Аймақтарда әкім ауысқанда халық «Нендей өзгерістер, елге қажетті қандай жаңалық болар екен?» деп тың дүние іздейтіні бар. Ал, рысқұловтықтар әкімнің жастығына қарап, сенімін еселей түскен-тін. Ерболат Салқынбекұлы Т.Рысқұлов ауданына қандай жаңа бастамамен іс қылғанын білмек ниетпен өзіне жолығып, көкейдегі осы сауалға жауап іздедік. Алдымен ұялы байланысына хабарласып, сұхбаттасуға ниетімізді жеткіздік. «Сұрақтарыңызды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззәт Шәкуәліқызына жіберіңіз. Ол бөлімдерден мәліметтер алып, дайындап қояды, бір оқып, танысып алған соң, сұхбат беруге дайын боламын ғой» деді жас әкім. Іштей «Мұнысы қалай, сұрақты әңгіме барысында қоймаймыз ба? Өзі басқарып отырған аудандағы бар тірлік таныс емес пе? Алдын ала біреуге дайындатып, оны бір оқып алып, жауап берсе, оның несі сұхбат…» деп ойласақ та айтқанына келістік. Арада 2 күн демалысты өткізіп, дүйсенбіде бос уақытын күтіп, сұхбаттастық.
– Өте орынды сұрақ көтеріп отырсыз. Әрине әрбір адам қызметке келген кезде өзінің саналы ғұмырында алған білімін, жинаған тәжірибесін пайдаланып, сол салаға жаңа көзқараста еңбек етуге тырысады. Нәтижелерге қол жеткізуге барын салады. Сол секілді мен де осы ауданға нәтижелі еңбек етуге нақты мақсатпен кірістім. Ауданда 15 ауылдық округ, 42 елді мекен бар. Осы елді мекендердің барлығын былтыр үш айдың ішінде үш қайтара аралап, ең басты халыққа қажетті мәселелерін анықтадық. Олар – жолдың, ауыз судың сапасы, газ кіргізу, мектеп, балабақша, мәдениет үйі, кітапхана, әкімшілік секілді әлеуметтік нысандардың жағдайлары. Республикалық бюджетті нақтылағанға дейін аудандағы мәселелерді пысықтап, солардың түйінін тарқатуға тырыстық. Аудандағы 42 елді мекеннің 26-сында орталықтандырылған су жүйесі бар. Олардың ішінде 17-сі жаңа, 9-ы ескі су жүйесі. Қалған елді мекендерге ауыз су жүргізуге жұмыс жасадық. Соның нәтижесінде 8 ауылдық округке жаңа су жүйесін жүргізуге қажетті қаржысын жыл соңына дейін алып, биыл жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әсіресе, республикалық деңгейде көтерілген Әбжапар ауылының су жүйесі оң шешімін тапты. 7 елді мекенге су жүйесі жүргізілумен қатар, аудан орталығы Құландағы үлкен су ғимаратына күрделі жөндей жасалып жатыр. Тағы болашағы жоқ ауылдар тізіміне кірген 7 елді мекенге де мембраналық су жүйесін кіргізуге керекті құжаттарын рәсімдеп, тиісті орынға өткіздік. Келесі жылға Ақыртөбе, Жаңатұрмыс, Р.Сәбденов ауылдарына ауыз су жүргізуге республикалық бюджеттен қаржы қарастыруды жоспарлап отырмыз. Қазақ, Сәлімбай ауылдарына да ауыз су жүргізуге осы тамызда қаржысы бөлінсе, су мәселесі шешілмек. Келесі өзекті мәселе – газ тарту. Әлгінде айтылған 42 елді мекеннің 24-де газ бар, 7-і болашағы жоқ ауыл болғандықтан, оларға газ апару тиімсіз. Қалған 11 ауылдың барлығына былтыр 1 жылда жобалық сметалық құжаттарын жасадық. Үлкен жолдың бойындағы Қарақыстақ, Жаңатұрмыс ауылдық округтеріне кіретін барлығы 5 елдімекенге әлі күнге дейін көгілдір отын жеткізілмеген. Ондағы үлкен проблема – 5 жыл бұрын бір кәсіпкер әр ауламен келісім шарт жасасып, газ кіргізуді жауапкершілігіне алған. Бірақ, іс орындалмаған. Соны қолға алып, аудандық прокуратураның көмегімен ол кісіні тауып, жобадан бас тартқызып берді. Егер олай жасалмағанда біз не бюджеттің қаржысын қарастыра алмай, не инвестор тарта алмас едік. Енді қаржы қарастырылса, кезеңімен іс жүзеге асады. Аудан тарапынан атқарылу керек жұмыстарын жасадық, ендігісі облыс деңгейінде шешіледі. Енді жол мәселесіне келсек, аудан көлемінде 100 шақырымның үстінде елді мекендерде жолдар бар. Олардың 88 пайызы қанағаттанарлық деп есептеледі. Былтыр аудандық бюджет есебінен 240 миллион теңгеге жол жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Онда баса көңіл бөлгеніміз – ауданның орталық жолдары мен ең үлкен ауыл Луговой ауылының 12 көшесі болды. Және әрбір елді мекеннен 1 көшені жөндеуге тырыстық. Биыл жұмыспен қамтудың «Жол картасы» аясында ауданға үлкен қаржы келді. Ол үшін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа үлкен рахмет айтамыз. Қазір ауданда 91 көшенің жолын жөндеп жатырмыз. Сонымен қатар, үлкен жолдың бойында орналасқан Көкдөнен, Жақсылық, Құлан, Абай, Қарақыстақ ауылдарындағы орталық жолдың жиегіне жаяу жүргінші жолын салып жатырмыз. Балалар, мұғалімдер орталықтағы мектепке барған-келгендерінде тротуардың жоқтығынан қарлы, жаңбырлы күндерде батпақтап жүре алмайтын. Асфальт жолдың шетімен жүргенде автокөліктерден қауіп төнетін. Енді әрбір ауыл тұрғындары үшін бұл үлкен қуаныш болады деп ойлаймын. Аптасына 2-3 рет барып, сапалылығын бақылап отырмын. Осы ауылдардың көшелеріндегі жарықтандыру мәселесін де 100 пайыз шештік, — деген Ерболат Салқынбекұлы бұрыннан бар жарық шамдарды жаңалағандарын да жеткізді.
Сапасыз құрылыс санаулы күнде сыр бермей ме?
Биыл бұл ауданда 8 мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарды атап айтқан аудан әкімі:
– «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей, білім беру саласы ел тағдырында өте мағызды. Білім – ұлттың, елдің ертеңі үшін айрықша рөлге ие. Ауданда 39 мектеп бар. Соның ішінде 8-нің ғимараты жағдайы нашар еді. Міне биыл соларды күрделі жөндеуден өткізіп жатырмыз. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен құрылыс нысандарының сапасын, уақытылы аяқталуын бақылайтын қоғамдық қадағалаушыларды бекіттік. Олар әрбір ауылдың белсенді, беделді азаматтарынан құрылды. Қоғамдық қадағалаушылар тапсырыс берушіден бөлек, жұмыс барысын бақылап, бізге есебін беріп отырады, -деді.
Күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан білім беру орындарының бірі Ақбұлақ орта мектебіндегі сапасыздықты бізге сондағы мұғалімдер айтып, арнайы барып, көзбен көрдік.
Дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Жандос Шахов пен Ердос Есқараевтың айтуынша, спорт залдың еденіне төселіп жатқан тақтай өте жұқа.
– Негізі спорт залдың еденіне қалыңдығы 7 сантиметрден аса тақтайлар қолданылады. Ал, мұнда 3 жарым сантиметрлік еден салынып жатыр. Біздің мектептің спорт залы аудан бойынша ең үлкені. Сондықтан, ауданда оқушылар үшін ұйымдастырылатын спорттық жарыстар осында өткізіледі. Мұнда көптеген балалар түрлі спорттық ойындардан жарысып, алысып-жұлысқанда жұқа еден көтере алам ма? Бұдан бұрын 2003 жылы едені ауыстырылған болатын. Бірақ, еден астынан ауа өтетіні жасалмағандықтан тақтайлары шіріп, біз өз қалтамыздан ақша шығарып, бірлесіп жинап, жамап келдік. Енді биыл күрделі жөндеу жасалатынын естіп, қуанып едік. Алайда, жұқа еденді көріп, қуанышымыз сейіліп қалды. Тағы да ауа өтетіні қарастырылып жатқан жоқ. Бұл мәселені аудан әкіміне кіріп те айтқанбыз. Бірақ, еш нәтиже жоқ, сол жұқа тақтайлар әлі де төселіп жатыр, -деді екі мұғалім бізге спорт залдағы ағаштарды көрсетіп.
Бұдан бөлек, бұл мектептке салынған жаңа есіктер де қабырғадан қақырап, ажырап тұр. Себебі, есік қабырғаға арнайы шегелермен бекітілмей, пенопластпен жабысытырылған. Көз алдыңызға елестетіп көріңіз, әр сыныпта 20-30 бала оқитын мектепте бір-бірін қуаласа жүгірген балалар есікті жұлқи ашып, лақтыра жауып кеткеніне шыдас бере ме?
Дене шынықтыру мұғалімдерінің шырылдайтынындай да бар. Спорт залға балалар жүгіріп, секіріп, доп теуіп, небір ауыр құрылғылармен жаттығу жасау үшін келеді. Әлгіндей жұқа тақтайдан жасалған еден оған төзе ме?
Біз бұл сұрақтарды аудан әкіміне қойғанымызда:
– Бұл жағдайдан хабардармын. Тіпті, оны өзім техникалық қадағалаушыға, қоғамдық бақылаушыларға айтып кеткенмін. Алайда, бекітілген сметалық-жобалық құжатта спорт залдың еденіне 36 мм тақтайларды салу көрсетілген, -дейді.
Ал, ұстаздар «Бұл еден бір жылдан кейін-ақ бүлінеді. Біз тағы да өз қаражатымызға еденді жамап жүрмейміз бе?» деп алаңдайды.
Ерболат Салқынбекұлы:
– Еденнің қалыңдығына қатысты мамандардан сұрастырғанымызда, тақтайдың астына қойылатын ағаштары 6 сантиметрлік жиілікте қойылғандықтан, ешқандай мәселе туындамайды деді. Ал, есікке келсек, менің есік-терезелерін сапалы құруға қатысты хаттамалық тапрсырмам бар, соған сәйкес жөндеп салынады деп ойлаймын. Құрылыстағы мұндай мәселелер сметалық жобаның сауатты-сауатсыз жасалынуына байланысты болады, -деді. Әкімнің бұл сенімі қаншалықты ақталарын келер күн көрсетеді. Бастысы – оң-солын танымайтын, алаңғасар, ойын балалары білім алып, тәрбиелентін орынның қауіпсіздігі.
Тозған каналдар бар суды бақшаға жеткізе алмай тұр
Бүгін біз сөз етіп отырған Т.Рысқұлов ауданының негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Ауданның жалпы 148,1 мың гектар егістік алқабы бар, оның 6087 гектары суармалы алқап ретінде тіркелген. Бұл аймақта өзен болмағандықтан, мұндағы диқандар егіндіктерін тау суымен суғарады. Бірақ, тозығы жеткен каналдар бар суды бақша жеткізе алмай тұр. Мәселен, Қарақат ауылының бақшаларына таудағы Сарыбұлақтың суын әкелу үшін салынған бетон каналдың сапасыздығы соншалық, өзінен өзі үгітіліп, тесіліп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, ол канал салынғалы одан ешбір су жүрмепті де. Ал, Абай ауылына тау суын жеткізетін латок тым ертеде салынғандықтан тозып, ауылдағы бау-бақшаға тіршілік нәрін жеткізе алмай отыр. Әкім бұл жағдайды жақсартуға не шара қолданғанын білу үшін өзінен сұрадық.
– Әрине, ауданымыздан бір де бір өзен ағып өтпейтіндіктен, мұнда су тапшы. Сондықтан, аудан тек қана табиғи жағдайға, яғни тау шатқалындағы еріген қар суы мен бұлақ көздеріне тікелей тәуелді. Аудан көлеміндегі 18 каналдың тозығы әбден жеткен. Яғни, тіркелген 6087 суармалы алқаптың 2092 гектарына ғана су беруге мүмкіндік бар. Бүгінгі күнге ең өзекті мәселенің бірі, бетонды каналдардың күрделі жөнделмеуі және жер арық каналдарының механикалық тазалау жұмыстарының жүргізілмеуі. Себебі, кейбір бетонды каналдар 1970 жылдарға дейін салынған (Ботпай, Ақназар, Қайыңды, Көгершін, Көкдөнен). Каналдардың тозығы жетуіне байланысты, таудан келетін суды суармалы егіс алқабына толық жеткізуге мүмкіндік жоқ. Соңғы рет 2010-2016 жылдары тау суы келетін каналдарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, латоктар ішінара ауыстырылған.
Барлық каналдардың ұзындығы 166,8 км, оның ішінде 67,3 км құрсаулы бетоннан (10 канал), 99,5 км жер арна каналдарынан тұрады (8 канал). 2020 жылы берілген су көлемі 13 млн. м3. Аудан аумағындағы 18 каналдың 16-сы «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының теңгеріміне берілген. Аудандық деңгейде жасалатын жұмыстарын орындап, тиісті құжаттарын өткіздік, қазір министрлікте қаралып жатыр. Республикалық 2022-2025 су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізуге ұсыныс берілді.
Қалған 2 канал бұрын облыстық теңгерімде болған. Биыл аудандық теңгерімге алып, жобасын жасап, жұмыспен қамтудың «Жол картасы» аясында қаржысын алдық. Олар Жақсылық және Өрнек ауылдарына баратын су каналдары. Қазір жөндеу жұмыстары жасалып жатыр, аяқталуға жақын, -деген Е.Садырқұловтың сөзіне қарағанда, бар суды егіндікке жеткізе алмай тозып тұрған каналдар 2-3 жылдан соң жөнделуі мүмкін. Яғни, мұндағы диқандар егіндігіне жеткізе алмай жүрген суды әлі бірнеше жыл күте тұрады деген сөз.
Әткеншектері қирап, жолдары бүлінген дендросаябақ
Осыдан 13-14 жыл бұрын Т.Рысқұлов ауданына дендросаябақ салынған болатын. Аудан тұрғындары бос уақыттарында отбасымен қыдырып, тынығу мақсатында жасалған бұл баққа ағаштың алуан түрі отырғызылды. Дәл ортасына Елордадағы бәйтеректің көшірмесі тұрғызылып, ішіне сәнді тастан жолдар төселген еді. Жолдардың жиектеріне орындықтар қойылып, орталығына тербелетін әткеншек орындық орнатылған болатын. Әр жеріне киіктің лағымен, биенің құлынымен тұрған тас мүсіндері де салынды. Балалар үшін үш жерге айналмалы әткеншектер орнатылған. Ал, қазір сол айналмалы әткеншектер қирап, кейбірі орынтағынан түсіп, бөлек жатыр. Айналдыруға іске қосатын ток жүйесінің жәшігі ақтарылып, алқам-салқам күйде. Сыртын қоршаған торы сетінеп, айналасында қоқыс шашылған. Егер ол жерге бала бара қалса, қауіпті-ақ. «Қорыған жерге бала өш» демей ме халық. Тоз-тозы шыққан айналмалы әткеншекке «барма» десе де ойын баласы ондағы ұшақ, ат орынтақтарға қызығып-ақ барып, үстіне отыратыны айдан анық. Себебі, балаларға арналғандықтан қызылды-жасылды түстері қызықтыра шақырып тұр.
Ал, бақтың ортасына орнатылған тербелетін әткеншек қазір жоқ. Жылқы, киіктің мүсіндері әр жерінен тесіліп, үңірейіп тұр. Қасындағы құлын, лақтарының өзі жоқ, тұяқтары жатыр шашылып. Оның қасына тұрып суретке түсу де, қызықтап балаларға көрсетуге де ұяласың, әбден сиқы қашқан.
Бақ ішіндегі жолдардың тас плиталары сынып, астындағы топырағы шығып жатыр. Ағаштардың ішіндегі желмен құлаған кейбіреулері алынбастан, сол күйі тұр. Бұл көрініске қарап, халықтың игілігі үшін қыруар қаржыға салынған бақтың күтімі жоғына көз жеткізуге болады.
Ал, аудан әкімі өткен жылы ғана Алматыдан ғылыми зерттеу институтынан арнайы маман шақыртып, бақтағы әр ағашты күтіп-баптаудың әдістерін сұрап, соған қарай тиісінше жұмыстар жасағандарын айтты. «Ішін тазалау, шөбін шабу тұрақты жүргізіліп отыр. Жарықтандыруын да толықтай орындадық. Бүгінгі таңда біздің бақылауымызда жағдайы өте жақсы» дейді әкім. Бірақ, біз барып көрген күйі күтімі бар баққа мүлдем ұқсамайды. Әкім сөз арасында «Бірақ, биылғы жылы, соңғы уақытта өзім жете алмадым ол жерге. Дегенмен, күрделі мәселе жоқ» деді. Шалғай ауыл емес, аудан орталығы Құланда орналасқан саябаққа әкімнің жете алмағаны қызық. Ойын баласына қауіп төндіретін әткеншектердің қирандысы көңіл бөлетін мәселе емес екен әкім үшін. Себебі, әткеншектерді қайталап сұрағанымызда:
– Ол аты айтып тұрғандай, дендробақ, яғни балалардың ойын алаңы емес. Дендробақтың бағытына сәйкес келмейді. Ол әткеншектер бұрыннан істемей тұрған, -деді.
Әңгімемізге араласқан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззәт Өтеулиева «Ол әткеншектердің жұмыс істеуін СЭС тоқтатқан» деп қалды. Ендеше, жұмыс істеуіне рұқсат етілмеген, бұрыннан жұмыс істемей тұрған әткеншектерді бақтың сәнін кетіріп, қираған күйінде қоймай-ақ неге алып тастамасқа?
Шұрық-тесігі шығып, қасындағы лақ, құлынының тұяғы ғана қалған киік, жылқының мүсініне қатысты сауалымызға әкім «Ол проблема емес, оны айтып тым төмендемей-ақ қоялық» деді. Алайда, әкім мырза көңіл бөлгісі келмей отырған қираған әткеншектер мен бұзылған тас мүсіндерге де аз ақша жұмсалмағаны анық қой. Қаржы жұмсалып, қалың бұқараның игілігіне салынған істі күтіп ұстау неліктен көңіл бөлуге тұрарлық мәселе емес? Тіпті, тәп-тәуір бақтың көркіне сын келтіріп тұрған қирандыларды алып тастауға не кедергі? Өкінішке орай, бұл сауалдарымызға нақты жауап ала алмадық.
«Құлан таңынан» 4 адам жұмыстан қысқарды
Жарыққа шыққанына биыл 80 жыл толатын аудандық «Құлан таңы» газетінен биыл 4 адам жұмыстан қысқартылды. Бұл қазіргідей бүкіл әлем елдерін алаңдатқан дертті дендетпеу үшін карантин жарияланып, елдің экономикасы ойландырып тұрған шақта қиын жағдай. Билік төтенше жағдайда ел жұмысынан айырылып қалмаса екен деп отырғанда, ауданның жалғыз ақпарат көзіндегі санаулы жұмысшыларын 4 адамға қысқартқаны жұмыссыздардың қатарын еселемей ме?
Бұл жағдайды Ерболат Садырқұлов:
– Үстіміздегі жылдың сәуір айында Т.Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газетін дайындап жарыққа шығару жұмыстарына байланысты өткізілген ашық конкурста жеке кәсіпкер «ДДА» ЖШС-гі жеңімпаз болып анықталды. Мекеменің 51 пайызы мемлекеттік, 49 пайызы жекеменшік болып рәсімделген. Газетті шығару құқығын иеленген «ДДА» ЖШС-мен редакция қызметкерлерін жұмысқа алу ұсынылып, келісім-шарт жасалды. Бірақ «ДДА» ЖШС-і ашық конкурста мемлекеттік тапсырысты әдеуір төмен бағаға ұтып алуына байланысты редакция қызметкерлерінің барлығын жалақымен қамтамасыз ете алмайтындығын, қосымша жұмсалатын шығындарын есептеп, тараптар алдында мәлімдеген. Орын алған жағдайға байланысты редакция қызметкерлерінің арасында оңтайландыру жұмыстарын жүргізу үшін газет құрылтайшыларының жалпы жиналысы өткізіліп, ұсыныс берілді. Ұсынысқа байланысты біраз қосарланған штаттар оңтайландырылып, төрт қызметкерге заңға сәйкес бір ай бұрын ескерту беріліп, тиісінше еңбек заңнамаларына байланысты жұмыстан босатылуына орай бір айлық жалақысы мөлшерінде қаржылай көмек төленіп берілді.
Бүгінгі күні бұл қызметкерлердің біреуі аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөліміне жетекші маман болып жұмысқа орналасты. Қалған 3 жұмыссыз азаматқа педагогикалық қызмет атқару және басқа да бос орындарға бару туралы ұсыныс білдіріліп, тамыз айында жұмысқа орналасуы қадағалануда. Онымен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззәт Шәкуәліқызы айналысып отыр, -деп түсіндірді.
Тамыз айы да аяқталуға жақын. Бастысы – ел экономикасына тікелей әсер ететін жұмыссыздық артпасын дейік.
Қамар Қарасаева