Жамбыл облысының прокуратурасында аймақтағы діни бірлестіктердің және жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен өкілдерінің қатысуымен кездесу өтіп, дін саласы бойынша ұйымдастыру шараларындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Басқосуға төрағалық еткен облыс прокурорының міндетін атқарушы Айдос Майлыбаев барлық діни бірлестіктер өкілдерінің бейбіт өмір сүруін, өңірдегі ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрлерін және әдет-ғұрыптарының өзара байланысын атап өтті. Сондай-ақ ол барлық конфессия тарапынан дін саласындағы заңнаманы қатаң сақтау басты талап екендігін жеткізді. Жиында облыстық прокуратураның экстремизм және терроризмге қарсы күрес бөлімінің басшысы Бақтияр Шайсламов хабарлама жасап, бүгінде облыс аумағында 334 діни ғимарат тіркелгендігін мәлім етті. Оның 290-ы мешіт, 8-і православиелік және 1 католиктік шіркеу, 35 простанттық храм, сондай-ақ 31 намазхана екен. Бұдан өзге облыста 8 миссионерлік ұйым жұмыс жасайтын көрінеді. Жалпы миссионерлер заң бойынша жергілікті атқарушы органға тіркелгеннен кейін барып қана жұмыс жасай алады. Олар жыл сайын аталмыш органға тіркеліп отыруы міндеттелген. Ал діни бағыттағы әдебиеттерді қолдануға дінтанушылардың арнайы тексерісінен кейін ғана рұқсат беріледі. Сондай-ақ ол әдебиеттерді тек діни ғимараттар мен арнайы орындарда пайдалануға болады. Осындай мәліметтерді келтірген прокуратура өкілі миссионерлердің жұмысын ұйымдастырудағы, кәмелетке толмағандарға арналған жазғы діни курстарды ашу, діни әдебиеттер мен өзге де ақпараттық материалдарды тарату бойынша орын алған фактілерді айтып өтті. Мәселен, ағымдағы жылы Қордай ауданында тиісті рұқсаттары мен біліктілік талаптарын алмай, жазғы лагерь түрінде 50-ден астам кәмелетке толмағандарды дінге оқыту фактісі орын алған. Аталған заң бұзушылық үшін діни бірлестіктің басшысы осы қызметпен айналысуға тиым салу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар Меркі ауданында кінәлі тұлға дінтану сараптамасының оң қорытындысын алмаған діни әдебиеттерді мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өткізгендігі үшін әкімшілік жауапкершілік жүгін арқалаған. Бұдан өзге Байзақ ауданында өз діни көқарасын насихаттау мақсатында келген басқа облыстың тұрғынына заңсыз миссионерлік қызметіне байланысты заң алдында жауап беруге тура келген.
Шарада облыс әкімдігі дін істері басқармасының бөлім басшысы Сәуле Байбатшаева деструктивті діни ағымдар идеологиясының алдын алу мақсатында жүргізілген жұмыстары және салалық мемлекеттік бағдарламаны орындау аясында ақпараттық-түсіндіру топтарымен жүргізілген жұмыстарды тілге тиек етті.
– 2015 жылдан бастап 2017 жылдың сәуіріне дейін деструктивті діни ағымдардың әсеріне ұшыраған 364 азамат анықталып, олармен жұмыс жүргізілді. Облыстағы халықтың діни сауаттылығын арттыру мақсатында мемлекеттік қызметшілерден, дінтанушылардан, теологтардан, психологтардан және имамнан тұратын бес ақпараттық және түсіндірме топтар құрылып, тиісті жұмыстарды атқару үстінде. Атап айтқанда, 2013 жылдан бастап облыстың аудандарында, ал 2014 жылдан бастап және барлық өңірлердің ауылдық округтерінде жұмыс топтары құрылып, тұрғындармен кездесулер ұйымдастыруда. Кездесулер барысында аудио-видео дискілер, буклеттер, кітаптар, сенім телефонының нөмірі бар ақпараттық парақтар таратылады, – деген С. Байбатшаева бүгінгі таңда сауда секторларында деструктивті діни ағымдарды қолдайтын азаматтардың көпшілігі жұмыс жасайтындығын жеткізді. Бұл бағытта нарықтық әкімшіліктермен және құқық қорғау органдарымен бірге сауда орындарында және сол маңда орналасқан намаз бөлмелерінде азаматтармен кездесулер өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп тұрады екен. Дейтұрғанмен ол аймақтағы діни ахуалдың тұрақты екендігін жеткізді.
Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ