ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы
бойынша департаментінің facebook парақшасында «Білім саласындағы
тазалық пен парасаттылық мәселелері» тақырыбында тікелей эфир өтті.
Тікелей эфирдің басты қонағы әрі спикері Тараз мемлекеттік педагогикалық
университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы болды. Өз сөзін «Қазіргі таңда
әлемдік дамудың тұтқасы – білім екені даусыз. Білімнің алатын орны, оның
маңызы соңғы кездегі жайғдайға орай аса қатты сезіле бастады» деп бастаған
Ержан Әмірбекұлы ЖОО бағыттары, жиі кездесетін проблемалар және оны
шешу жолдары қандай екендігі турасында ой өрбітті. Сондай-ақ, мемлекет
басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық кеңестің
үшінші отырысындағы білім беру саласына қатысты шығарған шешімдері де
тақырып төңірегінен тыс қалмады.
Университет басшысы тікелей эфир барысында «Көптеген
мемлекеттердің өзіндік стратегияларында жемқорлыққа қарсы мәдениет
қалыптасқан. Мәдениет адамда өзінен өзі қалыптаспайтын дүние. Оны сіңіру
қажет. Ол әрине ұстаздар қауымына жүктелген міндет» деп атап өтіп қана
қоймай USTAZ университетіндегі хал-ахуалға да тоқталып өтті. Мемлекет
басшысының педагогтердің жалақысын ұлғайту саясатын қолдайтын Тараз
мемлекеттік педагогикалық университеті бұл бастаманы бір жыл бұрын
қолға алған. Яғни оқытушылардың жалақысын осы уақытқа дейін 70%-ға
көтеріп үлгерген Тараз мемлекеттік университетінің басшылығы алдағы күз
айларында тағы да 30%-ға дейін көтеруді көздеп отыр.
Кез-келген білімнің арғы жағында мемлекеттің өркендеуі жатқандығын
ерекше атап өткен Ержан Әмірбекұлы алдағы уақыттарда әлемдік
өркениеттің тасасында қалмауымыз қажеттігін де басты назарда ұстауды
ұсынды.
— Біз әсіресе болашақ педагогтердің парасатты тұлғалардың
қатарынан болуға мүдделіміз. Сондықтан да биыл педагогикалық
мамандыққа түсетін талапкерлерге Ұлттық бірыңғай тестілеудің межелік
көрсеткішін 70 баллаға дейін көтерді. Меніңше, бұл өте тиімді әрі дұрыс
шешім. Себебі пеадгогтердің қатарын кез-келген адам толтырмауы тиіс, —
деді Ержан Әмірбекұлы.
Сондай-ақ, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің биылғы
жылы алғаш болып Жамбыл облысының үздік түлектеріне арнайы 50 грант
тағайындағандығын да атап өтті. Шетелде қосымша тегін білім алуға
мүмкіндік жасауымен ерекшеленетін бұл жобаның да қоғамдағы мұғалім
мәртебесін көтеруге негізделгендігін атап өткен жөн.
Қоғамдағы тазалық пен парасаттылықтың бастау бұлағы мұғалімдер
қауымының берген білімінен басталатындығын алдыға тартқан тікелей эфир
толыққанды білім беру саласының жай-жапсарына үңілуге негізделді.
Көрермендер тарапынан да оң пікірлер жолданды.
ТарМПУ АҚПАРАТТЫҚ-ИМИДЖДІК ҚЫЗМЕТІ