2017 жылы 9 наурызда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкестігін анықтау мақсатында Конституциялық кеңестің нормативтік қаулысы жария етілді.
Бұрын хабарлағанымыздай ағымдағы жылғы 6 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті аталған заңды Қазақстан Республикасының Конституциясына, оның ішінде Конституцияда белгіленген құндылықтарға Республика қызметінің түбегейлі принциптеріне, басқару нысанына сәйкестігіне қарау туралы Конституциялық кеңеске өтініш жолдады. Конституциялық кеңес өз шешімінде 2017 жылы 6 наурызда Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдап, 2017 жылы 6 наурызда Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға ұсынылған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Ресубликасының заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына, оның ішінде Республиканың конституциялық құндылықтарына, қызметінің түбегейлі принциптеріне және басқару нысанына сәйкес келеді деп қаулы етті.
Айта кетейік, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңы 19-бап бойынша 26 түзетуді қарастырады. Парламентте болған талқылау кезінде депутаттар Президенттің Ішкі істер министрін тағайындауы, террористердің ғана азаматтығын айыру секілді мәселелерді қайта қараған болатын.
Негізгі заңды өзгертуге қатысты талқылау бір ай бойы жүрді. Қазақстанның әр түкпірінде он мыңдаған кездесу өткізіліп, БАҚ беттерінде осы тақырыпқа байланысты мыңдаған мақала жарияланды. Тіпті бұл тақырып күн тәртібінен түспей, әлеуметтік желілерде қозғалған ең негізгі мәселеге айналды. Қорытындысында, жал¬пыхалықтық талқылаудың нәтижесі бойынша, республикамыздың әр тарапынан мемлекеттік өкілеттіктерді бөлуге қатысты алты мыңға жуық ұсыныс түсті. Ол ұсыныстың бәрі де әбден сұрыпталып, жіті сарапталып, Конституцияға өзгеріс енгізу мәселесі Парламентке жолданды. Еліміздің заң шығарушы органындағы сағаттарға созылған талқылаудан кейін, депутаттар екі оқылымда да елдің негізгі құжатына өзгертулер мен толықтырулар енгізуді мақұлдап, Елбасының қарауына жіберді. Конституциялық кеңес Елбасыға қол қоюға ұсынылған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды конституциялық құндылықтарға сәйкес деп тапты. Енді соңғы шешімді Президент қабылдайтын болады.
Ч. МИРШАКИРОВ,
Жамбыл облысы Әділет департаментінің жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу жұмысын ұйымдастыру бөлімінің бас маманы