Қазақта «Әділ патшаның елін жау араламайды, әділ бидің елін дау араламайды» деген өткеннен қалған өнегелі сөз бар. Иә, өткенге ой жүгіртсек, отыз жыл бұрын халқымыз өзінің егемен ел ретінде Тәуелсіздігін жариялап, ғасырлар бойы аңсаған арманына қол жеткізді. Аз ғана уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналуға бар күш-қайратын төседі. Соның арқасында халқымыздың жағдайы жақсарып, бірлігіміз баянды бола бастады.
Ал, Елбасының сарабдал саясатын жалғастырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлт жоспарын толыққанды жүзеге асыру қажеттілігін алға тартып, сындарлы саясат жүргізу алғышарттарын белгіледі. Ол халыққа арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында заман талабына сай тиімді мемлекет құрудың саяси реформаларын жан-жақты ойластырып жүзеге асыратынын мәлімдеген болатын. Сонымен қатар бұл маңызды құжатта партия құрылысы үдерісін жалғастыру, халықпен тиімді кері байланыс орнату, қоғамдық келісімді нығайту секілді өзекті мәселелерді көтерді. Бұдан бөлек, білім беру сапасын жақсарту, еңбекақы төлеу деңгейін арттыру, ұлттық бизнеске халықаралық нарықтарда қолдау көрсету, өнеркәсіп кешенін дамыту сияқты бірнеше шараны шұғыл түрде қолға алу қажеттігін түсіндірді. Бұның бәрі, сайып келгенде, қуатты ел құрудың, бірлігіміз бен ынтымағымыздың артуына жасалған игі қадам болары сөзсіз. «Ауылға арқа сүйегеннің асығы алшысынан түседі» дегендей, ауылдың өркендеуіне, оның ішінде әлеуеті толық пайдаланылмай отырған салаларға баса мән беріп, қолдау көрсетуді басты назарға алды.
«Біз елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Осы маңызды міндеттерді сапалы орындауымыз керек. Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиіс. Мен мемлекеттік органдардан жұмысты жедел атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізуді талап етемін», – деген Мемлекет басшысы елді бірлікке шақырып, халықты толғандырған мәселелерді ортақтасып шешуге үндеді.
Әрине, ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүретінін дәлелдеген Президентіміздің алға қойған мақсат-міндеттеріне біз де аянбай үлес қосатынымызды айтқым келеді.
Бақыт Сырлыбаев,
«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы Саяси кеңесі Бюросының мүшесі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.