Алдымен Мемлекет басшысының мақалада жазған мына бір сүйекті сөзін жаза кеткенді құп көріп отырмыз, құрметті оқырман. Біздің пікірімізше, бұл әрбір қазақстандықтарға ой салған болуы керек. Ол қандай сөз дейсіз ғой. Жазайық. Мұқият зер салыңыз. «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек». Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының ұлттық сана туралы жазғаны. Ал, мақалада одан өзге қаншама ордалы ойлар айтылады. Соның бірі – білім мәселесі. Білім беру туралы мақалада өз ойын :
– Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт XXI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болу керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды XXI ғасыр талаптарына даярлаудың қамы,-деп түйіндейді Ұлт көшбасшысы. Расымен де, бүгінгі ұрпаққа ең керегі – білім. Жаңа ғасыр бізден осыны талап етіп отыр. Ендеше, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұлт саналы болса бақытты, ал санасыз болса – сор» деген ұлағатты сөзін ескере отырып, сыналған сәтте сыр беріп қалмағанымыз абзал.
Одан кейін, Елбасының «Туған жер», «Жаңа гума
нитарлық білім», «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Қазақ қарпін латынға ауыстыру» жөніндегі ойлары да елдің көкейінен шыққан бастама деп білеміз. Енді осы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырудағы» Елбасы жазған қорытынды сөзге ден қойып көрейікші. «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспеттес. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озады. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процес. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді».
Мемлекет басшысы толғаулы тақырыпты тамыршыдай тап басты. Қалған дүниенің барлығы өз қолымызда. Ең бастысы, ұлт зиялысы Әлихан Бөкейханұлының «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар» деген ғибратты сөзін естен шығармасақ болғаны.
Ресми мәліметке сүйенсек, өткен жылы республика бойынша рухани жаңғыру аясында өткен іс-шараларға 14 млрд.теңге қаржы бөлінген екен. Президент мақаласындағы ілкімді жобалар биыл да жалғасын табатын болады. Ал, Т.Рысқұлов аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Дидар Сауқымбек берген мәліметке сүйенсек, 1 жыл ішінде мақала шеңберінде аудан аумағында өткен іс-шаралардың жалпы жиынтық саны – 240-қа жетіп, оған 20 182 адам тартылған.