2018 жылдың сәуір айында Брюссельде оппозициялық күштердің қосылуымен «Жаңа Қазақстан» форумы құрылды. «Жаңа Қазақстан» — қоғамдық бірлестік жетекшілері, саясаткерлер, құқық қорғаушылар, журналистер мен сарапшылардан құралған ынтымақтастық һәм интелектуалды қоғамдық алаң. Олар елдегі саяси, экономикалық, идеалогиялық, ақпараттық монополияға қарсы күреспек. Билік транзитінің таяп қалғандығын айтқан қоғам қайраткерлері келесі президенттің тағайындалмай, сайлануына бұқара болып әсер етуіміз керек дейді. Бүгінгі сұхбатты Ұлыбритания елінің азаматты, «Жаңа Қазақстан» форумының құрылтайшысы Серікжан Есенғосұлымен сұхбатты назарларынызға саламыз.
— Серікжан аға, ассалаумағалейкүм! Өзіңіз «Руханият» партиясын бастап, парламент сайлауына түсемін деп саяси қудалауға ұшырадыңыз. Сол қудалаудан кейінгі жағдайыңыз қалай?
— Әдеттегідей көзі ашық, көкіргі ояу азаматтарды қудалап жатыр ғой. Еліміздің саясаты, биліктің бағыты осындай ғой қазір. Бірақ, дегенмен кезінде партия басқарған адаммын, 5 ай түрмеге отырған адаммын. Қазір Ұлыбритания азаматымын. Ұлыбритания азаматы болғаныммен, мен өзім қазақпын. Сондықтан Қазақстанда қалып, осындай азаматтармен кездесіп, «Жаңа Қазақстанды» талқылап жатырмыз. Нәтижессі сол — форум. Форумның екі мағынасы бар, бірінші — талқылап аламын, екінші — қозғалыс немесе біріктіруші. Болашақта депутат бола алмаймын, өйткені шет ел азаматымын. Бірақ негізгі ойым — күш жігерімді осындай жұмыстарға салсам, мықты азаматтар біріксе менің арманым жоқ. Қазір ел айтып жатыр ғой «Азаматтар, қайдасыздар? Сіздердің арқаларыңызда мыңдаған жақтаушыларымыз бар, білім мен тәжірибелеріңіз бар, шетел аралап келдіңіздер, Қазақстан болашағын кім ойлайды, сіздер билікпен ортақ тілде сөйлей аласыздар». Кеше Брюссельге барып еуропарламент вицепрезидентімен сөйлестік, біздің мақсатымыз болашақта сапалы азаматтарды біріктіріп, «Жаңа Қазақстанды құру». Егер ешқандай өзгеріс болмаса еліміз көркеймейді. Болашақты, ұрпақты ойлап отырмыз. Егер біз осындай жұмыстардан бас тарсақ, оларға он есе қиын болады. Саясат, геосаясат басқа болады. Олардың сана — сезімін ояту үшін талпыныста жүруіміз керек.
— Иә. Ұлыбританияда Рысқалиевтер жүр ме?
— Иә, жүр, сәлем айтып жатыр. Олардың да мақсаты елге қайтып үлестерін қосу.
— Олардан басқа кімдер бар?
— Көп. Н. Субханбердин, Ким де жүр, бірнеше министрлер сол жақта.
— Брюссельге де барып келдіңіздер, осы жердегі өзіңіздің жерлестеріңізбен бірге жиналып елге оралатын ойларыңыз жоқ па? Геосаяси ахуал өзгергеннен кейін орласыз ба немесе Ұлыбритания азаматтығында қала бересіз бе?
— Жоқ, мен елде жүрмін ғой. Шынын айтқанда Қазақстан азаматтығынан бас тартуға тура келді. Куәлікті ауыстырғанда жаңа куәлік бермеді, өйткені мен қара тізімде жүрмін. Сондықтан басқа амал болмағандықтан Ұлыбритания азаматтығын алдым. 50 жыл қазақ азаматы болдым, оның маған қажеті жоқ еді негізі. Бірақ маған біржағынан оңай, шет ел азаматтарымен сөйлескенде ешқандай Visa керек емес. Мен осында тұрам, әке-шешем осы жерде, балаларым да осы елде.
— Өзім ғана Британиялықпын десеңізші?
— Жо-жоқ, менікі тек құжатпен ғана, өзім қазақпын, сенімен менің еш айырмашылығым жоқ.
— «Жаңа Қазақстанның» қандай болғанын қалайсыз?
— Біріншіден, әділетті, демократияға негізделген, қазақтың құндылықтары, сезімі болуы керек. Кеңестік кезеңнен айырылуымыз керек. Елбасымыз коммунизм кезеңінен болған соң, біздің сана-сезім әлі оянған жоқ. Сондықтан Жаңа Қазақстан ашаршылық туралы, репрессия туралы мәселені қозғап отыр. Қазір оны көтерсек қазақ ретінде халық боламыз.
— 1937 жылы атылған ұлт зиялылары бар. Солардың ішінен өзіңіз бой түзеп қарайтын тұлғаңыз бар ма?
— Мұстафа Шоқай. Осында қуғын-сүргінге ұшырап, шет елге кетсен соң Берлин, Парижде жай отырмай қазақ халқы үшін құрбан болды.
— Серікжан аға, сұхбатыңызға рахмет.