Қазақ елінің ғасырдан — ғасырға ұласып келе жатқан мемлекеттік билікте, қоғам арасында билер кеңесінің алар орны ерекше болғаны белгілі. Шынайы халықтық үлгіде құрылып, ежелден елдік әдет-ғұрыпқа негізделген дәстүрлі құқық нормаларын берік ұстанған бұл сот жүйесі ұлттық санамыздағы ұзақ жылғы даму эволюциясында тек әділдік пен ақиқаттың айқын көрінісі ретінде мызғымай келді.
Осы ұлттық құндылығымызды жаңғырту мақсатында 2018 жылғы 22 қарашада Жамбыл облыстық сотының ұйымдастыруымен Республика көлемінде алғашқылар қатарында облыстық және аудандық Ардагерлер ұйымы жанынан Тараз қаласында облыстық, қалалық және 10 аудан орталығында аудандық Билер кеңесі құрылды.
Билер кеңесінің құзыреті Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңы мен қазақ халқының дәстүрлі құқық аясында кеңес ережесімен жүзеге асырылады.
Кеңес ережесінің жобасы облыстық соттың тікелей атсалысуымен дайындалды. Билер кеңестері ардагерлер ұйымымен кабинет пен қажетті құрал жабдықпен қамтылса, жергілікті соттар тиісті заң нормаларымен, құжат үлгілерімен қамтамасыз етті.
Ережеге сәйкес облыстық билер кеңесінің құрамы жеті адамнан, ал қалалық және аудандық билер кеңесінің құрамы бес адамнан құрылды, оның ішінде біреуі Төбе би.
Билер кеңесінің құрамына бұрын сотты болмаған, ел ішінде беделді, абыройлы, сөзге шешен, сөз бен жанжалды ажырата алатын, ақыл-парасат, біліктілігімен қабырғалы қалың елге өнегелі ісімен қызмет ететін, бұрын ел қызметінде болған, қазір зейнеткерлік жастағы өмірлік тәжірибесі мол ардагер — ақсақалдар мен ардақты аналарымыз, доғарыстағы судьялар мен облыстық, аудандық дін өкілдері (имам), және өзге де қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді. Сондай ақ, айта кету керек, облыстық билер кеңесінің құрамына өмірлік тәжірибесі мол, ұзақ жылдар бойы облыстық сотта қызмет атқарған доғарыстағы судьялар Казкенов Д.Ә., Нарматов А.А. және Қайманова У.Қ. енді.
Жақын арада облысымыздың әрбір ауыл округтарында құрамы үш адамнан тұратын билер кеңесін құру жоспарлануда.
Сонымен қатар, облысымызда сайланған 60-тан астам билер кеңесінің мүшелеріне 2018 жылғы 19 желтоқсанда Жамбыл облыстық соттың ғимаратында медиация заңымен қоса татуластыру рәсімдерінің негіздері бойынша дәріс өткізіліп, қоғамдық медиатор сертификатары табысталды. Бұл билердің дауласқан тараптарды сотқа дейін де және сотта да бітімдестіруге кеңінен жол ашып, бүгінгі күнде соттар мен билер кеңесінің тығыз қарым қатынасы өз нәтижесін беруде. Мысалы: облысымызда билер кеңестері ашылғаннан бері 19 азаматтық, 27 әкімшілік және 1 қылмыстық істер бойынша дауласқандар тараптарды бітімге жеткізді және насихат жүргізу арқылы көптеген дауласқандарды сотқа дейін татуластыруда.
Билер кеңесінің мақсаты — медиация институтын дамыту, билер соты институтын қайта жаңғырту және азаматтық, қоғамдық бірліктің, қоғамдағы бүкілхалықтық бірліктің қағидаты негізінде қазақстандық бірегейлікті жетілдіру. Қоғамымызда жасалатын аса ауыр емес қылмыстарды, отбасылық – тұрмыстық, еңбек дауларын сотқа жеткізбей медиация тәртібімен тараптарды бітімгершілікке және бірлікке қол жеткізу.
Билер кеңесінің тиімділігі — халық арасында ұсақ-түйек кикілжіңдер мен өзара дауларды шешудің ең әсерлі амалы. Билер кеңесінің мүшелері облыс, аудан көлемінде танымал, беделді азаматтар болған соң, олар азаматтар арасындағы дау — дамайларды шешіп, істі сотқа дейін жеткізбей, медиациялық тәртіпте әрекет етіп, тараптарды ортақ шешімге келтіре алатынында.
Сондықтан, қазақ елінің тұрмыс-салты мен әлеуметтік-саяси дамуына ұзақ жылдар қызмет еткен билердің рөлі мен билер кеңесінің мәртебесін қайта жаңғырту ісінде қоғам арасында қолдау табатынымызға үлкен сенім артамыз.
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Рустембеков Ж.Қ.