәгерлері» ұйымның басшысына сауалдарымызды жолдап, жауабын да алған болатынбыз. Ұйым жетекшісі «Куәгерлердің» оның құрамынан шыққан адамдармен қарым- қатынасы жайлы мынадай жауап жазып жіберіпті.
— Адам өзінің «Ехоба куәгері» болғысы келмейтінін ресми түрде мәлімдеп, «Ехоба куәгерлерінің» қатарынан шыға алады. Ешкімнің мұндай адамға қысым көрсетуге немесе оны «Ехоба куәгер» болып қала беруіне мәжбүрлеуге құқығы жоқ. Бұл жолдан таю болып есептеледі, ал көптеген діни конфессияларда бұл ауыр күнә деп қарастырылады. Мұндай жағдайларда Бірлестіктің мүшелері қауымнан шығарылған адаммен қарым–қатынастан аулақ болу принципі арқылы сүйіспеншілік танытады. Қауымнан шығарылған адам ары қарай да қауым кездесулеріне қатыса алады және діни әдебиеттерді де ала алады. Егер өзі қаласа, қауым ақсақалдарынан рухани көмек сұрай алады. Олардың мақсаты – қауымнан шығарылған адамға қайтадан «Ехоба куәгері» деп атануға лайық болу үшін әрекет етуге көмектесу. Қауымнан шығарылған адам әрқашанда қауымға қайта орала алады, бұл үшін ол бұрыс жүріс-тұрысынан бас тартып, Киелі кітап талаптарына сай өмір сүруге деген шынайы ниетін көрсетуі керек.
Енді отбасыларға келер болсақ: отбасының бір мүшесі, мысалы, отағасы, қауымнан шығарылса, ал оның әйелі мен балалары «Ехоба куәгерлері» болып қала берсе, олардың туыстық қатынастары үзілмейді, әрі қарай да бір отбасы мүшелері ретінде күнделікті іс-әрекеттерімен айналысуды жалғастыра береді. Олар бұдан былай бұрынғыдай діни рухани тақырыпқа сөйлеспесе де, қауымнан шыққан отаға әйелінің күйеуі мен балаларының әкелері болып қала береді»,–делінген басқарушы комитеттің мүшесі Л. Гладышеваның жауабында.
– «Ехоба куәгерлері» Қазақстанда 100 жылдан астам уақыт өмір сүріп келеді. Бұл уақыт аралығында осы сенімді ұстанушылардың бірнеше ұрпағы дүниеге келіп, өсті. Ал бұл, өз кезегінде, «Ехоба куәгерлерін» Қазақстанның көпұлтты және көпмәдениетті қоғамының толыққанды бір бөлігі етті. Бүгінгі таңда Қазақстанда 17 500-ге жуық «Ехоба куәгері» тұрады. Жалпы алғанда, «Ехоба куәгерлерінің» діни кездесулеріне 30 000-ға жуық адам қатысады,– деп Мәсіхшілік орталығы жалпы Қазақстан бойынша қанша адамның куәгер екендігін көрсетті.
Біздің келесі кейіпкеріміз Мақсат пен Алинадан бұрын «Куәлік» құрамынан шыққан – Вера Цыганова. Бұл әйел кешірілмес күнә жасадым деп діни ұйымның құрамынан шыққан екен. «Ехоба куәгерлеріне» ерлі–зайыптыларға ажырасуға болмайды делінген. Бірақ күйеуінен әбден шаршаған Вера ажырасуға бел буған. Бұл жөнінде кейіпкеріміздің өзі былай дейді.
–Мен тұрмысқа «Куәгерлер» құрамында жүргенімде шыққан болатынмын. Бірақ бірнеше рет жолдасымнан кетіп, бөлек тұрып, қайтадан қосылып, солай жүрдім. Дінге қатты берік болғандықтан ол үшін өзімді күнәхар секілді сезіндім. Ал ажырасқанымда «Ехоба куәгерлері» қатарында не мен не ол қалуы керек болды. Солай мен құрамнан шыққан болатынмын. Құрамнан шыққанымда маған әрі қарай өмір жоқ секілді, тоқтап қалғандай елестеді, «не істеймін, ары қарай не болады?» деген сұрақтар мен қорқыныш болды. Қайтадан сонда барғым келіп, тартып тұратын. Бір жағынан менің достарым, менің туыстарым, барлығы менен теріс айналды. Біз анам мен әпкем үшеуіміз 4 бөлмелі үйімізде бірге тұратынбыз. Мен құрамнан шыққанымда әпкем басқа қалада болған еді. Ол қалаға келгенше мен үйде тұрдым. Ол келгеннен соң анам екеуі мені үйден 2 баламман бірге қуып шықты. Мен далада қалдым. 5 жыл бойы пәтер жалдап, солай тұра бастадым. Әжем мен әкем қайтыс боларда мұрагерлер тізіміне мені қосқан екен, соның арқасында қазір менің өзімнің жеке үйім бар. Мен “Ехоба куәгерлері” қатарында 17 жыл болдым. Мен мектеп қабырғасында оқып жүргенімде, мені барлығы психикалық ауытқуы бар адам секілді қарайтын сияқты көрінетін. Себебі біз барлық мерекеден, жиындардан алшақ жүретінбіз. Мен сабағым аяқтала сала бірден насихат жүргізетінбіз. Коледж қабырғасын қызыл дипломмен аяқтадым, солай университетке түстім, бірақ тастап кеттім. Біз үйлерді аралайтынбыз, көшелерде жүретінбіз, кейде ауылдарды аралайтынбыз, көптеген адамдар басқа қалаларға кетіп жатты, менің әпкем Орал қаласына барып қызмет етті. Мен коледж қабырғасында оқып жүргенде құрбыларым бірге жиналыстарға келетін, бірақ олар “Ехоба куәгерлері” атанбады, ол үшін қуанамын. Мұғалімдер мен группаластарыма айтатынмын. Біз көп адамдарды шақырдық, уағызда қанша уақыт болдық, үгіт-насихатқа бір күнде қанша уақытымызды арнадық, басталғаннан біткенге дейін дәл уақытын жазып, есеп беретінбіз. Құрбыларымыздың арасында жарысатынбыз, бұл айда кім қанша сағат насихат жұмыстарын жүргізді деп.
Тегін еңбек күші
Мен «Ехоба куәгерлері» қатарында болғанымда жиі-жиі діни құрылысқа қатысқан болатынмын. Өзге қалаларға барып қайтқаным бар. Таразда, Алматыда, Жаңатаста болдым. «Осындай ғимарат салынатын болды, жөндеу жұмыстары жүреді»,–деп хабарландыру айтылатын. Біздің барлығымызды жинап алып: «Құдай жолында қызмет етесіңдер ме, өз еріктеріңмен барып қызмет жасайсыңдар ма?»,–дейді. Жұмысыңды, балаларыңды, әйеліңді тастап барасың. Ол жақтағы уақытың апталап, 2 апталап, айлап жалғасуы мүмкін. Өз қалтаңнан төлеп барасың, ол жақта сені тамақтандырып, орналасатын жер береді. Сен бұл істі Құдай үшін жасап жатырмын деп ойлайсың,–деген Мақсат мырзаның сөзіне сене қоймадық, бірақ бұл жөнінде Вера кейіпкерімізден де сұраған болатынбыз.
– Иә, шыны керек нақты есімде жоқ қай уақыттар екендігі, бірақ мен де құрылысқа баратынмын, яғни ер азаматтарға тамақ әзірлеп, олардың киімдерін жуып, үй жинаумен айналысатынмын. Және менің жолдасым да сол құрылыстарға ат салысуға барып тұратын. 2-3 күнге баратын, болмаса апталап кететін-ді. Шынымен де ол жаққа тек құдайға құлшылық ету, құдай жолында еңбек етеміз деп қана баратынбыз. Бізден де басқа көптеген адамдар болатын. Әсіресе, құрылысқа ебі бар адамдар көптеп келетін — деп баяндады кейіпкерлеріміз.
Бұл жөнінде өз жауабын берген Мәсіхшілік орталығы былай дейді,
– Сенушілердің өз діни ғимараттарының жөндеу–құрылыс жұмыстарына қатысуы жайлы қойған сұрағыңызға келер болсақ, кез — келген өзге діннің сенушілері сияқты «Ехоба куәгерлері» де бірге ғибадат ету үшін бас қосуды өте маңызды деп біледі. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес діни бірлестіктер өздерінің діни ғимараттарының құрылысы мен оның күтімін өздері қамдауы керек. Сонымен қатар, келесідей назар аударуға тұрарлық жайттарды атап өткіміз келеді:
(1) Қазақстанның заңнамасына сай, сенушілердің діни бірлестіктері коммерциялық емес ұйымдарға жатады және сенушілердің ерікті садақаларының арқасында ғана жұмыс атқарады. Қандай да бір міндетті түрде жасалатын төлемдер мен садақа жиналмайды. Осы жайттарды ескере келе, сенушілердің өздерінің діни ғимараттарын өздері қамдағаны түсінікті әрі қисынды.
(2) Әңгіме сенушілердің ерікті бірлестігі туралы болғандықтан, олардың кейбіреулері Құдайға және маңайдағыларына деген сүйіспеншіліктен және мүмкіндіктері мен күштеріне қарай өздері жататын бірлестіктің діни ғимаратының құрылысын, жөндеу жұмыстарына көмек қолын ұсынғанда тұрған ешнәрсе жоқ. Бұл толықтай ерікті түрде атқарылатын қызмет. Діни ғимараттардың құрылысы мен күтімінің біраз бөлігін ерікті жұмысшылардың атқарғаны ерікті садақа ретінде түскен қаражатты мейлінше үнемдеуге көмектеседі.
(3) Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бірқатар құрылыс–жөндеу жұмыстарын осы жұмыс түрлеріне рұқсаты мен лицензиясы бар мамандандырылған ұйымдар жасауы тиіс. «Ехоба куәгерлері» заңды ұстанатын азаматтар ретінде осы талапты орындайды және құрылыс–жөндеу мен қызмет көрсету процесінде аталмыш сыртқы ұйымдарға жүгінеді.
(4) Мемлекет құрылысқа қатысушыларға және қажетті қауіпсіздік шараларына қатысты бірқатар талаптар қойған. Осы заңды талаптардың барлығын сенушілер мұқият орындайды.
«Ехоба куәгерлеріне» де жалақы төленетін қызмет түрі жоқ. Ерікті садақадан түскен қаржы баспа және білім беру ісіне, ғимараттарда құрылыс-жөндеу және техникалық қызмет көрсету жұмыстарына, сонымен қатар табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсету және т.с.с. істерге жұмсалады. «Ехоба куәгерлерінің» діни ғимараттары өте қарапайым және функционалды. Бұл да қажетсіз құрылыс және жөндеу шығындарының алдын алуға көмектеседі-, деп жауабын берді.
Қазақстанда “Ехоба куәгерлері” бұйрықты қайдан алады
Мақсат мырзаның айтуынша, Қазақстанның «Патшалық сарайларында» бұйрықтардың барлығы Америкадағағы Нью-Йорк қаласында қабылданады. Сол бұйрықтар бойынша бізге тапсырмалар келеді. Жиналған садақа ақшалардың барлығы Алматы қаласына жіберіледі, одан әрі қарай Америкадағы орталықтарына жөнелтіледі.
Бұл ақпарат қаншалықты шындыққа жанасатынын Орталық Мәсіхшілерінің өздерінен сұраған едік.
“Канондық басқару туралы айтатын болсақ, Діни бірлестіктің Жарғысында айтылғандай, Қазақстандағы «Ехоба куәгерлері» дүниежүзілік діни ұйымының канондық бөлігі болып табылады. Бұл ұйымға 230 ел мен аумақтарда тұратын 8 млн. адам кіреді. «Ехоба куәгерлерінің» Бас басқармасы Америка Құрама Штаттарында орналасқан. Бірінші ғасырдағы бүкіл Мәсіхшілер қауымына қатысты маңызды шешімдерді “Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдар” қабылдаған. Ал «Ехоба куәгерлерінің» Басқарушы кеңесі солардың үлгісіне еліктейді. Сол адал адамдар сияқты Басқарушы кеңестің мүшелері де біздің ұйымның көшбасшылары болып табылмайды. Олар Киелі кітаптың басшылығына жүгінеді. Соның арқасында дүние жүзі бойынша «Ехоба куәгерлерінің» барлығы бірдей канондық басшылық пен Киелі кітапқа негізделген тәлім алады”,–деп жауап берген болатын.
Ақпарат агенттігі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетіне сұрау салған болатын.
- Бүгінгі күні Қазақстанда бір өңірлік және 59 жергілікті «Ехоба куәгерлері» діни бірлестігі жұмыс істейді. Елде осы конфессияның 18 000-ға жуық ұстанушылары бар. «Ехоба куәгерлерінің» едәуір көп болуы Алматы (10 жергілікті діни бірлестік), Жамбыл (9), Қарағанды (8), Оңтүстік Қазақстан (6), Шығыс Қазақстан, Қостанай (5), Павлодар (3) облыстарында және Алматы қаласында (6) байқалады. «Ехоба куәгерлері» христиан орталығының басқарушы комитеті берген ақпаратқа сәйкес, олардың қатарында 18000-ға жуық ұстанушылар бар. Жас құрамы бойынша негізінен орта немесе жоғары техникалық білімі бар орта жастағы адамдар. Этникалық құрамы көп ұлтты. «Ехоба куәгерлері» ұйымының жақтаушылары – орыстар, украиндар, қазақтар, татарлар, өзбектер, ұйғырлар және т.б. этностар. Қаржыландыру әр түрлі көздерден (Қазақстандық, шетелдік, жеке немесе заңды тұлғалардан) жүзеге асырылады, бірақ негізінен жеке тұлғалардың қайырмалдықтары арқылы іске асады (ерікті немесе ондық). «Ехоба куәгерлерінің» барлық бірлестіктері қайта тіркеуден өтіп, Қазақстанда ресми түрде жұмыс істейді. 2020 жылдың соңындағы жағдай бойынша «Ехоба куәгерлерінің» 57 діни ғимараты жұмыс істейді.
Айта кетерлігі, Министрліктің атына 2017 жылы 38 өтініш, 2018 жылы – 21 өтініш, 2019 жылы азаматтардан 10 және қоғамдық ұйымдардан 5 өтініш, ағымдағы жылдың басынан бастап осы конфессияның діни бірлестіктерінің қызметіне шағымданған азаматтардан – 5 өтініш (4 – Жамбыл облысынан, 1 – Алматы облысынан) келіп түсті.
Бұл басылым Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен әзірленген. Басылымның мазмұны ақпарат агенттіктін жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.