Қоғамдағы келеңсіз көріністер
«Дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алу»
Осындай тақырыппен өткен дөңгелек үстел жиынын Ақтоған ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Марияш Увалиева ашып, «Меркі-Шапағат» жастар қоғамдық ұйымының төрайымы Ә.Исаеваға, одан соң негізгі тақырып бойынша Жамбыл облысы Дін істері басқармасының Меркі ауданы бойынша инспекторы, теолог Б.Жұмасетовке сөз берді. Б.Жұмасетов дәстүрлі емес діни ағымдардың не екені, олардың мақсаттары және олардан сақтанудың жолдары туралы түсіндірді.
-Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары дін дегеніміз осы екен деп еліміздің көптеген жастары шетелге діни білім алуға аттанып, кейін сол діни білім алып оралған кейбір азаматтарымыз өздері білім алған мемлекеттің менталитеті мен салт-дәстүрін өзінің әдет-ғұрпынан жоғары қойып, үлкен адасушылықтарға бой алғызды. Сол алған білімдерімен елімізде дінге бет бұрған жастарға уағыз айту үрдістерін бастап кетті. Бірақ,сол жастар дәстүрлі ислам дінінің негіздерін үйреніп жатпағанын білмеді. Уақыт өте келе түсініспеушіліктер пайда болып қоғамда өз ішінен бөлініп, жалпы жастардың діни дүниетанымы өзгеріп саналарына жихадизм, терроризм түсініктері пайда бола бастады. Бұл мемлекет пен елдің бірлігі, қоғамның қауіпсіздігі үшін ең қауіпті індеттің бірі екендігі жасырын емес.Жалпы, зайырлы қоғамды алаңдатып отырған мәселе дәстүрлі емес діни ағымдардың қатарын жастардың құрауы болып отыр. Дәстүрлі емес діни ағымдарға жастардың кіріп кетуінің бірнеше себептері бар, атап айтатын болсақ.
Біріншіден еліміздегі жастардың діни сауаттылығының әлі де болса төмендігі, дәстүрлі діндерден тыс діни ағымдардың өз миссияларын орындауына мүмкіндік беріп отыр.
Екіншіден қоғамдағы әлеуметтік жағдайдың әсері материалдық жетіспеушілік, яғни жұмыссыздық мәселесі. Осы сияқты мәселелер теріс пиғылды діни ағымдардың жастарды өз қармауына түсіруіне басты себеп болып отыр.
Баяндамашы бүгінгі таңда Қазақстанның кейбір өңірлерінде исламға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын батыстық деструктивті ағымдардың пайда болып,олардың құрамына қазақ жастарын тартқаны туралы нақты мысалдар келтіре отырып, әңгімеледі. Өздерін дін уағыздаушы ұйым ретінде таныстыратын ағымдардың қатарына қазақ жастарын тартуының басты мақсаты не? Мұның астарында не жатыр, – дей келе елімізде тыйым салынған дәстүрлі есем діни ағымдардың аттарын атап, оларға қысқаша мінездеме берді.
Сонымен қатар, еліміздегі дінге қатысты заңдарға енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтырулар туралы да әңгімелеп, түрлі аймақтарда іс жүзіне асырылып жатқан жұмыстардың нәтиже бере бастағанына да тоқталып өтті.
Дөңгелек үстел жиынында ауыл жастары өз ойларын ортаға салды, өздерін ойлантатын сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды.
Ә.Әлимансұр,
Меркі