Ұлттық құндылығымызды жаңғырту мақсатында 2018 жылғы 22 қарашада Жамбыл облыстық сотының ұйымдастыруымен Ардагерлер ұйымы жанынан Тараз қаласында облыстық, қалалық және 10 аудан орталығында Билер кеңесі құрылған болатын.
Билер кеңесін құрудағы мақсатымыз – ол билер соты институтын қайта жаңғырту және қоғамдағы бірліктің қағидаты негізінде қазақстандық бірегейлікті жетілдіру. Қоғамда арасында орын алатын аса ауыр емес қылмыстарды, отбасылық – тұрмыстық, еңбек дауларын сотқа жеткізбей татуластыру әдісімен тараптарды бітімгершілікке және бірлікке қол жеткізу.
Өйткені, Қазақ елінің ғасырдан — ғасырға ұласып келе жатқан мемлекеттік билікте, қоғам арасында билер кеңесінің алар орны ерекше болғаны белгілі. Шынайы халықтық үлгіде құрылып, ежелден елдік әдет-ғұрыпқа негізделген дәстүрлі құқық нормаларын берік ұстанған бұл сот жүйесі ұлттық санамыздағы ұзақ жылғы даму эволюциясында тек әділдік пен ақиқаттың айқын көрінісі ретінде мызғымай келеді.
Би – бірінші кезекте халыққа сот төрелігін шынайы, әрі турашылдықпен жүзеге асыруда әділ билігімен танылған, соттық функцияны атқаратын қызметші болды. Ол сот ісін жүргізгенде өзі тәртіптілікті қатаң сақтай отырып, істің күрделілігі мен екі жақ тараптардың ықылас-мүдделеріне баса назар аударған. Сонымен бірге, іске қатысатын тараптардың өкілдері мен өзге де қатысушылардың мүмкіндігін шектемей, жариялықты қатаң сақтайтын әділ төреші болған.
Би екі тараптың бірін жеңдіріп, кейінгісін жеңілдіріп емес екі тарапқа да шындықты мойындата білген. Халық алдында өзінің шынайы шешімімен тараптарды татуластырса ғана әділ ісімен даңқы артқан. Ондай билердің атақ-абыройы бүкіл елге тарап, мыңдаған шақырымдардан даушылар іздеп келіп, жүгінген.
Сондықтан, Қазақ елінің билер соты барша жұрт алдында кәсіби жағынан әбден шыңдалған, тәуелсіз сот билігі ретінде сақталып келді. «Адал би – әділ би» деген принцип содан қалған.
Билер – өз заманынының дәстүрлі құқықтары мен әдет-ғұрып ережелерін заңи тұрғыдан реттеп, заман ағымына қарай жаңартып отыратын білікті заңгерлер. «Заманына қарай – заңы, орманына қарай – аңы болады» деген қағида ізімен тозығы кетіп, озығы жеткен заңнама үлгілерін уақытына сай жаңғыртып, елді біртұтас білікті заң ережелерімен қамтамасыз етуді де өз мойнына алған.
Облысымызда құрылған Билер кеңесінің ережесі облыстық соттың тікелей атсалысуымен дайындалып, Билер кеңестері ардагерлер ұйымымен кабинет пен қажетті құрал жабдықпен қамтылса, жергілікті соттар тиісті заң нормаларымен, құжат үлгілерімен қамтамасыз етті.
Ережеге сәйкес облыстық билер кеңесінің құрамы жеті адамнан, ал қалалық және аудандық билер кеңесінің құрамы бес адамнан құрылды, оның ішінде біреуі Төбе би.
Билер кеңесінің құрамына бұрын сотты болмаған, ел ішінде беделді, абыройлы, сөзге шешен, сөз бен жанжалды ажырата алатын, ақыл-парасат, біліктілігімен қабырғалы қалың елге өнегелі ісімен қызмет ететін, бұрын ел қызметінде болған, қазір зейнеткерлік жастағы өмірлік тәжірибесі мол ардагер — ақсақалдар мен ардақты аналарымыз, доғарыстағы судьялар мен облыстық, аудандық дін өкілдері (имам), және өзге де қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді. Сонымен қатар, облыстық билер кеңесінің құрамына өмірлік тәжірибесі мол, ұзақ жылдар бойы сот саласында абыройлы қызмет атқарған доғарыстағы судьялар да енді.
Бүгінгі күнде билер кеңесінің құзыреті Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңы, қазақ халқының дәстүрлі құқық аясында жүзеге асырылып, қоғамдық медиатор сертификатары бар кеңес мүшелері қоғамымызда жиі туындаған, оның ішінде отбасылық дауларды, көршілер арасындағы жер дауларын, туысқандар арасындағы мұрагерліктен туындаған дауларды сотта және соттан тыс жағдайда шешуде үлкен үлес қосуда.
Мысалы: облысымызда билер кеңестері ашылғаннан бері 70 астам азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша дауласқандар тараптарды бітімге жеткізді және насихат жүргізу арқылы көптеген дауласқандарды сотқа дейін татуластыруда.
Осы бастамамыз Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот басшылығы тарапынан оң бағаланып өз қолдауын табуда, 2019 жылғы 19 ақпанында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот төрағасы Ж.Асанов пен Қазақстан Республикасының Ардагерлер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестіктің төрағасы Б.Ізмұхамбетов өзара ынтымақтастық туралы келісім жасады.
Жамбыл облысының Билер кеңесінің ережесі Қазақстан Республикасының Ардагерлер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігінің басшылығы тарапынан оң қабылданып, басқа облыстарға үлгі ретінде таратылуда.
Келісімнің жалғасы ретінде облысымызда қоғамдық қарым — қатынастардың тұрақтылығын сақтау, қоғамдағы даукестік деңгейін төмендету, билер институтын жандандырып, ұлттық код құндылықтарын қолдану арқылы құқықтық сананы өзгерту, ел арасында дауларды татуласу рәсімдерімен реттеу мәдениетін арттыру мақсатында Жамбыл облыстық соты мен «Ардагерлер Ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиал басшылары өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Ендігі кезекте меморандумға сәйкес Билер кеңесінің белсенді атсалысуымен дауларды сотта және соттан тыс реттеудің саны мен сапасын арттыру мақсатында билер кеңесі мүшелері жергілікті соттарда, яғни қалалық және аудандық соттарда әр аптаның жұмыс күндері кезекшілік етіп, соттарға дауды өршітпей шешуге атсалысады. Сотқа түскен арыз шағымдарды сот ондірісіне қабылдау, сот отырысын тағайындауға дайындық барысында дауласушы тараптарды бітімге келтіреді.
«Бірлесе көтерген жүк жеңіл болады» деген дана халық.
Қорыта айтқанда алты алашқа әділ билігімен даңқы кеткен Саққұлақ бидің философиялық мағынасы терең және аса мәнді мынадай: «Адамның басшысы — ақыл, жетекшісі — талап, шолушысы — ой, жолдасы — кәсіп, қорғаны — сабыр, қорғаушысы — мінез, сыншысы — халық» деп айтқан нақыл сөзін басшылыққа алып, қазақ елінің тұрмыс-салты мен әлеуметтік-саяси дамуына ұзақ жылдар қызмет еткен билердің рөлі мен билер кеңесінің мәртебесін қайта жаңғырту ісінде қоғам арасында қолдау табатынымызға үлкен сенім артамыз.
Жамбыл облыстық
сотының судьясы Д.Әзіретқұлов