Осылайша жедел медициналық жәрдем қызметтерінің, стационарлардың қабылдау пунктерінің және МСАК ұйымдарының жұмысы күшейтілді. Су тасқыны басталғаннан бері эвакуациялық пунктерде тәулік бойы жұмыс істейтін 106 медициналық пост орналастырылды. Эвакопункттерде медициналық және медициналық-психологиялық көмек көрсету үшін 600-ге жуық медицина қызметкері, оның ішінде 101 дәрігер, сондай-ақ 47 психолог тартылды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Уразалиева ОКҚ брифингінде мәлімдеді.
Су тасқыны болған аймақтарда су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды уақытша орналастыру орталықтарына шығатын мобилдік бригадалар ұйымдастырылды. Жүкті әйелдердің, балалардың жағдайына тұрақты медициналық бақылау жүргізілуде. Жергілікті жерлерде нақты үйлестірудің арқасында пациенттер штаттық режимде дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды алуды жалғастыруда.
«Су басқан аймақтардан эвакуацияланғандардың арасында денсаулық жағдайы дәрігерлердің бақылауында болатын созылмалы аурулары бар 1 318 адам бар. Су тасқыны салдарынан зардап шеккендерден психологиялық көмекке 2805 өтініш тіркелді. Табиғи апаттың барлық кезеңінде су басқан елді мекендерден 445 жүкті әйел эвакуацияланды, 474 босандыру қауіпсіз қабылданды, барлық сәбилер мен аналар патронаждық қызметтердің қамқорлығында. Су басқан аудандарда барлығы 4 мыннан астам бала эвакуацияланды, олардың 65 кішкентай пациенті амбулаториялық және стационарлық деңгейде емделуді жалғастыруда», – деді спикер.
Инфекциялық аурулардың туындауының алдын алу мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысы күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды. Санэпидқызметтер сумен жабдықтау көздеріне күнделікті күшейтілген мониторинг пен бақылауды жүргізеді. Су тасқыны басталғаннан бері санитариялық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерге 11 мыңға жуық ауыз су сынамасы іріктеліп, зерттелді. Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің бақылауымен осындай 6 мыңнан астам нысанға дезинфекция жүргізілді.
Дәрігерлер мен санэпидқызметтің үйлесімді іс-қимылдарының нәтижесінде инфекциялық аурулардың, соның ішінде ішектің, уланудың өршуі жағдайларына жол берілмеді, сынама алу кезіндегі барлық көрсеткіштер қауіпсіз диапазонда