Шу аудандық сотымен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (ары қарай мәтін бойынша ҚР ҚК)189-бабы 4-бөлігі 2 тармағымен (Аса ірі мөлшерде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) және 369 бабының 1 бөлігімен (Қызметтiк жалғандық жасау) көзделген қылмысты жасаған А.-ға қатысты қылмыстық ісі қаралды.
Іс құжаттарынан анықталғандай, сотталушы А. 2014 жылдан бастап Шу ауданы әкім аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімінің басшысы қызметін атқарып, қызмет бабын асыра пайдалану арқылы, өзі үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында 2015 пен 2016 жылдар аралығында ресми құжаттарға жалған ақпараттар енгізіп, өзінің және мемлекеттік қызметкерлердің жеке шоттарына көтеріңкі жалақы мен басқа да есептеулерді аударған. Соның салдарынан А. мемлекетке жалпы соммасы 5 755 556 теңге материалдық залал келтірген.
Сот отырысы барысында сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындап, мемлекетке келтірілген залалды өз еркімен толық қайтарды.
Сот үкімімен А. ҚР ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен, 369-бабының 1-бөлігімен көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оның мүлігін тәркілеп, мемлекеттік қызметте жұмыс атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, ҚР ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес 1 272 600 (бір миллион екі жүз жетпіс екі мың алты жүз) теңге айыппұл жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қайнар: Шу аудандық сотының баспасөз қызметі