Қаржылық мониторинг агентігінің мәліметінше, ол 1,5 миллиард теңге ұрлаған болуы мүмкін. Бұл қаржы еліміздің әр аймағынан жиналып, қайырымдылық қоры арқылы мұқтаж жандарға бағытталуы тиіс еді.
Алайда, сол қайырымдылық ақшасына Перизат ханым Астананың қымбат автосалондарынан бірнеше элиталық көлік сатып алды:
- Mercedes-Benz S450 — құны 88 миллион теңге;
- Lexus LX-600 — құны 80 миллион теңге;
- Haval — құны 39 миллион теңге.
Қымбат көліктерден бөлек, Перизат «Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» секілді элиталық тұрғын үй кешендерінен пәтерлер, сондай-ақ «Vela Village» коттедж қалашығынан жылжымайтын мүлік сатып алды. Бұл мүліктердің жалпы құны 600 миллион теңгеге жеткен.
ҚМА таратқан ақпаратқа сәйкес, ол Дубай, Доха, Лондон, Стамбұл қалаларына жиі барып, «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace», «Kempinski» секілді бесжұлдызды қонақ үйлерде тоқтаған. Атақты «Cartier» мен «Louis Vuitton» брендтерінің әшекей бұйымдары мен аксессуарларын сатып алып, яхтада қыдырып, қымбат мейрамханаларда ас ішкен.
Өзінің айла-тәсілін жүзеге асыру үшін, ол жақын достары мен туыстарын қатыстырған. Олар қайырымдылық қоры қаражатын 8% сыйақы үшін қолма-қол ақшаға айналдырған.
Перизат Қайрат — «BizBirgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының басшысы. Көктемдегі ауқымды су тасқыны кезінде халықтың қайғысын өз жүрегінен өткізгендей болып, президентке бейнеүндеу жолдады. Онда мемлекеттік көмек жоқ екенін айтып, жанайқайын жеткізді. Алайда, бұл үндеуді көп ұзамай әлеуметтік желілерден өшіріп тастады.