COVID-19 пандемиясы жағдайында халыққа көмек көрсету мақсатында Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті әлеуметтік және қаржылық қолдау бастамаларын қолға алып, бірқатар шешімдер қабылдады.
Біріншіден, қазіргі таңда жұмыстарынан қысқартылған немесе кәсіпорындарда қызмет жасап, бүгінде табыс көзінен айырылған ата-аналар бар. Бірқатар студенттеріміз де қосымша жұмыс жасап, өз оқу ақыларын өздері өтеп жүрген. Мұндай студенттердің категориясына да біз әлеуметтік жағдайды ескере отырып, мемлекет басшысының және ҚР Білім және ғылым министрлігінің халыққа қолдау көрсету тұрғысындағы саясаты негізінде, бірқатар студенттеріміз үшін оқу төлемақысын кейінгі шегеруге шешім қабылдадық. Бастапқы ережеге сәйкес студенттер сессия уақытына дейін төлемақыны толық төлеу керек. Алайда, төтенше жағдайға байланысты, расында да табыс көзінен айырылған отбасыдан шыққан студенттер болса, студенттің жеке өтінішін негізге ала отырып, ерекше топтағы білім алушылар үшін төлемақыны жаз айларына дейін қалдыруды қамтамасыз етеміз.
Екіншіден, студенттердің әлеуметтік жағдайына байланысты оқу ақысына берілетін жеңілдік пен 100 үздік студентке тағайындалған арнайы шәкіртақы арқылы қолдаукөрсетіп жатырмыз.
Ғылыми кеңестің негізінде оқу орны біршама студенттерге оқу ақысына көрсетілетін жеңілдіктер қарастырылған болатын. Сәйкесінше 10%-дан 100%-ға дейін түрлі санаттағы студенттердің оқу ақысына жеңілдік үйлестірілгенін атап өту керек.
Күндізгі бөлімде ақылы негізде оқитын студенттердің оқу төлемақысына оқу орнының 35 студентіне, оның ішінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған 2-4 курстың 17 студентіне 100%-дық жеңілдік берілді. Сонымен қатар көпбалалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан, инклюзивті білім беру бойынша білім алатын және ата-анасы мүгедек студенттерге, оқу орнында бір отбасының екі немесе одан да көп білім алатын балаларына арнайы жеңілдіктер де қарастырылып, үйлестірілген болатын. Жалпы жеңілдікке 517 студент ілінген болатын. Әрине, бізде талап та бар. Емтихандарын себепсіз уақытылы тапсырмаған және университет ішкі тәртібін бұзған студенттер оқу жеңілдігінен айырылады.
Біз университетіміздің 100 үздік студентіне арнай шәкіртақы да тағайындаған болатынбыз. Шәкіртақы мөлшері де 10 АЕК (26 125 теңге) деп белгіленді. Бұл бастаманың ерекшелігі, жоғарыдағы тізімге 50%-дан төмен жеңілдікке ие болған студенттер мен оқу үлгерімі жоғары студенттер енген болатын. Себебі біздегі мақсат – күндізгі бөлімде оқитын студенттердің мүмкіндігінше көп бөлігін қамту болды.
Аталғандардан бөлек университеттің пәндік олимпиадаларына қатысқан, спорттық сайыстарда университет беделін көтеріп жүрген студенттерді халықаралық сайыстар, оның ішінде универсиада, олимпиада, әлем, Азия чемпионаты жеңімпаздарын да назардан тыс қалдырмай, қолдау мақсатында түрлі мөлшерде университет тарапынан жеңілдіктер беріп отырамыз.
Үшіншіден, қаржылық қолдау мен педагог мәртебесін көтеру, аймақтың зияткерлік әлеуетін нығайту, халықтың педагогикалық мамандықтарға қызығушылығын арттыру мақсатында бірқатар жаңа жобалар алға қойылды. Олардың бірі – Жамбыл облысындағы мектеп түлектеріне арналған университет грантын ұсыну. Бұған дейін әлеуметтік желі парақшамда шетелде оқу мүмкіндігімен қатар, облыстың интеллектуалдық деңгейін дамытуға арналған 50 үздік талапкерге арнайы грант тағайындалатынын жазған болатынмын. Барлығы — 50 грант. Оларды ҰБТ-да максималды балл жинаған, облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадалар, конкурстар мен сайыстардың жеңімпаздары мен қатысушылары, үздік мектеп түлектері ала алады.
Қазіргі кезде Ғылыми кеңес отырысында бұның Ереже жобасы бекітілді. Айта кетсек, гранттың артықшылықтары: оқудың ақысыз негізіндегі тегін, оған қоса шәкіртақы алу, және ТарМПУ-дың ең жақсы шетелдік серіктес университеттерінде, атап айтқанда Германия, Польша, Түркия, Оңтүстік Корея және Ресей университеттерінде жылдық оқуға мүмкіндік алу.
«Мен педагог боламын» республикалық олимпиадасының да берері мол. Мәселен аталған олимпиаданың барлық кезеңінен сүрінбей өткен мектеп түлегіне тегін оқу гранты беріледі. Биылғы жылы да онлайн түрде ɵткен шараға еліміздің түкпiрiнен 67 өтініш түсіп, үмiткерлер арасынан «ТарМПУ білім гранты-2020» бес жеңімпаз анықталды.
Заман талабы мұғалімдерге жан-жақты жетілген, көпсалалы дайындық иесі болуды жүктейді. Тәуелсіз мемлекетімізге еңбекқор, кәсібін терең түсінетін, үнемі өзгеріп отыратын жағдайларға өзінің білімі мен іскерлігін әртүрлі әрекеттердің айналасында қолдана білетін қабілетті мамандар қажет.
Сондықтан педагог мамандығына талантты әрі дарынды мектеп түлектерін тартып, өз ізбасарларымызды дайындауымыз керек.
Біз әрқашан дарынды және үздік студенттерді, шығармашыл және спорт саласындағы студенттерді қолдауға материалдық және рухани, психологиялық тұрғыда қолдауға дайынбыз.
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің
ректоры, э.ғ.д., профессор Ержан Әмірбекұлы