Өткен сенбіде Аса ауылындағы Өнер мектебінде «Бейбітшілік және келісім» жобасы аясында құрылған «Ақпараттық-түсіндіру» тобының ауданда атқарған жұмысы қорытындыланды. Жиында Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев, аудан әкімі Сәкен Арубаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев, облыс әкімдігінің басқарма басшылары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері, аудан ардагерлері бас қосты.
Алдымен облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сержан Қуанышов атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады.
– Өздеріңізге белгілі, облысымызда идеологиялық жұмыстарға баса көңіл бөлінуде. Осы орайда «Бейбітшілік және келісім» жобасы жүзеге асырылуда. 17-19 қыркүйек аралығында «Ақпараттық-түсіндіру» тобы Жамбыл ауданының ауылдық округтерінде этносаралық келісім құндылықтарын насихаттауға, ұлтаралық қақтығыстардың алдын алуға және шешуге бағытталған түрлі мәдени, спорттық, ақпараттық шаралар өткізді. Жалпы, 42 іс-шара ұйымдастырылып, 1162 адам қамтылды. Сондай-ақ 52 азаматқа әдістемелік және консультациялық көмек көрсетілді. Топ мүшелері ауданның 23 тұрғынын қабылдап, оларды толғандыратын мәселелер бойынша жауап қайтарды.
Сонымен қатар, жоспардан тыс Жалпақтөбе, Шайқорық ауылдарында жергілікті этнос өкілдерінің беделді тұлғаларымен сұхбат форматында кездесу өтті. Қоғамдық-саяси және ұлтаралық қарым-қатынас саласындағы ахуалды анықтау мақсатында Аса, Шайқорық, Айшабибі, Жалпақтөбе ауылдарының тұрғындарымен сұхбаттар ұйымдастырылып, 110 тұрғыннан әлеуметтік сауалнама алынды.
Қанатқақты жоба шеңберінде өткізілген шаралардан алынған мәліметтерді зерделей келе, ауданда интернет, экология, жастарды жұмыспен қамту, жалақының төмендігі, банк терминалдарының, балалар ойын алаңшасының аздығы, жайылымдық жерлердің жетіспеуі, мал азығына бағаның жоғарылығы секілді мәселелер өзекті болып тұрғаны анықталды, – деген Сержен Сапарбайұлы ауданда анықталған және шешімін таппаған түйткілді мәселелер жол картасына енгізіліп, іске асырылатынын айтты.
Бұдан кейін облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ілесбек Амалов, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков, жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа зерделеу жұмыстарының нәтижесін баяндады.
Олардың сөзіне сүйенсек, аудан бойынша тұрғындардың 90 пайызы мемлекеттік тілді меңгергенімен, Гродеково, Жалпақтөбе ауылдарында мемлекеттік тілде сөйлейтіндердің үлесі 44 пайыз ғана. Сұрау салу барысында олардың 90 пайызы қазақ тілін үйренгісі келетінін аңғартқан. Кейбір ауылдарға клуб қажеттігі, кемі 2-3 штатты қажет ететін 300 орындық мәдениет үйінде бір жұмыс штаты ғана бар екені де мәселе ретінде көтерілді. Спорттық алаңшалардың жетіспейтіндігі, жастардың 80 мың теңге айлықты азсынатыны белгілі болды.
Жауапты тұлғаларды мұқият тыңдаған Ержан Жұматұлы қоғамда шиеленіс тудыруы мүмкін мәселелерді дер кезінде анықтап, оны шешу үшін нақты жоба ұсынуды тиісті сала жетекшілеріне жүктеді. «Экономика мен қоғам өмірі түбегейлі өзгеріп келеді. Әлемдік пандемия дүниежүзін өзгеріске ұшыратуда. Одан бөлек, ғаламдық жаңашылдықтар біздің қоғамға дендеп енуде. Осындай өзгермелі әлемде бір ғана нәрсе өзгермеуі керек. Ол – адамның бойындағы мейірім, жұрттың бір-біріне деген қарым-қатынасы. Оны сақтап қалатын біздің тұрақты, іргелі құндылықтарымыз бар. Ол – жастарға берілетін отбасылық, ұлттық тәрбие. Жастар бос сенделмеуі, қылмысқа бой алдырмауы қажет. Әр ата-ана өз баласын қадағалап отырса, жақсы тәрбие бере алса, оларға арналған мемлекеттік бағдарламаларды, көрсетіліп жатқан қамқорлықты тиісті орындар дұрыс жеткізе алса, кәсіпкерлікке тартып, арнайы курстардан өтуіне, мамандық игеруіне ықпал етсе, еш жерде жұмыс істемейтін, не оқымайтын NEET жастардың саны азаяр еді», – деді басшы өз сөзінде.
Жиыннан кейін Ержан Жұматұлы аудандық орталық ауруханаға бас сұғып, денсаулық сақтау мекемесінің жұмысымен танысты. Ауруханадағы жансақтау бөлімінде 6 төсек болғанымен, өкпені жасанды демалдыру аппаратының саны бесеу екен. Осы олқылықтың орнын толтыруды, ақ халаттылар індетпен күресте дәрменсіздік танытса, жалған мәлімет беріп жүріп, жағдайға дайын болмай шықса, жайбарақаттықты халық ешқашан кешірмейтінін еске салды. Дәрі-дәрмек қоймасын аралап, қажетті препараттардың жеткілікті екеніне көз жеткізді. Денсаулық сақтау мекемесі екі айға жететін дәрілік заттар қорын жасақтап үлгерген. «Жасұлан и К» дәріханасында да дәрі тапшылығы жоқ екені көңіл қуантты.
Соңынан Ержан Жұматұлы Жамбыл ауылында бой көтеріп жатқан 100 орындық мектепке барды. Бұл мектептің құрылысы кестеден біршама қалып келеді екен. Жыл аяғында пайдалануға берілуі тиіс білім ошағы назарда болатынын айтқан басшы жауаптыларға құрылыс жұмыстарын межелі уақытта аяқтауды тапсырды. Мердігер компанияның өкілдері мектепті уәделі мерзімде пайдалануға беретіндерін, ол үшін алдағы аптадан бастап қосымша жұмыс күшін тартатындарын жеткізді.