4 қаңтар күні сағат 10.42-де Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «112» қызметіне Тараз қаласының 13 м/а көп қабатты тұрғын үй пәтерлерінің бірінің тұрғыны 3 қабаттан құлауға әрекеттеніп, өз-өзіне қол жұмсауға тырысып жатқаны туралы хабарлама келіп түседі.⠀Оқиға орнына ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жалпы 15 адамнан құралған жеке құрамы мен 3 автокөлікжедел аттанған.Олар келіп жеткенде пәтердің есігі құлыптаулы болған. Құтқарушылар есікті бұзуға ниеттенген. Алайда, әрбір сәттің санаулы екенін ескерген құтқарушылар үш иінді сатының көмегіне жүгінеді. Осы кезде құтқарушы Жомарт Қадыров жеделқимиылдап, сатымен жоғары көтеріліп, әлгі әйелге психологиялық қолдау сөздерін айтуды тоқтатпай, пәтердің терезесінде отырған әйелді қапсыра құшақтап, үйдің ішіне бағыттай итеріп кіргізеді. Нәтижесінде әйел құтқарылып, полиция қызметкерлеріне тапсырылады.⠀Кейінірек белгілі
болғандай, әйелдің бұл әрекеті алкогольді шамадан тыс ішу салдарынан орын алған.⠀
Ал біз суицид әрекетінің алдын алған батырға аз-кем тоқталғады жөн көрдік. Жомарт Кадыров Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Жедел-құтқару жасағында 2010 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Қызмет атқарған жылдары ол түрлі сипаттағы ТЖ алдын алу мен жоюға, адамдар мен құнды мүліктерді құтқаруға айтарлықтай үлес қосып, Республикалық, облыстық деңгейдегі
құтқарушылар арасында өткен байқаулар мен жарыстарға белсенді қатысып келеді.
Жомарт Қадыров 1984 жылы 28 тамызда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Күреңбел ауылында қарапайым отбасында туылған. Әкесі марқұм Мәдіқұл ауылда бірнеше жыл тракторшы болып қызмет атқарса, анасы – Клара бухгалтер болып қызмет атқарып, зейнетке шыққан. Жалпы Жомарт отбасында бес ұл-қыздың ортаншысы. Қарапайымдылық пен батырлықты үлгі тұтатын Жомарт бүгінде әріптестері арасында үлкен беделге ие.
Басшылық та оны әрдайым үлгілі қызметкер ретінде жоғары бағалайды. Жақында ғана отбасын құрған Жомарт секілді құтқарушы ерлерімізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Адал еңбегінің жемісін көруіне тілектеспіз.
Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Қоғаммен байланыс тобы