Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Қазақтың құсбегілік дәстүрінің рухани жалғастығы» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Көрмеге Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, танымал этнограф, зерттеуші-натуралист, құсбегі Жапар Сатылғанов әкесі Тілеужан Сатылғанұлынан қалған аңшылық мұраларын тапсырды.
Көрменің ашылу салтанатына этнограф, құсбегі Жапар Сатылғанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, кеңес мүшесі Жақсыбек Сыдықов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Ақытай Жандаров, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнұр Ембердиева және құсбегілік өнері қызықтыратын студенттер қатысты.
— Бүгінгі көрме ата-бабамыздан қалған мұраларды, көне жәдігерлерді кейнгі ұрпаққа көрсету үшін ашылды. Мұра – халық үшін жаралған. Сондықтан мен әкемнен қалған аңшылық мұраларды музей қорына тапсырып отырмын. Ондағы мақсатым еліміздің өсіп, өркендеуіне үлес қосу, күллі әлемге Қазақстанды жақсы жағынан таныту. Тағы бір айта кететін жайт, қазақтың санасының жаңғыруына әсер ететін ол – құсбегілік өнері. Атқа мінген қазақтың рухы қалай көтерілсе, қолына құс қондырған қазақтың рухы да солай аспандайды. Біз қыран тектес халықпыз. Туымызда да қыран құстың бейнеленгені тектен тек емес. Бұлар қызыл кітапқа енген құстар. Оны біз қамқорлыққа алуымыз керек,- деп танымал этнограф құсбегілік өнерінің қайта жандануына өз үлесін қосатынын айтты.
Құсбегі Жапар Сатылғанов әкесінің қасында жүріп жастайынан бүркіт баптаудың қыр-сырын үйренген. Сонау заманның қиын кезінде жолын тауып «Қауырсын – құсбегілер» атты клуб құрып, бүгінде құсбегілік өнердің үзілмей жалғасуына еңбегі сіңіп келеді.
— Қазақтың өнерін, салт-дәстүрін, ғұрпын түсінетін, бағалайтын адам үшін бүгінгі іс-шара үлкен маңызға ие. Жапар Тілеужанұлы қай жерде бұлақ болса, соның көзін ашсам деп жүретін жан. Тарих үшін асыл қызана – өткен күннен сөйлейтін жәдігерлер. Аңшы, құсбегі әкесі Тілеужан Сатылғанұлынан қалған осындай жәдігерлерді Жапар Сатылғанов өз қолымен тапсырып отыр. Бұл өте үлкен ерлік. Жомарттығы, мәрттігінің арқасында музей қоры осындай мұралармен толығып отыр. Білуімше, бүгінде ол өзінің немересін құсбегілікке баулып, тәрбиеуде. Ұрпақтар жалғастығы осы болар. Қазақтың құсбегілік өнері сіздей жанашыр жандардың арқасында өшпейді, — деп облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры қазақтың қазақилығын танытатын саятшылық өнерінің дамуына ат салысып жүрген Жапар Сатылғановқа алғысын білдірді.
Сондай-ақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өскелең ұрпаққа мәдениетіміз бен дәстүрімізді насихаттауда сіңірген еңбегі үшін Жапар Сатылғановты облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Алғыс хатпен марапаттады.
Шара барысында құсбегі келушілерге көрме залынан орын алған құнды жәдігерлермен таныстырып, құсбегілік өнердің сырымен бөлісті.