Дүниежүзінде дау мен жанжалдардың көбеюіне байланысты оларды
шешу мен реттеудің тиімді әдістерін табу қазіргі таңда өзекті әрі маңызды
мәселелердің бірі болып табылады. Әлемнің көптеген елдерінде баршаға
танымал жанжалдарды шешудің неғұрлым тиімді және балама әдістердің бірі
— медиация.
«Медиация» (латынның mediare сөзі — екі көзқарастың немесе екі
жақтың ортасында болу, орта жолды ұсыну, бейтарапты болу деген
мағынаны білдіреді) — бұл, дау — жанжалға қатысушылардың, біріге отырып,
пайда болған келіспеушілікті шешу процесі. Айтылған процестің белгілі бір
жетістіктерге жету мүмкіндіктері зор, себебі, мұнда ерекше процессуалдық
жағдайлармен қатар медиатордың кәсіпкерлік көмегі, жақтардың бір
келісімге келуіне бағытталған. Медиацияны кең танылған бітістіру мен
табыстыру рәсімдерінің «кемелденген түрімен» салыстыруға болады.
Медиация көптеген ғасырлар бойы бейбітшілікті орнықтыру қызмет
жолында қолданылғаны мәлім.
Медиация тарихының түп-тамыры тереңде. Адамдар арасында
алғашқы дау қай кезде туындаса, бітімгершілік те сол заманда пайда болған.
Тарихшылар мұның түп-тамырын ежелгі Финикия мен Вавилоннан тапқан.
Одан кейін бітімгершілік институты Грекияда дамығанға ұқсайды. Ал, ежелгі
Римде медиаторлар ережесі алғаш рет заңды тұрғыда бекітілген.
Өткен ғасырларда қазақ қоғамындағы әлеуметтік құрылымда Билер аса
маңызды орынға ие болып, тек ел басқарушы ғана емес, сонымен бірге сот
билігін жүзеге асырушы — судья ретінде де танылған. Қазақ қоғамындағы сот
үрдісіндегі бітім институты туралы заңгер — ғалым З.Кенжалиев былай деп
жазды: «Қазақ қоғамындағы сот процесінің басты мақсаты — бітім еді. Яғни
дауласушы не арыздасушы жақтарды келістіріп, бітімдестіру. «Дау мұраты-
бітім», дейді қазақ».
Ал қазіргі күйіндегі медиация институты ХХ ғасырдың ортасында
АҚШ-та қалыптасты. Дәл осы кезеңде Америка экономикасында даулардың
жаңа түрі — кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасындағы келіспеушіліктер
орын ала бастады. Оларды шешу үшін арнайы федералды орган – медиация
және бітімгершілік процедуралары жөніндегі АҚШ-тың федералдық қызметі
құрылды. Кейін медиация тек еңбек дауларында ғана емес, отбасындағы,
коммерциялық саладағы келіспеушіліктерді де реттеу үшін қолданыла
бастады.
Медиация процедурасын қолданудың бірден бір ерекшелігі — медиация
бұзылған қатынасты қалпына келтіруді мақсат етіп, келісімді жүзеге асыру
барысында жанжалдың негізінде жатқан сезімдерді, эмоцияларды, тілектерді
зерттеу нәтижесінде медиатор тараптардың психологиялық қарым
қатынастарын қайта қалыптастыруға көмек беруге ұмтылады. Тағы да бір
ерекшелігі — медиация процедурасы кезінде келісімді жүргізудің негізі
ретінде тараптардың ұстанған бағыттарын емес, олардың мүдделері негізінде
жүзеге асырылады.
Сот жүйесіндегі бұл институттың өрістеуіне тоқтасақ, алғаш рет бұл
мәселе 2009 жылы Қазақстан Республикасы Судьяларының V съезінде
жоғары саяси деңгейде талқыланған болатын.
Сондай-ақ, Елбасы «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020
жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат туралы»
Тұжырымдамасында азаматтық іс жүргізуге қатысушылардың құқықтарын
толық жүзеге асыру мақсатында мынадай мәселе көтерді: «жеке-құқықтық
жанжалдар тараптары арасында бітімге қол жеткізудің сот тәртібімен,
сондай-ақ соттан тыс тәртіптегі жолдары мен тәсілдерін, оның ішінде істі сот
талқылауына дайындаған кезде келісу рәсімдері шараларын пайдалану
мүмкіндігін талқылаудың міндеттілігін бекітуге, сондай-ақ азаматтық
құқықтарды қорғаудың соттан тыс нысандарын дамытуға бағытталуы
мүмкін» деп көрсеткен.
Медиацияның басты мақсаты — кінәлілерді іздеуге емес, ортақ шешімге
келу жолдарын іздестіре отырып, екі тарапты қанағаттандыратын келісілген
шешімге қол жеткізу болып табылады.
Соттағы іс жүргізу процесінен айырмашылығы, медиация-еркін
процесс. Рәсім сипаты жағынан-жария емес процесс. Онда тараптар дауды
қарайтын тұлғаны, яғни, медиаторды өздері таңдайды. Медиатор кәсіби және
кәсіби емес негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын жеке тұлға.
Екіншіден, сот талап шеңберінен шығуға құқысыз. Ал, медиация
рәсімінде тараптар талап қоюшының талабын қанағаттандыру тәсілі туралы
келісімге келуге құқылы. Сонымен қатар, сотта шешім құқық пен заң
нормалары негізінде қабылданса, ал медиация рәсімінде шешім тараптардың
өз мүдделерінің келісімге келуі негізінде қабылданады. Яғни, медиация-
тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын және өзара
қолайлы шешімге жетуі үшін медиатордың жәрдемдесуімен дауды реттеу
рәсімі.
Істі медиация рәсімімен қарау уақыттың жылдамдығымен, құпиялықты
сақтаумен, екі тараптың да пайдасына қарай шешілетіндігімен ұтымды.
Қолданыстағы заңнамаға, оның ішінде "Медиация туралы" ҚР Заңына
сәйкес, шектеулерді жария-құқықтық қатынастардан туындайтын істер —
АПК-нің 29-тарауы; тараптарының бірі сот әрекетке қабілетсіз не әрекет
қабілеті шектеулі деп таныған адамдар болып табылатын істер құрайды.
Тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде, жеке және
(немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге
де құқық қатынастарынан туындайтын дауларға (жанжалдарға) медиация
рәсімі қолданылмайды.
Талап қоюшы талап қоюдың негізін немесе нысанасын істі сот
талқылауына дайындау аяқталғанға дейін не қосымша процестік әрекеттерді
жүргізу қажет болмаған кезде сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін жазбаша
арыз беру арқылы өзгертуге, талап қою талаптарының мөлшерін ұлғайтуға
немесе азайтуға құқылы. Бұл ретте талап қоюдың нысанасы мен негізін бір
мезгілде немесе кез келген реттілікпен өзгертуге дауды (жанжалды)
медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасалған жағдайда ғана жол
беріледі.
Татуласу келісімі, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу
туралы келісім бұған жол бермейді, бұл жағдайларда Қазақстан
Республикасының Азаматтық процесстік Кодексінің (әрі қарай АПК) 169-
бабында көзделген ереже қолданылады — "талап қоюдың мәні мен негізін бір
мезгілде не кез келген реттілікпен өзгерту талап қоюшының жаңа талап
қоюды ұсынуын және талап қоюшының бұрын берілген талап қоюдан бас
тартуын білдіреді, бұл бұрын берілген талап қою арызы бойынша іс бойынша
іс жүргізуді тоқтатуға әкеп соғады".
Бұл ереже медиация рәсімін татуластыру рәсімдерінің басқа түрлерінен
тиімді ажыратады, дауды түбегейлі шешуге мүмкіндік береді. Медиация
туралы " ҚР Заңына сәйкес медиация-тараптардың ерікті келісімі бойынша
жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі
мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар
арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі. Соттағы Медиация – медиация
институтының бір бөлігі болып табылады, сол қағидаттар мен шарттарға
негізделген, соттан тыс медиация сияқты тәсілдер мен құралдарды
пайдаланады. Сонымен қатар, сотта медиация азаматтық іс жүргізуде АПК-
де белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып жүзеге асырылады.
Сот тараптарға келісім жасасудың құқықтық салдарын ол бекітілгенге
дейін міндетті түрде түсіндіреді. Қарау нәтижелері бойынша сот келісімді
бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату не келісімді бекітуден бас тарту
туралы ұйғарым шығарады.
Сондықтан тараптарды ұзақ мерзімді сот процестерінен, шығындардан
құтқару және дауды өзара тиімді шарттармен реттеу үшін сот ісін жүргізуге
дайындау, сот ісін жүргізуге дайындау сатыларын тиімді пайдалану қажет.
Мәселен, облыс судьялары талап арызды сот өндірісіне қабылдау
сатысында — қазіргі жағдайда (карантин жағдайында) қолда бар ұялы
байланыс құралдары арқылы тараптармен ақпараттық әңгімелер жүргізуде.
Азаматтық іс қозғамай, тараптарға талап қоюшы және жауапкер
мәртебесін бермей, осы мәліметтерді "Төрелік" электрондық базасында
тіркеместен, дауды реттеу мүмкіндігі талап қоюды қабылдау сатысында
тараптардың татуласуының маңызды факторы болып табылады.
Мұндай жағдайда, сот талапкерге тараптардың дауды реттеуіне сілтеме
жасай отырып, АПК-нің 152-бабы 1-бөлігі 9) тармағының ережелері
бойынша талап арызды қайтаруды ұсынады.
Істі бейбіт жолмен реттеу мақсатында тараптарға татуластыру
рәсімдерінің артықшылықтары, кәсіби медиаторларға, татуластыру
орталықтарына, билер кеңесінің өкілдеріне, әлеуметтік дамудың арнайы
ұйымдарына, отбасы мен балалардың мүдделерін қорғау жөніндегі жүгіну
мүмкіндіктері түсіндіріліп, хабарлама жіберіледі.
Жалпы облыс соттары 2020 жылдың 9 айында сот даулардың әртүрлі
санаттары бойынша 1 079 медиативтік келісім бекітті.
Татуластыру рәсімдері кабинеті құрылды, онда татуластырушы судья
азаматтық сот ісін жүргізудің алғашқы кезеңдерінде Тараптармен ақпараттық
әңгімелер өткізеді.
Сонымен қатар, 2018 жылдың 28 сәуірінен бастап облысымыздың
бірқатар соттары, оның ішінде, Тараз қалалық сотында Қазақстан
Республикасы Жоғарғы Сотының "сотта татуласу"пилоттық жобасы іске
асырылуда.
Сондай ақ, Ұлттық құндылығымызды жаңғырту мақсатында 2018
жылғы 22 қарашада Жамбыл облыстық сотының ұйымдастыруымен
Ардагерлер ұйымы жанынан Тараз қаласында облыстық, қалалық және 10
аудан орталығында Билер кеңестері құрылған болатын.
Билер кеңесін құрудағы мақсатымыз – ол билер соты институтын қайта
жаңғырту және қоғамдағы бірліктің қағидаты негізінде қазақстандық бірегейлікті жетілдіру. Қоғамда арасында орын алатын аса ауыр емес
қылмыстарды, отбасылық – тұрмыстық, еңбек дауларын сотқа жеткізбей
татуластыру әдісімен тараптарды бітімгершілікке және бірлікке қол жеткізу.
Өйткені, Қазақ елінің ғасырдан — ғасырға ұласып келе жатқан
мемлекеттік билікте, қоғам арасында билер кеңесінің алар орны ерекше
болғаны белгілі.
Шынайы халықтық үлгіде құрылып, ежелден елдік әдет-ғұрыпқа
негізделген дәстүрлі құқық нормаларын берік ұстанған бұл сот жүйесі
ұлттық санамыздағы ұзақ жылғы даму эволюциясында тек әділдік пен
ақиқаттың айқын көрінісі ретінде мызғымай келеді.
Би – бірінші кезекте халыққа сот төрелігін шынайы, әрі
турашылдықпен жүзеге асыруда әділ билігімен танылған, соттық функцияны
атқаратын қызметші болды. Ол сот ісін жүргізгенде өзі тәртіптілікті қатаң
сақтай отырып, істің күрделілігі мен екі жақ тараптардың ықылас-
мүдделеріне баса назар аударған. Сонымен бірге, іске қатысатын
тараптардың өкілдері мен өзге де қатысушылардың мүмкіндігін шектемей,
жариялықты қатаң сақтайтын әділ төреші болған.
Би екі тараптың бірін жеңдіріп, кейінгісін жеңілдіріп емес екі тарапқа
да шындықты мойындата білген. Халық алдында өзінің шынайы шешімімен
тараптарды татуластырса ғана әділ ісімен даңқы артқан. Ондай билердің
атақ-абыройы бүкіл елге тарап, мыңдаған шақырымдардан даушылар іздеп
келіп, жүгінген.
Сондықтан, Қазақ елінің билер соты барша жұрт алдында кәсіби
жағынан әбден шыңдалған, тәуелсіз сот билігі ретінде сақталып келді. «Адал
би – әділ би» деген принцип содан қалған.
Билер – өз заманынының дәстүрлі құқықтары мен әдет-ғұрып
ережелерін заңи тұрғыдан реттеп, заман ағымына қарай жаңартып отыратын
білікті заңгерлер. «Заманына қарай – заңы, орманына қарай – аңы болады»
деген қағида ізімен тозығы кетіп, озығы жеткен заңнама үлгілерін уақытына
сай жаңғыртып, елді біртұтас білікті заң ережелерімен қамтамасыз етуді де өз
мойнына алған.
Бүгінгі күнде билер кеңесінің құзыреті Қазақстан Республикасының
«Медиация туралы» заңы, қазақ халқының дәстүрлі құқық аясында жүзеге
асырылып, қоғамдық медиатор сертификатары бар кеңес мүшелері
қоғамымызда жиі туындаған, оның ішінде отбасылық дауларды, көршілер
арасындағы жер дауларын, туысқандар арасындағы мұрагерліктен туындаған
дауларды сотта және соттан тыс жағдайда шешуде үлкен үлес қосуда.
2018 жылғы 27 желтоқсаннан бастап сотта фронт — офис жұмыс істейді,
онда келушілер сотқа жүгінген кезде-сот кеңсесіне талап-арыз бергенге дейін
қажетті ақпаратты алады. Тұрақты негізде бұқаралық ақпарат құралдарында,
банк құрылымдарының, сақтандыру ұйымдарының өкілдерімен,
нотариустармен және жеке сот орындаушыларымен дөңгелек үстелдерде,
халықпен, жергілікті жоғары оқу орындарының студенттерімен ашық есік
күндері татуластыру рәсімдерін — соттан тыс татуластыру институтын,
сақтандыру, банк омбудсманын, атқарушылық жазбаны дамытуға
бағытталған жұмыс жүргізіледі.
2019 жылғы сәуірде практикалық тәжірибе нәтижелері бойынша облыс
медиаторлары мен басқа да мамандар табысты қолданатын татуластыру
рәсімдерін электрондық форматта қолдану бойынша әдістемелік құралы
медиаторларға, билерге, адвокаттарға, заң консультанттары палатасының
өкілдеріне жасалып, таныстырылып, қолданысқа ие болып отыр.
Жалпы, соттарда медиация институтын енгізу мен оның дамуы
жөніндегі белсенді жұмыстары келешекте мемлекеттік саясаттың да
міндеттерін жүзеге асыруға өз септігін тигізуі ықтимал, себебі осы даулар
мен жанжалдарды шешудегі медиация әдісін қолдану сот органдарының
жүктемелерін азайтады, әрі Қазақстанның медиация институтының дамуы
әлемдік масштабтағы даулар мен жанжалдарды реттеу мен шешуде шетел
мемлекеттердің медиация институттарымен бірлесіп қызметін атқаруы
мүмкін.
Бірақ, бұл институттың осал тұстары әлі де жетерлік.
Мемлекет басшымыз Қ.Тоқаев 1 қыркүйек 2020 жылы Халыққа
Жолдауында: «Он жылдай уақыт бұрын біз «Медиация туралы заң»
қабылдадық. Бірақ қазіргі кезге дейін бірде-бір мемлекеттік орган оның даму
мәселесімен айналысқан емес. Айқын мемлекеттік саясат байқалмайды. Бұл
жағдайды реттеп, қателікті жөндеу керек» деп дөп айтты.
Демек, бұл құжат әрі қарай Медиация институтын мемлекеттік
органдар да барынша кеңінен қолданып, халықтың түйткілді проблемасын
шешуге жол сілтейтіні хақ.
Қазақ халқы үшін бітімгершілік — билік айтудың ең озық өнегесі.
Ал медиация институтын дамыту — Қазақ халқының дәстүрлі билер мен
ата бабалар тағылымын, әдет-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған
игі қадамның бірі, сондықтан тиімділігі мол деп есептесек қателеспейміз.
Әлбетте, бұл өркениет көшіне батыл бет түзеген біздің қоғамымызда оң
өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін
айғақтайды.