5 маусым, жұма күні Жамбыл облысының Меркі ауданында дәстүрлі «Егінжай күні» семинар-кеңесі өтті. Оның барысында қатысушылар бірқатар агроқұрылымдарының жұмысымен танысып, ауылшаруашылық өнімдері мен арнайы техникалар көрмесін аралап, саладағы өзекті мәселелерді саралады.
Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен басқармаларының төрағалары, аудан әкімдері, обыстың барлық аймағынан келген шаруа қожалық жетекшілері, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттарының мамандары қатысты.
Жиналғандар алдымен жеке кәсіпкер Ахан Сарсембиевке тиесілі, 35 гектар аумақты алып жатқан «Аспара-Хан» жылыжай кешенінің қызметімен танысты. Жылыжай иесі биыл 80 тонна қызанақ жинауды жоспарлап отырғанын айтты. Ол өнімді мамыр айының ортасынан жинай бастаған.
— Жылыжай 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жаңа технологияларды еңгізіп, жылыжайды кеңейтсем деген жоспарым бар. Мен қызанақты алғаш рет өсіріп отырмын, қияр жылда ойдағыдай өнім береді. Өнімді Меркі ауданының базарларына шығарамын, — деді А.Сәрсембиев.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жылыжай кешенінің жұмысына оң бағасын беріп, өнім түрлерін кеңейтуді, таңқурай мен құлпынай өсіруді де қолға алу туралы ұсынысын жеткізді.
— Бұл жылыжайда құлпынай өсіру үшін барлық жағдай жасалған. Қажетті коммуникациялар жүргізілген. Бүгінде ішкі нарықта жергілікті құлпынайдың тапшылығы туындап отыр. Өзбекстаннан әкелінген жидектер сатылуда. Олардың бағасы да, дәмі де көңілден шықпайды, — деді Б.Сапарбаев.
«Смарт Агро каркара» ЖШС қант қызылшасын, жүгері және бидай өсірумен айналысуда. Алайда су үнемдейтін технологиялар тек 54 гектардағы қант қызылшасына ғана қолданылып отыр екен. Соңғы жылдары серіктестік сумен қамтамасыз етуде күрделі мәселелерді бастан кешуде. Мұнда су келетін үш канал да тазалауды және қайта қалпына келтіруді қажет етеді. Соның салдарынан бүгінде ол каналдар арқылы жалпы қажетті ылғалдың 70 пайызы ғана келуде. Шаруалар маусымның аптап ыстығында егін суарылмай қала ма деп алаңдайды.
Облыс әкімі осыдан екі жыл бұрын құрылған мехотрядқа осы мәселені шешу бойынша ауыл шаруашылығы алқаптарындағы су желілері мен арналарын тазалау және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
«Нур-П» шаруа қожалығында семинарға қатысушыларға қант қызылшасын өсіру кезіндегі жерді өңдеу мен суаруда, өнім жинауда заманауи технологияларын қолданудың артықшылықтары туралы айтылды. Шаруашылық қант қызылшасынан басқа 200 га алқапта күздік бидай, 150 га жаздық арпа және 200 га жоңышқа өсіруде.
Ақарал ауылдық округіндегі «Гүлдер» шаруа қожалығы жеміс ағаштарының элиталық көшеттерін өсірумен айналысады. Шаруа қожалық жетекшісі Александр Бондарь егер былтыр 50 мың жеміс ағаштары отырғызылса, биыл бұл көрсеткіш — 120 мыңға жеткен. Атап айтсақ, 10 гектар алқапқа алма, 13 гектарға өрік бағы егілген. Енді сыйымдылығы мың тоннаға жуық жемісті сақтауға қауқарлы қойма салуды жоспарлауда.
— Біз негізінен жеміс-жидек өндірісі көлемін ұлғайтуға және оларды сақтау үшін қажетті инфрақұрылымды құруға, сондай-ақ, маусымаралық кезеңде оны жүзеге асыруға бағытталғанбыз. Алайда, біз қазір жемістерді айтарлықтай арзанға, тіпті өз құны бойынша сатуға мәжбүрміз, — дейді А. Бондарь.
Қазіргі таңда облыс бойынша 218 омарта, олардың құрамында барлығы 78 830 мың ара ұясы бар. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Амановтың айтуынша, олардың тек 60-ы ғана ресми тіркеліп, мәліметтер базасына енген. Осы себепті өндірілген бал және оның өтімі туралы ақпарат жоқтың қасы. Селекциялық жұмыстар жүргізілмейді. Ара шаруашылығының азықтық базасы қалыптапаған, ара аурулары бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілмейді.
Семинарға қатысушылар сондай деректер қорында тіркелмеген ара шуаруашылығына ат басын бұрды. Ара өсірушіге тіркеу мәселесін шешу үшін мемлекеттік қолдау тетіктері ұсынылды, ал асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында субсидия төленетіндігі түсіндірілді. Ара шаруашылығын субсидиялау үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлінбек. «Оңтүстік-Батыс» ғылыми-зерттеу институтымен ынтымақтастық орнатылып, асыл тұқымды аралар сатып алуға жол ашылуда.
Ағымдағы жылы 5000 ара ұясымен селекциялық жұмыс жүргізу күтілуде. Бұдан басқа, жабдықтарды лизингке сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Микрокредиттік ұйымдар арқылы және «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жеңілдікті пайыздармен несие алуға болады.
Аудандағы «Сыпатай батыр» ЖШС-інде де жемісті жұмыстар көп. Серіктестік жетекшісі Қанат Шайхиевтің өткен жылы әр гектардан 30 центнерден астық және 861 центнер қант қызылшасын алғандығын айтады.
Осы агроқұрылым базасында ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесі, сондай-ақ семинар-кеңес ұйымдастырылып, оның барысында агроөнеркәсіптік кешеннің жетістіктері мен мәселелері талқыланды.
Кеңесті ашып, жүргізіп отырған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев үстіміздегі жылдың төрт айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 39,4 млрд. теңгені құрағанын, ол өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,7 пайызға артық екендігін атап өтті. Бұл елдің барлық облыстары арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Ауыл шаруашылығын дамытуға 29 миллиард теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 18 миллиард, облыстық бюджеттен 11 миллиард теңге бөлінген. Нақтырақ айтсақ, өсімдік шаруашылығын дамытуға 4,4 миллиард теңге, мал шаруашылығына 7,4 миллиард теңге, өңдеу өнеркәсібіне 831,6 миллион теңге, инвестициялық субсидияларға 6,6 миллиард теңге қарастырылған.
Ағымдағы жылы егіс алқаптарының жалпы көлемі 710 мың гектарға жетті. Егер былтыр су үнемдейтін технологиялар 20,5 мың гектар жерге енгізілген болса, биыл суармалы жерлерді 30 мың гектарға жеткізу көзделген.
Басқосуда ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері өздерінің ғылыми тәжірибелерімен бөлісіп, халықаралық компаниялармен ынтымақтастықтың нәтижелері, егістікті суаруға арналған жоғары технологиялық қондырғылардың артықшылықтары, жаңа рентабельді дақылдар туралы әңгімеледі.
Сондай-ақ, семинар-кеңесте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі техникалық қамтамасыз ету басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов, «Быструха Астана» ЖШС, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің өкілдері және тағы басқалар сөз алып, ойларын ортаға салды.
Кездесу соңында Бердібек Сапарбаев аудан әкімдеріне, ауыл шаруашылығы басқармасы мен бөлімдерінің басшыларына су үнемдеуші технологияларды қолдана отырып суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, сонымен қатар техниканы жаңарту көрсеткіштерін 10 пайызға жеткізу, жылыжай өндірісін дамыту, минералды тыңайтқыштарды кеңінен енгізу және жоғары өнімді сапалы тұқымдарды қолдану, ауыл шаруашылығы саласында ғылым мен инновацияларды енгізудің маңыздылығына тоқталып, нақты тапсыралар жүктеді.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі