Бүгін Тараз қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Нұр Отан» партиясының «Қазақстанның кітапханалары – заманауи білім орталығы» жобасы аясында «Бродкастинг залы» ашылды.
Шоқан Уалиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана енді электронды кітапхана болуға жақын. Өйткені, жаңа зал кітапханаға жаңа мүмкіндіктер береді. Сыйымдылығы 30 адамға шақталған орталықта 9 компьютерлік моноблог бар. Білім іздеген жастар тегін вай-фай желі арқылы түрлі әдебиеттердің электронды нұсқасын парақтай алады. Әрі кітапқұмарлар еркін пікір алмасатын арнайы аудиториясы да бар. Бұл алаң жиналатын жастарға жайлы болуы үшін жұмсақ жиһаздармен жабдықталған.
Сондай-ақ, осы орталық арқылы офлайн-онлайн форматында еліміздің түкпір-түкпірдегі мамандар түрлі шаралар өткізе алады. Кітапханада 242 мыңнан аса кітап қоры бар десек, бүгінде оның 5 жарым мыңы цифрландырылған. Ал, еліміздің Ұлттық Электронды кітапханасына осы орталықтан 145 аса құнды кітаптардың электронды нұсқасы жіберілген. Игі іс партияның «Қазақстан кітапханалары» жобасы аясында цифрлық сауаттылықты арттыруға арналған.
-Осы жобаның аясында біздің облысымызда тағы да қосымша 3 коворкинг зал ашылады. Ол қосымша кітапханалардағы цифрландыру жұмыстары ары қарай аудандық, ауылдық кітапханаларда да жалғасын табатын болады,-деді «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев.
Орталықтың ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы мен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қызметкерлері, орталықта оқуға келген мұғалімдер, «Жас Отан» ЖҚ белсенділері және де БАҚ өкілдері қатысты.