Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сейдахмет Сейтбековтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Сейдахмет Сейткерімұлы «Азаматтардың мәртебесін анықтау және Бірыңғай жиынтық төлем мәселесі» туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
- Азаматтардың мәртебесін анықтау жұмыстары.
Өткен жылы біздің облысқа жұмыс сапары барысында Елбасы облыстағы нәтижесіз өз бетімен жұмыспен қамтылғандар санының көптігі және олардың өз бетімен жұмыспен қамтылғандардың жалпы санындағы үлесінің жоғары екендігі туралы сын айтқан болатын (2017 жылдың 2 тоқсанында областағы өз бетімен жұмыспен қамтылғандардың саны 222,5 мың адамды, олардың экономикалық белсенді халық санындағы үлесі 42,4 пайызды, нәтижесіз өз бетімен жұмыспен қамтылғандардың саны 81,6 мың адамды, олардың жалпы өз бетімен жұмыспен қамтылғандар санындағы үлесі 36,7%-ды құрап, бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш болатын).
Спикердің ақпараты бойынша, бүгінгі күнге облыста өз бетімен жұмыспен қамтылғандардың саны 178,4 мың адамды немесе экономикалық белсенді халықтың 33,7 пайызын құрады. Оның ішінде нәтижесіз өз бетімен жұмыспен қамтылғандар 10,8 мың адамды немесе жалпы өз бетімен жұмыспен қамтылғандардың 6,1 пайызын құрап отыр, бұл республикадағы төртінші көрсеткіш. Яғни, 2017 жылдың 2 тоқсанымен салыстырғанда өз бетімен жұмыспен қамтылғандардың саны 44,1 мың адамға, ал, нәтижесіз өз бетімен жұмыспен қамтылғандардың саны 70,8 мың адамға азайды. Мұндай көрсеткіштерге қол жеткізуде Бейресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру және ел экономикасына тарту жөніндегі Жол картасы аясында азаматтардың мәртебелерін өзектендіру жұмыстары өзінің оң ықпалын тигізген.
2018 жылдың 1 қаңтарында мәртебесі анықталмаған адамдар саны 208799 адам болса, бүгінгі күні оның 107664-нің немесе 51,6%-ның мәліметтері өзектендірілді. Мәліметтері өзектендірілгендер ішінде 30307 жалдамалы қызметкерлерге жұмыс берушілер міндетті зейнетақы төлемдерін төлей бастады, 1003 адам кіріс органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелді.
Ал, қалған мәртебесі анықталмаған 101135 адамның ішінен 79386-і немесе 78,5%-ы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарнаны өздері төлейтіні туралы қолхат берді.
Сондай-ақ, Еңбек инспекциясының мәлімет бойынша зейнетақы жарналары аударылмай жұмыс істеп жатқан 15365 адамға жұмыс берушілермен еңбек шартын жасау қажеттігі туралы хабарламалар беріліп, барлығы 4137 еңбек шарты жасалып, оның 2186-сы Жол картасы ақпараттық жүйесіне енгізілді. Қазіргі таңда жыл басындағы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуға мұқтаж 58357 адамның ішінен 7282 адам (12,5%) жұмыспен қамту бағдарламасына тартылды.
- 2. Бірыңғай жиынтық төлем туралы. 2019 жылдың 1-қаңтарынан бастап бірыңғай жиынтық төлемге қатысты заң күшіне енеді. Қатысушылар үшін төлемнің көлемі — қала тұрғындары үшін 1 АЕК және ауыл тұрғындары үшін 0,5 АЕК болып белгіленеді.
2019 жылдан бастап АЕК деңгейі 2525 теңге болады. Осы 2525 теңге төлеу кезінде қазақстандық айына аударымды бірден төрт бағыт бойынша жүргізеді — жеке табыс салығы, Бірыңғай зейнетақы жиақтаушы қорындағы өз шотына зейнетақы жарнасын аудару, әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорына және міндетті медициналық сақтандыру қорына аударым жасау.