Ағымдағы жылдың 15 сәуірінен бастап қазақстандықтардың мобильді ақша аударымдарының қандай жағдайда кәсіпкерлік қызметтен алынған кірістерге жатқызу керектігін белгілейтін Қаржы
министрлігінің бұйрығы күшіне енді. Яғни, салық органдары қатарынан 1 ай ішінде әртүрлі адамдардан айына 100-ден астам аударым алатын тұлғалар туралы ақпаратты сұрайды және тексереді.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Өмірзақ Қоспанов мәлімдеді. Алайда, деректерді беру 2023 жылдан басталады және тек мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайларына,квазимемлекеттік ұйымдардың қызметкерлеріне қатысты жүргізілмек.
«Ал 2024 жылдан бастап жеке кәсіпкерлер мен компания басшылары қосылады. Тек, 2025 жылдан — барлық санаттағы жеке тұлғалардың аударымдары бақылауда болмақ. Яғни, дәл қазір достарыңыз бен туыстарыңыздан аударым алсаңыз, сізге алаңдауға негіз жоқ. Банк құпиясының талаптарына сәйкес, сіздің аударымдарыңыз туралы деректер салық органдарына берілмейді. Сіз бұрынғыдай жеке мақсаттарыңыз үшін аударымдарды жүргізе аласыз және ала аласыз. Салық салу туралы толық ақпаратты 1414 телефоны арқылы білуге болады», — деді спикер.
Ол бұйрық жеке тұлғалардың, адал салық төлеушілердің жеке аударымдарын қозғамайтынын қадап айтты. Тек салық мониторингін жүргізу кезінде тиімділікті арттыруға, Қазақстан Республикасы
заңнамасының нормаларын сақтауға және салық төлеуден жалтарудың алдын алуға бағытталғанын атап өту керек.
Дереккөз: Өңірлік коммуникациялар қызметі