Министрдің мәлімдеуінше, 2024 жылғы 10 айында 143 мың көлік құралы ресімделген, олар бойынша 291,4 млрд теңге көлемінде кедендік төлемдер мен салықтар төленді. Бұл ретте 80%-ы жеңіл автокөлік құралына тиесілі.
Техникалық регламентке сәйкес келмейтін жүк көлік құралдарын әкелуді болдырмау мақсатында «Мемлекеттік кірістер мен техникалық реттеу және метрология органдарының өзара іс-қимылы туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің бірлескен бұйрығы әзірленді және қабылданды.
Аталған бұйрық шеңберінде аккредиттелген ұйымдарды тарта отырып, Техникалық реттеу және метрология комитетінің аумақтық органының қызметкерлерімен бірге бірлескен кедендік жете тексерулер жүргізеді.
«2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша тәуекел бейіні 1 532 кедендік декларация бойынша іске қосылды. 2 577 жүк автокөлік құралына қатысты бірлескен кедендік жете тексеру жүргізілді, оның нәтижесі бойынша техникалық регламентті бұзудың 99 фактісі анықталды. 33 әкімшілік материал анықталып және 2 қылмыстық іс қозғалды. Бұл ретте, берілген рұқсат беру құжаттарының сәйкессіздігі анықталған кезде Министрлік жосықсыз сынақ зертханалары мен сәйкестікті растау жөніндегі органдарға қатысты шаралар қабылдау үшін уәкілетті органға ақпарат жібереді», — деді спикер.
Сондай-ақ спикердің айтуынша, мақұлданған көлік құралдарының түрлерінде көрсетілген заңды тұлғалардың ғана көлік құралының типін мақұлдауды пайдалануы бойынша шаралар қабылдау мақсатында форматты-логикалық бақылау белгіленді, бұл жосықсыз сыртқы экономикалық қызметке жосықсыз қатысушылардың көлік құралдарының түрін мақұлдауды пайдалану мүмкіндігін болдырмайды.
Әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін осы шараны енгізуге қатысты баспасөз релизі дайындалды және жарияланды. Мемлекеттік кірістер комитеті және Техникалық реттеу және метрология комитетінің аумақтық органдары «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер өткізу арқылы сыртқы экономикалық қызметке қатысушымен және жеке тұлғалармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, Көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік және Көлік құралының түрін мақұлдау және кейіннен кедендік рәсімді аяқтау үшін сынақ жүргізуге стационарлық сынақ зертханалары бар облыстық және республикалық маңызы бар қалаларға автокөлік құралдарын жіберуді көздейтін алгоритм әзірледі және аталған құжатқа қол қойды.
Үшінші елдерден жеке тұлғалардың жолаушылар кедендік декларациясы бойынша жеке пайдалану үшін ғана әкелетін көлік құралдарын кедендік ресімдеу мәселесі бойынша Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының 30.06.2017 жылғы №74 шешімімен бекітілген тізбеге сәйкес заңнамалық және өзге де сипаттағы тәуекелдер бар.
Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының нормалары жеке пайдалануға арналған тауарларды ресімдеу тәртібін ғана реттейді және жеке тұлғаларға жалпыға бірдей белгіленген нысанда тауарларға арналған декларацияны беруге тыйым салмайды.
«Бүгінгі таңда жеке тұлғалардың автокөлік құралдарын жалпыға бірдей белгіленген нысанда декларациялауы Еуразиялық экономикалық одақтың барлық елінде ешқандай шектеусіз қолданылады. Осыған байланысты, бұл мәселе қосымша пысықтауды талап етеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп өзге де қажетті шараларды пысықтайтын боламыз», — деп мәлімдеді министр.
Сондай-ақ Мәди Такиев Ахуалдық штаб отырысы шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен тауарлардың импортын бақылауға қатысты баяндады. Оның айтуынша, Министрлік Ахуалдық штабтың тапсырмаларын орындау үшін тәуекелдерді басқару жүйесіне сүт өнімдерін импорттаушы 10 компанияны енгізді, сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетімен және Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетімен өзара іс-қимыл қамтамасыз етілген.
Өзара іс-қимыл шеңберінде мемлекеттік кірістер органдары Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мен Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық инспекцияларына сүт өнімдері бар автокөлік құралдарының келуі және зерттеу үшін сынама алу қажеттілігі туралы хабарлайды.
«Биыл 14 мамырдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен шекарада Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне сүт өнімі бар 2 449 автокөлік құралы бойынша ақпарат берілді. Аталған мәселелер бойынша жұмыс тұрақты бақылауда және одан әрі тиісті жұмыстар жалғастырылады», — деп түйіндеді сөзін министр.