ЖУРНАЛИСТ, ЖӨНІҢДІ БІЛ!

282
ҚАРАЛЫМ

Мұхаммед Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бір бәдәуи кісі: «Қиямет қашан болады?» деп сұрапты. «Аманатқа қиянат жасалса, қияметті күте бер», — дейді пайғамбарымыз. «Ал аманатқа қай кезде қиянат жасалады?» деп сұрағанда, «Әр іс өзінің иесіне тапсырылмаса, аманатқа қиянат жасалғаны» деген екен Алланың елшісі.

Хадистегі айтылған ойды бабаларымыз «Тауық сойса да, қасапшы сойсын!» деген бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген екен.

Әлқисса, жуырда бір дүмше журналист оразаны бір ай бойы ұстау жайлы Құранда айтылмаған деп, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Журналист атаулыға топырақ шашудан аулақпыз. Себебі, араларында өз саласының  әккі маманы, білмейтін саласына қол сұқпайтын ынсапты журналистер де бар. Сөзіміз діннің иісі мұрнына бармаса да, өзін діннің маманы етіп көрсеткісі келгендерге қаратылады.

Сонымен, Құранда бір ай ораза ұстау жазылмаған ба?

Рамазан айының оразасы толық бір айға созылады. Бұл туралы Алла Тағала Құран кәрімде былай дейді: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ол айда ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла (Тағала) сендерге жеңілдік қалайды, қиындық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар». (Бақара сүресі, 185-аят)

Бұл аяттағы «Сендерден кім рамазан айында болса, ол айда ораза ұстасын» деген сөз оразаның рамазан айына тиесілі екенін аңғартады. Ал Жаратушының «Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын», деген сөзі бір айдың ішіндегі ораза ұсталмаған күндерді толықтырсын дегенді нақты білдіреді.

Әрі «Алла (Тағала) сендерге жеңілдік қалайды, қиындық қаламайды» деуі оразаны бір ай ұстамай-ақ қоюға болады дегенге саймайды. Бұл жерде мұсылманның сапарда не ауырғанда оразадан босатылуы айтылып тұр. Дәл осы сөздің жалғасында «Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар», — деп жолаушы кездегі не науқастанған уақытта ұсталмаған күндердің қазасын өтеуді Алла өзі талап етіп тұр.

Ал Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисіне кезек берсек, Алланың ардақты елшісі: «Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, әрі Қадір түнін шын иман және сауап үмітімен өткізсе, оның бұрын істелген күнәлары кешіріледі», — деген. (Хадисті Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Нәсәи риуаят етті.)

Сондай-ақ, халқымыздың маңдайалды ағартушыларының біріне кезек беріп көрелік. Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсарин өзінің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты еңбегінде: «Екінші, руза турасында. Жоғарыда ағмал заһирдің екінші міндеті – руза деп едік. Әр жыл рамазан айында отыз күн руза тұту парыз», — деп жазған.

(Ы.Алтынсарин, «Мұсылманшылықтың тұтқасы», 33-бет, «Фатима-принт» баспаханасы, Ақтөбе, 2014 ж.)

Рамазан айының оразасын толық бір ай деп көрсеткен Алтынсарин Ыбырай тура жолдан ығысты ма екен? Әрине, жоқ. Себебі, бір ай толық ораза ұстау – бабалар жолы, Исламның бес парызының бірі екені нақты.

Сөзіміздің тоқетері, біздің ондай жолдан қосылған дінбұзарларға «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл …», демекші, журналист, жөніңді біл! – деп айтпасқа амалымыз жоқ.

ЖҰМАҒҰЛ Қанат Әділханұлы,

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі,

облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы

  • Маңызды
  • Пікірлер
  • Соңғы