уылдың бүгінгі тыныс- тіршілігіне тоқталмас бұрын тарихқа шегініс жасауды жөн көрдім. Өйткені, өткенді білмей өсу болмайды емес пе? Сонау 1911 жылдан 1991 жылға дейінгі аралықта Подгорный ауылы атанып келген құт қонған киелі жердің тұрғындары 1930 жылы Қаракемер, 1932 жылы «Красный пахар» атауымен құрылған колхоздарда еңбек етсе, 1963 жылдан Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына дейін Карл Маркс атауына ие болған колхоздың өсіп- өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Колхоздың атағы 12 жыл үздіксіз басқарған Артур Роккельдің кезінде дүркіреп, ең бай колхоздардың біріне айналды. Сол тұста 81 мың гектер шөбі шүйгін жайылымы мен құнарлы суармалы жері бар колхоздың 1600 бас ірі қара, 800 бас жылқы, 40 мың бас ұсақ малы болатын. Осынша малдың жем-шөбін дайындап, шығын шығармай бағып, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру үшін ауыл еңбеккерлері аз тер төккен жоқ. Солардың қатарында 1980-1990 жылдары екі мәрте Қазақ Республикасы Жоғары Кеңесіне депутат болған механизатор Жетпіс Махамбетқұлов пен шопан Амантай Илаев, сауыншы Алмагүл Райсованың есімі ерекше аталады. Шаруашылықтың әр саласында абыройлы еңбек еткен Септесін Талқанбаев, Асан Омаровтардың да еселі еңбектері еш кетпей, «Ленин», «Еңбек Қызыл ту» ордендерімен, «Құрмет белгісі», «Құрметті колхозшы» медалімен марапатталған.
Подгорный ауылдық Кеңесінің құрамына кірген колхоз 1997 жылы өндірістік кооператив болып қайта құрылады. Бұл Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырау кезеңдер еді. Осы қиын-қыстау уақытта аяққа тұра алмаған өндірістік кооператив ақыры тарап, нарық талаптарына сәйкес 80-ге жуық шаруа қожалықтары мен 11 кәсіпкерлік құрылымдар пайда болды.
«Орында бар оңалар» демекші, ауыл тұрмысы Тәуелсіздікпен бірге түлеп, әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарды. Қазір 3600-ден астам халқы бар Құмарық ауылдық округіндегі шаруа қожалықтардың қуаты артып, колхоз кезіндегі бақуатты тұрмыс қайта оралды. Бүгінде Құмарық ауылдық округі әкімдігінің есебінде 37731 бас ұсақ мал, 1894 бас ірі қара, 1082 бас жылқы тіркелген. Округкке қарасты Құмарық, Қаракемер, Алғабас ауылдарындағы «Бай Алғабас», «Ернұр», «Ұзақ», секілді іргелі шаруа қожалықтар халықты жұмыспен қамтып отыр. Сексенінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басында орталық екі көшенің ортасы алаңқай ашық жататын. Енді осы екі орта кішігірім саябаққа айналып, ауыл көркін ажарландырып тұр. Округ орталығы Құмарық ауылында сыйымдылығы жөнінен аудандағы ең үлкен мәдениет үйі халықтың рухани сұранысына қалтқысыз қызмет етуде. Округ аумағындағы 1 балабақша мен 1 шағын орталық бүлдіршіндердің дүние танымын кеңейтіп, 2 орта мектеп балаларға білім нәрін сепсе, 4 кітапхана елдің жаназығына, 2 мешіт иман айнасына, 1 дәрігерлік амбулаториясы мен 1 фельдшерлік пунк халықтың денсаулығына жауапты. Бұдан бөлек өнер, жасөспірімдерге арналған спорт мектептері жастардың бос уақытын тиімді пайдалануларына септігін тигізуде. Ауылда көлік жөндеу орталықтары, жанармай бекеті, әлеуметтік азық-түлік дүкені халықтың қажетіне жарауда. Іргетасы қаланғанына бір ғасырдан аса уақыт өткен, заманында бекет, түрме қызметін атқарған тарихи ғимараттар, ауыл іргесіндегі Төртсарай, Бектөбе қалашықтары, тау етегіндегі обалы қорымдар, таңбалы тастар ауылда туристік кластерді дамытуға зор мүмкіндік. Мұны келешектің еншісіндегі шаруа десек те, Құмарық ауылы заман көшінен қалмай көркейіп келеді.