Соңғы жылдары білім саласына қатысты көптеген өзгерістер орын алып, мұғалімдердің жалақысын арттыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, Елбасының тапсырмасына сәйкес, мұғалімдердің мәртебесін арттыру бойынша ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңартылған білім беру бойынша жұмыс істеп жатқан мұғалімдерге үстемақы қосылды. Облыс бойынша осындай үстемақыға қол жеткізген ұстаздар саны 16363 құрап отыр. Олардың 9 мыңдайы 1 қаңтардан бастап алса, қалған 7 мыңы қыркүйектен бастап алады. Себебі, осыған дейін жаңартылған білім беру мазмұнына 1, 2, 5, 7-сыныптар көшкен болатын, ал 3, 4, 8-сыныптар алдағы 1 қыркүйектен бастап көшетін болады. Сондай-ақ биылдан бастап мұғалімдерге категория беру мәселесі қолға алынып отыр. Бұрынғы ескі қағида бойынша категория беру 1-сәуірде аяқталды. 5 жыл сайын әр мұғалім өзінің 1, 2-жоғарғы категориясын мерзімі жеткеніне қарай дәлелдеу керек болатын. Сонымен бірге педагог мамандар да ҰБТ тапсыратын болды. Ол бойынша мұғалімнің жеке өзінің шешімі мен өтінішіне, пәні мен дипломына сәйкес тесттен өтіп, комиссия қорытындысы бойынша мұғалімге 4 деңгейде: педагог-модератор, педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы және педагог-шебер деген категория берілмек. Сол тест арқылы өз білімін дәлелдеген мұғалімге 30-50% үстемақы қосылмақшы. Бұған да Республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, 31-шілдеге дейін бұйрықтар шығарылмақ. Тестке 4390 мұғалім өтініш берді, олар комиссияның оң қорытындысын алған соң 1-қыркүйектен өздерінің категорияларына сәйкес үстемақы алатын болады. Негізінен, мұндай сынақты мұғалімдердің мәртебесін арттыруға бағытталған шара деп түсінсек те болады. Тағы бір айта кететін жайт, мектептердің үштілді білім беруге көшуі. Бұл бойынша аймақта жоғары сыныптардағы математика, физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде беруде кезең-кезеңімен көшуге дайындық жүргізілуде. Саладағы мұндай өзгерістердің барлығын білім сапасын арттыруға бағытталған негізгі қадамдар екені белгілі. Оның ішінде әрине, мұғалімдердің жалақыларын арттыруға байланысты сынақтар да өз нәтижесін беріп отыр.
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы