Рәміз — халқымыздың рухын, ұлттық санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгі боп саналады. Кез-келген мемлекеттің көркейіп, гүлденуі сол мемлекеттің төл рәміздеріне деген құрмет сезімінен өрбиді. Біздің елімізде бұл мереке 1992 жылы 4 маусым күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы Заң қабылданғалы бері аталып келеді.
Кеше орталық алаңда Қазақстан Республикасының рәміздер күні мерекесіне арналған «Ту, Елтаңба, Гимн – тірегіміз,Туған ел деп соғады жүрегіміз! » атты патриоттық шеру болып өтті.
Т.Рысқұлов ауданында мерекеге мемлекеттік қызметкерлер, аудандық Жастар ресурстық орталығының мамандары, оқушылар және аудан тұрғындары қатысты. Алдымен мерекелік шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы ұлықталып, Мемлекеттік Гимні шырқалды. Аудан әкімінің орынбасары Б.Әлпейісов айтулы мерекемен құттықтап, ыстық лебізін білдірді. Сондай-ақ, Мемлекеттік рәміздердің қадір- қасиетін арттыруға, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған жұмыстардың ешқашан құны төмендемеуі қажеттігін баса айтты.
Мерекелік іс-шара одан әрі М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінде «Мәңгілік Ел» тәрбие және білім беру орталығы мен мәдениет қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтаныш» атты патриоттық кешке ұласты.