«KIDS UNIVERSITY» жобасы жалғасуда
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіндегі KIDS UNIVERSITY жаратылыстану ғылымдары бағытында оқыту фестивалін ұйымдастырды. Өткен оқу жылынан бері төртінші рет өткізіліп отырған оқыту фестивалінің басты мақсаты автоматтандыру және роботтандыру саласын дамыту барысында мектеп оқушыларын заманауи зертханалық жұмыстарға тарту, ғылыми потенциалын көтеру, оқу мен оқытудағы инновациялық әдістерді қолдана отырып жаңаша үлгіде білім беру болып табылады.
Оқыту фестивалі физика, химия, информатика (робототехника), биология, география пәндерін қамтып, 10-нан астам лабораториялық және зерттеу жұмыстарын жүргізді. Фестивальге қалаға жақын мектептер тартылды, атап айтқанда Байзақ ауданына қарасты Қызылжұлдыз ауылы, Ақшабаев, Құмжота ауылы, Алтынсарин, Сарыкемер ауылы, Ю.Гагарин, Ғ.Мұратбаев, Н.К.Киікбаев, Дихан ауылы-2, Дихан, Көктал ауылы, Көктал және Мырзатай ауылы, Мырзатай орта мектептері.
«Өткен кезеңде теория көбірек ұсынылып, практикалық жұмыстар мүлдем жасалмағандығы белгілі. Ал, бүгінгі таңда бұл мәселелер өз шешімін тауып, ЖОО мен мектептер жеткілікті дәрежеде зертханалармен толықтырылды. Демек, барлық приборлармен қамтамасыз етілген, мүмкіндігі зор лаборатория аудиторияларында қызу жұмыстардың жүргізілуі қажетті және міндетті. Бұл оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, болашақ маман ретінде бағыттарын дұрыс таңдай білуге өз ықпалын тигізбек. Бұл фестиваль өзінің 4-маусымын өткізіп жатыр және дәстүрлі түрде өз жалғасын табатын болады» — деді өз сөзінде факультет деканы, ф.м.ғ. кандидаты, профессор Т.Б.Бижігітов
Алдағы уақытта жоғарыдағы аталған факультеттер әр түрлі тақырыптарда оқыту фестивалдерін өткізеді деп жоспарлануда.