Атап айтқанда, Тараз қаласында 9 оқиға анықталды. Оның жетеуі бұған дейін СОVID-19 ауруымен байланыста болған 20-31 жас аралығындағы тұлғалар.
Тағы бір науқас облыс орталығының 1953 жылы туған тұрғыны, зейнеткер. Эпидемиологиялық тексеру барысында ол 11 мамырда Каратау қаласына жерлеу рәсіміне барып, қайтып келер жолда карантин режимін бұза отырып, Жанатас қаласындағы туыстарына барғаны белгілі болды. 18 мамыр күні оның дене қызуы көтерілген. Алайда ол медициналық көмекке жүгінбей, өзін-өзі емдеумен айналысқанымен, нәтиже бермеген. 21 мамырда 67 жасар әйел провизорлық стационарға жатқызылды. Зертханалық зерттеу нәтижелері коронавирустық инфекцияны растады.
Сондай-ақ, Тараз қаласында 1975 жылы туған әйел дерт жұқтырды. Ол 21 мамыр күні клиникалық белгілермен провизорлық стационарға түскен.
Ал, 10-шы оқиға Байзақ ауданынан анықталды. 1959 жылы туған ер адам бұған дейін инфекция жұқтырған науқастың туысы. Жоспарлы емдеуге жатқызу алдындағы тексеріс қорытындысы оң нәтиже берген.
Ағымдағы жылдың 23 мамырындағы жағдай бойынша Жамбыл облысының аумағында коронавирустық инфекцияның 259 жағдайы тіркелген, оның ішінде Тараз қаласында — 118, Байзақ ауданында — 33, Жамбыл ауданында — 8, Қордай ауданында — 46, Меркі ауданында — 6, Шу ауданында — 2, Талас ауданында — 12, Т.Рысқұлов ауданында — 2, Мойынқұм ауданында — 1.
Сондай-ақ, Дели — Тараз рейсінен 6, Теңіз вахталық кентінен келген жұмысшылар арасынан 25 оқиға анықталды.
Барлық індет жұқтырғандардың 164-і айығып, дәрігерлердің бақылауындағы үй карантиніне шығарылды.