Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті «Жамбыл – адалдық» жобалық кеңсесінің қызметкерлерімен бірлесіп облыс кәсіпкерлерінің өзге қалалардағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне қатысуына мониторинг жүргізді.
Мониторингпен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне кететін шығындардың көп екендігі белгілі болды. Мысалы, 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі болатын орындарын безендіру мен жарақтандыру жұмыстарына бюджеттен 685 500 теңге жұмсалған. Ал, жәрмеңкені ұйымдастыруға барған ауыл шаруашылығы басқармасы, Тараз қаласы және Байзақ, Жуалы, Мойынқұм, Меркі ауданы әкімдіктерінің 34 қызметкерінің іссапар шығындары 3 400 000 теңгені құрады.
Сонымен қатар, мониторингпен жәрмеңкеге қатысқан 15 кәсіпкерлерге телефон байланысы арқылы сауалдар қойылған болатын. Кәсіпкерлердің жауаптарына сәйкес олар өз өнімдерін әкімдік тарапынан белгілеген бағалармен, ал кейбір жағдайларда өздеріне тиімсіз бағалармен сатқандығы, сондай-ақ, олардың іссапар шығындарын өздері көтергендігін жеткізген.
Атап айтқанда, жеке кәсіпкер «Т» ағымдағы жылы 13-14 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында өткен жәрмеңкеге 300 кг бал өнімдерін жеткізіп, оның тек 20-25 кг балын 1200-1300 теңгеден сатқан.
Жеке кәсіпкер «В» жәрмеңкеге 1000 кг шұжық өнімдерін жеткізгенімен, көтерме бағамен тек 200 кг ғана сатқан, ал қалған өнімдерін өткізе алмай шығындалған.
Демек, жәрмеңкені өткізу үшін жіберілетін қызметкерлердің іссапар шығындары мемлекеттік бюджетке қажетсіз жүктеме болып табылатындығы және кәсіпкерлерге жәрмеңкеге қатысқанынан пайда түспейтіндігі белгілі болды. Орын алған мәселелер бойынша Агенттікке тиісті ұсыныс жолданды.
P.S.: Суреттер ғаламтор желісінен алынған.