МАРИЯНЫҢ ҒАЖАЙЫП ӘЛЕМІ
2017 жылдың 18 қараша күні Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында жас суретші Мария Крапптың «Золотая пыль» атты сурет көрмесі өтті.
Көрмеге талантты суретшінің 22 өнер туындысы қойылды. Барлығы ерекше техникада жасалынған. Автордың айтуынша, өнердің бұл түріне қызығушылардың саны артып келеді. Көрмеде 23 жастағы суретші жиналған дүйім жұрт алдында мольбертке орнатылған қара матаға желіммен атақты Да Винчидің «Мона Лизасын» салды.
— Бұл сурет салу техникасы басқалардан ерекше. Ең алғаш бұл туралы университетте емес, ғаламтор арқылы көріп, білдім. Бір қызығы аталған әдіспен сурет салатын суретшілер өз құпияларымен бөліспейді. Бұл менің ең алғашқы көрмем, қуанышымда шек жоқ. Қазіргі уақытта бұл өнерді жас балаларға да үйретіп жүрмін,- деді қыл қалам шебері.
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Бейнелеу өнері және сызу» кафедрасын үздік бітірген суретші бүгінде «Облыстық балалар шығармашылығы және мектептен тыс іс-шараларды өткізу» орталығында педагог қызметін атқарып келеді. Талантты жастарға қолдау көрсетуді мақсат еткен облыстық тарихи-өлкетану музейі Елбасының бағдарламалық мақаласы аясында көптеген іс-шараларға белсене ат салысып жүрген дарынды суретшіні Алғыс хатпен марапаттады.
— Мұндай шеберлік-сыныбы менің 40 жылдық тәжірибемде облыстық көрме залында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Марияның осылай батылдық танытуы мақтауға тұрарлық. Оның суреттері қарапайым көрінгенімен, көздің жауын аларлықтай ғажайыпқа толы,- деді Тараздық таланттың ұстазы.
Жас суретші 2013 жылы дельфийлік ойындардың «Кескіндеме» санаты бойынша және үстіміздегі жылы өткізілген «Әулиеата бояулары» байқауының «Заманауи шебер» санаты бойынша жеңімпаз атанған.
Жылтыр құммен сурет салуды кәсіп еткен ерекше жан өңірімізге бейнелеу өнерінің тың тәсілін алып келді.
Айкерім САБЫР.
Суретті түсірген: Юрий КИМ.