BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 354.12 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.73 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.37
Астана:

Жамбыл облысында туризмді дамытуға 250 млн теңге бөлінді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қыркүйек айының басында Парламенттің кезекті сессиясының ашылуында елдегі туризмді қолға алу қажеттілігін баса айтып, саланы дамытудың 2023 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеу бойынша үкіметке тапсырма берген болатын, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Елбасы аталған бағдарлама қаржылай және қажетті заңнамамен негізделуі тиіс екенін ескертіп, елдегі туристік нысандардың әлеуеті жоғары екенін де еске салды. Ендеше, Жамбыл облыстық туризм басқармасы ұсынған мәліметке сәйкес, өңірде аталған бағыт бойынша елеулі жұмыстар атқаралып жатыр.

Ақпарат орталығы – туристерге көмекші

Басқарма аймақтың туризмін дамыту перспективаларын анықтай отырып, тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау, туризм саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту, бәсекеге қабілетті туристік бағдарламаларды қалыптастыру және жүзеге асыру, туризм саласына инновациялық технологияларды ендіру мен инвестиция тарту, «Ұлы Жібек жолындағы» туризмді дамыту мен алға бастыру мәселелерімен айналысады. Осы құрылыммен қатар, облыстағы «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығы өз жұмысын жүргізуде. Туристік ақпараттық орталық Жамбыл облысының көрікті жерлері мен туристік мүмкіндіктері жайлы, аймақтың тарихи құндылықтары, атқарылып жатқан іс-шаралар мен экскурсиялық маршруттар, көліктер, ойын-сауық орындары және басқа да көптеген орындар жайлы жан-жақты ақпарат береді.

2018 жылдың басынан бастап аймақтағы туризмді дамыту мақсатында облыстың оңтайлы имиджін қалыптастыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізілді.

Туризм саласындағы ресурстарды жүйелеу мен бар резервтерді бірлестіру үшін Жамбыл облысындағы туризмді дамыту үрдістері мен негізгі бағыттары айқындалған «Ішкі және кіру туризмін дамыту аймақтық картасы» әзірленді. Бүгінгі таңда осы аймақтық картаға сәйкес туризм саласындағы жұмыстың негізгі 4 векторы көзделіп отыр. Олар: туристік бизнес субъектілерін мемлекеттік қолдау, туристік және көлік инфрақұрылымын құру мен дамыту, инвестициялық жобаларды алға жылжыту және жарнамалық-имидждік саясатты жүзеге асыру.

Дамыту картасына сәйкес ағымдағы жай-күйді, мәселелерді айқындау мен олардың шешу жолдарын анықтау үшін облыстағы нысандарды аралай отырып, туристік бизнес объектілері мен субъектілеріне кешенді түгендеу жұмыстары жүргізілді.

Нысандар анықталып, жобалар іске асырылуда

Туристік бизнестің негізгі объектілері мен субъектілері анықталды. Атап айтқанда, 163 қонақ үй, 282 тамақтану орындары, 6 санаторий, 5 демалыс орындары, 10 балалар сауықтыру лагерлері, 44 туристік фирма, 56 қолөнершілер мен 25 көлік субъектісі бар. Осылайша, туристік бизнес қатысушыларының тізілімі 591 субъектіні құрап отыр.

Дамыту картасына сәйкес жүзеге асырылуына 7,4 млрд теңге көлемінде қаражатты қажет ететін 30 инвестициялық жобаның базасы құрылды. Бүгінге жобалық құны 4,2 млрд. теңгені құрайтын 27 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 7 қонақ үй, 2 демалыс орны, 18 дәмхана мен мейрамхана кіріп отыр.

Туризм саласына қатысы бар облыстық кәсіпкерлер арасында «Береке-3» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиені алу талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, туризм саласында қызмет көрсететін 25 кәсіпкер жалпы сомасы 200 млн теңгені құрайтын жеңілдетілген пайыздық мөлшермен берілетін несие алуға ниет білдірді. Олардың тізімі жасақталып, Кәсіпкерлік басқармасы мен «Даму» қорына жолданды.

2018 жылдың басынан жалпы сомасы 5,4 млрд. теңгені құрайтын бірқатар нысандар құрлысының басталуы жоспарлануда. Оның ішіне 5 қонақ үй, 5 мейрамхана, 2 киіз үй қалашығы мен келешегі зор тау-шаңғы базасы кіреді. Арнайы туристік аймақтар құру бойынша инвесторлар, меценаттар, қаржы институттары арқылы тартылған қаражат есебінен 5 туристік аймақ құрылуда. Олар: «Қаралма» тау-шаңғы базасы, Шахристан аумағындағы облыстың негізгі туристік нысандарын көрсетуге арналған «Show-room» бар «Көне Тараз шеберлері» қолөнершілер қалашығы, «Төрткөл» керуен сарайындағы «Қазақ аулы» тарихи-мәдени орталығы, «Айша Бибі» және «Қарахан» кесенелері мен «Әулие Бастау» сауықтыру орны кіретін тарихи-археологиялық кешені», «Ақыртас» сарай кешені.

Сондай-ақ, «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асатын, ежелгі салт-дәстүрлерді жаңғырту мен облыстағы кәдесый өнімдерін өндіруді дамытуды көздейтін, Тараз қаласының орталық бөлігінде орналасқан «Шахристан» бұрынғы базарының орнында жобалық құны 1,5 млрд теңгені құрайтывн «Көне Тараз шеберлері» қолөнершілер қалашығының құрылысы басталуда. Бүгінгі таңда жобаның эскизі әзірленіп, аумақты құрылысқа дайындау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаны іске асыру қолөнершілер жұмысын ынталандырып, кәдесый өнімдерін өндіру саласы бойынша кәсіпкерліктің дамуына үлкен серпіліс бере отырып, аймағымызға туристерді көптеп тартатын болады.

Туристер саны 45 мыңға артады

Облыстың 33 туристік нысаны кірген 12 туристік маршрут әзірленді және аталған нысандарда мемлекеттік стандартқа сай келетін қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі көрсеткіштер мен ақпараттық стендтер орнатылды.

Ағымдағы жылы трансшекаралық туристік маршруттарды дамыту бойынша Қырғызстан мемлекетінің Талас және Ыстықкөл облыстарын Жамбыл облысымен байланыстыратын «Ұлы Жібек жолындағы туризм» трансшекаралық туристік маршруты құрылды. Бірыңғай маршрут аймаққа қосымша туристерді тартуға мүмкіндік береді.

«Ішкі және кіру туризмін дамыту» жобасы аясында Талас Алатауының 3 200 метр биіктігінде орналасқан, жобалық құны 3 млрд 355 млн теңгені құрайтын «Қаралма» тау-шаңғы базасы» туристік аймақ құру жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда құрылысқа 274 га жер телімі бөлініп, электр қуатымен жабдықтау, газдандыру мен су құбырын жүргізу бойынша инженерлік коммуникациялары өтетін жерлері анықталып, 7 шақырым автожол құрылысы аяқталды. Аталған туристік аймақта туристерге барлық спорттық-сауықтыру және мәдени-ойын-сауық қызметтері көрсетілмек. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда ішкі және кіру туризмі бойынша туристік ағым орта есеппен 45 000 туристке көбейеді деп күтілуде.

Айта кету керек, жол бойғы сервис кешендерін дамыту бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізі бойында халықаралық стандарттарға сай, транзиттік автокөлік жолаушыларына сервистік қызмет көрсететін 2 кешеннің құрылысы жүргізілуде.

Статистика өсті

Туризм саласын дамыту бойынша атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесінде облыста туристер легінің өсу динамикасы байқалуда.

2018 жылғы қаңтар-маусым қорытындылары бойынша облыста келушілерді орналастырумен шұғылданатын орналастыру орындарының саны 163 бірлікті құрады. Ондағы орналастыру орындарының саны 1 861 бөлме болса, бұл ретте біржолғы сыйымдылық 3496 жатын орынды құрайды. Олармен 55 233 адамға қызмет ұсынылды. Нәтижесінде, қызмет көрсетілген келушілердің саны өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда есепті кезеңде 8,2% артты.

Есепті кезеңде орналастыру орындарында 760,8 миллион теңге сомасына қызмет көрсетілді де, көрсетілген қызмет көлемі өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 22,6% артты.

2018 жылғы қаңтар-маусым қорытындылары бойынша резидент емес келушілердiң саны 52,9% жоғары болып отыр. 2017 жылғы қаңтар-маусымда келушілер саны 1 188 құраса, 2018 жылғы қаңтар-маусымда 1817 адамға жетті. Резиденттер бойынша көрсеткіш 7,2% артып отыр. Егер, 2017 жылғы қаңтар-маусым айлары аралығында 49 841 адам болса, 2018 жылғы сәйкес кезеңде бұл көрсеткіш 53 416 адам болып отыр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер