Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Мергенбай Қойкенов жылдық қорытынды есеп берді. Жиынға аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ауылдық округтердегі жергілікті қоғамдастық мүшелері, мәслихат депутаттары және БАҚ өкілдері қатысты. Есеп беру жиынын аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков ашып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. Сөз кезегі аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі М.Қойкеновке беріліп, ол жылдық есептік баяндама жасады:
— Жуалы ауданында барлығы 14 ауылдық округ бар, оның ішінде 49 елдімекендегі халықтың саны 51 848 адамды құрайды. Ауылдық округтердегі 14 тірек пунктерінде 17 учаскелік полиция инспекторлары қызмет атқарады. Қылмыс деңгейі халық санына шаққанда 39,1 пайызды құрайды.
Аудан көлемінде жедел жағдайды жақсарту, қалыптастыру, қылмыстарды ашу және қылмыстың, құқық бұзушылықтың алдын алу, есірткіге байланысты қылмыстырмен күресу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау бағытындағы тиісті шаралардың іске асырылғанына байланысты бірқатар қылмыс деңгейі төмендетілді. Яғни, 227 қылмыстық сипаты бар оқиғалар тіркеліп, 2017 жылмен салыстырғанда 19,5 пайызға кеміген, ал ашылу көрсеткіші 57,4 пайызды құрап, 2017 жылғы көрсеткіштен 6,9 пайызға көтерілді.
Сондай-ақ, жедел іс-шаралардан бөлек апта сайын демалыс күндері «Құқықтық тәртіп», «Пәтер», «Фазенда» және т.б. 152 алдын алу іс-шаралары өткізілді.
Ауданда қылмысты азайту мақсатында үш жылға арналған «Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар оң нәтижесін беруде.
Жалпы аудан көлеміндегі жедел жағдай тұрақты. Жедел жағдайды жақсартуға және қылмыстардың алдын алуға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, халықтың құқығын қорғауға барлық күш-жігерімізді сала отырып, бізге қойылған міндеттерді аянбай атқарамыз, — деді ол өз баяндамасында.
Баяндамадан соң жиынға қатысушы халық сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Қойылған сұрақтарға аудандық полиция бөлімінің бастығы Мергенбай Қойкенов толығымен жауап беріп, кейбір мәселелерді жеке қабылдауында шешетінін жеткізді.
Тұрғындарға есеп беру кездесуін аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков оң баға беріп, қорытындылады.
Жамбыл облысы Полиция департаменті Баспасөз қызметі