Облыс орталығының көше-жол желісінде жол қозғалысы ережелерін өрескел қасақана бұзу деректерінің жолын кесу және жолда жүргізушілердің тәртібінің тұрақты дағдыларын қалыптастыру, апаттылық деңгейін төмендету бойынша алдын алу жұмыстарын күшейту мақсатында 16 сәуір күні сағат 15:00-ден 18:00-ге дейін «Маячок» жедел-алдын алу іс-шарасы өтті. Оған Тараз қаласының Полиция басқармасы Жол-патрульдік полиция батальонының командалық құрамының қызметкерлері, жедел медициналық жәрдем және өртке қарсы қызмет қызметкерлері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Жүргізушілер көк түсті жарқылдауық маягі мен арнайы дыбыс сигналы қосылған жедел және арнайы қызметтердің көлік құралының жүруіне басымдық беруге міндетті. Адамның өмірі жедел жәрдем бригадасының немесе өрт сөндіру қызметі автомобилінің шақыру орнына қаншалықты жылдам келуіне байланысты екені белгілі.
Тараз қаласының жолдарында «Маячок» жедел-алдын алу іс-шараларын жүргізу кезінде 15 жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 598-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды (арнайы жарық және дыбыс сигналдары қосылған жедел және арнайы қызметтердің көлік құралының жүруіне басымдық бермеу).