Мемлекет басшысы 2018 жылдың 5 қазанындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жер қатынастарына баса назар аударғаны белгілі. Жалпы азаматтар мен кәсіпкерлердің осы саладағы ақпараттарға толық қолжетімділігінің болмауы туралы мәселе жиі айтылып жүр.
Осыған орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі азаматтардың құқықтық мәдениетін жақсарту мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде жер мәселелері бойынша тегін семинарлар өткізуді бастап кетті.
Агенттіктің республикалық арнайы мониторингтік топ мүшесі, көрнекті қоғам қайраткері, жер қатынастары саласындағы жетекші сарапшылардың бірі, құқықтық және сот жүйесінде мол тәжірибесі бар кәсіби заңгер Бақытжан Базарбек кез-келген сұрақтар бойынша өз тарапынан құқықтық қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Семинарға қатысушылар жеке тұрғын үй салуға берілетін жер учаскелерін беру және нысаналы мақсатын өзгерту, жерге орналастыру ісі, жер учаскелерін саралау, жер учаскелерін игермеу және мақсатты игермеу кезінде кері қайтару, сонымен қатар мемлекеттік қажеттілікке байланысты қайтарып алу, өз бетінше құрылыс жүргізу, тиімсіз жер учаскелері, шекара салу, су шекара аймағы және алқап, су қорғау аймақтары мен жолақтары, қызыл сызықтар, санитарлық қорғау аймақтары, жерді заңсыз иемдену, рейдерлік басып алу сияқты сұрақтар төңірегінде айтып берді.
Аталмыш шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мақсұт Нәлібаев, қалалық прокуратураның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының облыстық департаментінің басшылары, Жамбыл облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, жергілікті атқарушы органдарының басшылары белсенді қатысып, тұрғындар тарапынан қойылған барлық сұрақтарға жауап берді.
Семинар ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің қолдауымен ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академисының өңірлік филиалы базасында өтті.