«Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра, Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра.
Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана, Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана» -деген еді қазақтың біртуар ақыны Қадыр Мырза Әли. Расында, қазақтың жай-күйін бүкпесіз жеткізе алатын, оның салт-дәстүрі мен тарихын, шежіресін күймен жеткізген бір құдірет болса, ол – қазақтың қара домбырасы. Ертедегі «Ақсақ Құлан» аңызын білетін боларсыздар, Жошы ханға баласының өлімін жеткізуге ешбір адамның жүрегі дауаламағанда, күймен жеткізген домбыра ғой. Қазақ халқы домбыраның, күйдің құдіретін мәдениет қазіргідей кең етек жаймаған сонау ғасырлардың өзінде білген еді.
«Нағыз қазақ – домбыра» деп білген халқымыз ендігі жерде 1 шілдені «Домбыра күні» деп атайтын болады. Биыл алғаш рет шілденің алғашқы күнінде тойланған бұл мереке Т.Рысқұлов ауданында да кең ауқымда аталып өтті. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Дендросаябақта Домбыра күні ұлттық мерекесіне орай «Домбыра-асыл мұра»атты dombura-party өткізілді. Шара барысында Құрманғазының «Адай», Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым», Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйлерін аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов, ардагер ұстаз, музыка маманы Күздеу Көктеубаев пен Саз мектебінің директоры Бердіxан Бабасовтың бастамасымен
елуге жуық ұстаздар мен оқушылар біріге отырып ұлтымыздың ұлттық құндылықтарына айналған бірнеше
күйлерін орындады. Шараға дәстүрлі әншілер мен жеке орындаушылар шақырылып, қасиетті қара домбыраның қадірін асқақтатты. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Шәкуәліқызы, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н.Жамалбеков және ҚХА-ның қолдауымен осы күні аудандық перзентханада дүниеге келген сәбидің анасы Балжан Игісіноваға «Айналайын» алғыс хаты және домбыра сыйға берілді. Сонымен қатар, орыс этномәдени бірлестігінің мүшесі О.Антонова күй тартып, құттықтау лебізін білдірді.
Осылайша, киелі өлкемізде ұлттық аспап ұлықталып,
ұлтымыздың мәртебесі асқақтай түсті.