Түркістанда «Бал Текстиль» халықаралық деңгейдегі кілем фабрикасы жұмыс істейді. Фабрика 2013 жылы іске қосылған. Өндіріс орны «Үдемелі өндірістік даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған.
«Бал Текстиль» компаниясында 300 адам жұмыс істейді. Бастапқыда компания 120 адамды жұмыспен қамтыған. Орташа еңбекақы – 100 мың теңге.
Мұндағы кілем тоқитын жартылай пропелинді жіптер Францияда жасалған. Күніне 10-12 арба жіп шығарылады. Фабриканың өзі жылына 5 млн шаршы метр кілем тоқуға қауқарлы.
Компания басшысы Талғат Исхаховтың айтуынша алдағы уақытта сатылым географиясын кеңейту мақсаты тұр. Көршілес Қытай, сондай-ақ Америка елдеріне кілем эскпорттау жұмыстары жасалуда. «Соңғы уақытта швед компаниясымен келісімге келудің нәтижесінде экспорт көлемін ұлғайттық. Біз заман талабын зерттеп, тұтынушының талабын назарға аламыз», — дейді басшы.
Атап өтерлігі, «Бал Текстиль» 2016 жылы Женевада өткен халықаралық сапа конкурсында «Gold» аталымының иегері атанды. Сонымен қатар республикалық «Алтын сапа» байқауының «Халық тұтынатын үздік тауар» аталымында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.