«Нұр Отан» партиясының бастамасымен «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауы өткізілетін болады. Бұл туралы партия қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Арын Асқарбеков журналистермен болған брифингте мәлім етті. Байқаудың ұйымдастырушылары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы, облыстардың, алматы және Астана қалаларының әкімдіктері, аудандар мен қалалардың әкімдіктері атынан Басқармалар мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері, ішкі саясат басқармалары, бизнес қауымдастықтары екен.
Бұл шарада бастамашыл әлеуметтік жобалардың авторлары , қоғамдық бірлестіктер және басқа да коммерциялық емес ұйымдар өз бақтарын сынай алады. Негізінен аталған байқау өмірлік қиын жағдайға тап болған тұлғаларға көрсетілетін қызметтерді қоса алғанда, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бастамашыл әлеуметтік жобаларды қолдау мақсатында өткізіледі. Ал оның негізгі міндеттеріне елімізде іске асырылатын үздік бастамашыл әлеуметтік жобаларды анықтау, ұсынылған әлеуметтік жобаларда қолданылған үздік тәжірибелерді кеңінен тарату және өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекеттің, азаматтық қоғамның, бизнестің және азаматтардың өздерінің күшін біріктіру сынды мәселелер жатады. Бүгінде жеңімпаздарды іріктеу мақсатында орталық, өңірлік және аумақтық байқау комиссиялары құрылған. Жалпы бұл байқау 3 кезеңнен тұрады.
– Өңірлік кезеңнің жеңімпаздарын іріктеу тиісті комиссиямен ағымдағы жылғы 1-15 шілде аралығында өткізіледі. Ал аумақтық кезеңнің жеңімпаздарын іріктеу тиісті комиссиямен ағымдағы жылғы 16-30 шілде аралығында ұйымдастырылатын болады. Іріктеудің өңірлік кезеңінің қорытындысы бойынша 3 жүлделі орын анықталады. Бірінші орын иеленген жеңімпаз комиссия шешімімен байқаудың аумақтық кезеңіне жолданады. Өз кезегінде байқаудың аумақтық кезеңінде жүлделі орындарға ие болған жеңімпаздар ақшалай сертификаттармен марапатталады. Айта кетерлігі, интернет дауыс беру партия мен Министрліктің интернет ресурсында 20 тамыз – 20 қыркүйек аралығында жүргізілмек, – дейді Арын Ілиясұлы.