БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының жарияланымымен 9 желтоқсанда барлық әлемде Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күні аталып өтіледі.
Осыған орай, ағ.ж. 8 желтоқсанда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің қызметкерлері облыс әкімдігінің білім басқармасының қызметкерлерімен бірлесе барлық оқу орындарында (жоғарғы оқу орындарында, 50 колледжде, 350 орта мектептерінде) сыбайлас жемқорлықтың алдын алуы бойынша тәрбие сағаттары өткізіліп, оған 50 мыңнан астам білім алушылар қатысты. Сондай-ақ, Тараз қаласының халық көп шоғырланған қоғамдық орындарында 10 мыңнан астам сыбайлас жемқорлыққа қарсы жадынамалар таратылды.
Әрі қарай, «Баласағұн» ОКЗ-да «Сыбайлас жемқорлықсыз ел — өркендеуші ел» атты форумы өткізілді. Форум жұмысына облыс әкімінің орынбасары Е.Н.Манжуов, облыс прокурорының орынбасары А.С.Майлыбаев ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша Департаментінің басшысы М.Ы.Нәлібаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық Бюросының Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы М.С.Қарымсақов, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының 1-ші орынбасары М.Ж.Шүкеев, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың қызметкерлері, үкіметтік емес және кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кіріспе сөзінде облыс әкімінің орынбасары Е.Н.Манжуов ел Президентімен жемқорлық деңгейін төмендетуге бағытталған реформалардың маңыздылығы жөнінде айтып өтті.
М.Ы.Нәлібаев өз сөзінде аумақтағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысы жөнінде сөз сөйлеп, ведомство жұмысы, ең бастысы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталғандығын атап өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық Бюросының Жамбыл облыстық департаментінің басқарма басшысы Ғ.Тубаев өңірімізде лауазымды тұлғалардың қылмыстық істері туралы мысалдарды келтіре отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің жұмыс қорытындылары туралы айтып өтті.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда және күресуде жастардың және азаматтық қоғамның ролі туралы «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облысының филиалының директоры Қ.Төлендиев сөз сөйледі.
Аталған бағыттағы жұмыстар қоғамның тұрақтылығына кері әсерін тигізетін сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған.