Төле би ауылының тұрғындарына газды кіргізуге жеңілдіктер қарастырылған
Шу ауданының орталығы Төле би ауылының «Нұр Отан» партиясы ғимаратының мәжіліс залында Төле би ауылдық округінің Ербол Затыханұлы Даберов 2017 жылдың қорытындысы бойынша халық алдында есеп берді. Есепте аудан әкімі Қайрат Досаев пен мәслихат хатшысы Ержан Өмірәлиев, мүдделі мекемелердің басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
— «2017 жылы Төле би ауылының Е.Бекмаханов атындағы мектеп
гимназиясына 206 млн. 542 мың теңге және С.Шакиров атындағы орта мектебіне 131 млн. 040 мың теңге қаражат күрделі жөндеу жұмыстарына бөлінген болатын. Нәтижесінде С.Шакиров атындағы орта мектебіне бөлінген қаражат толығымен игеріліп, жөндеу жұмыстары уақытысында аяқталды. Ал Е.Бекмаханов атындағы мектеп гимназиясына бөлінген қаражат мердігерлер тарапынан келіспеушілік салдарынан игерілмей 2018 жылға қалдырылды. Тұрғындардың өтініштері бойынша 2017 жылы Төле би ауылына газ кіргізу бағасын арзандату мақсатында, «Париев» ЖШС ұзындығы 8,7 шақырым газ құбырын мемлекеттік теңгеріміне сатып алуға облыстық бюджеттен 251 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі таңда әр үйге газ кіргізу бағасы 475 мың теңгені құрайды, оның ішінде: ішкі кварталдық жүйесі 355 мың теңге, үйге кіргізу 120,0 мың теңге, оның ішінде екі үйге арналған ГШРП, газ есептеуіш, үйдің жобасы, екі нүкте және 25 метр құбыры кіреді. Газға қосылу ақысының бастапқы төлемі 100000 теңге болса, қалған сомасын 6 айдан 8 айға және зейнеткерлерге 12 айға дейін бөліп төлеу жеңілдіктері қарастырылған» — деді ауылдық округ әкімі.
Кездесуден байқағанымыз ауыл тұрғындарының ең басты мәселесі – газдандыру. Бұл мәселенің нәтижелі болуы соттың шешіміне байланысты болып тұр. Сондықтан да ауыл тұрғындары газдандырудың тезірек шешімін табуын сұрады.
Шу ауданы Төле би ауылынан TURANINFO.KZ ақпараттық агенттігі