Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев ҚР Қарулы Күштері қатарында сыбайлас жемқорлықты болдырмау туралы үндеу жариялады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Әскери қызметшіге қоғам мен құқық қорғау органдары үнемі назар бөлуде. Отан қорғаушы ретінде ол Отан үшін жанын қиюға әзір болуға тиіс. Қазақстан әскери қызметшілерінің моральдық-этикалық қасиеттері жоғары болғанымен, Қарулы Күштердің имиджіне сыбайлас жемқорлық көріністері мен әдепті бұзу жағдайлары теріс ықпал етуде. Қарулы Күштерде жол берілген сыбайлас жемқорлықтың әрбір фактісі халықтың армияға, оның қатерлерге қарамастан, ел қорғау қабілетіне деген сеніміне нұқсан келтіреді. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың жиі кездесетін түрлері – мемлекеттік сатып алуды жүргізу, әскери оқу орындарына түсу, келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау және қызметі бойынша ілгерілету, құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершіліктен босату кезінде ақша жинау және пара алу түріндегі қызмет бабын теріс пайдалану болып табылады.Әскери қызметті өткеруді кейінге қалдырғаны және тіпті әскери қызметшілердің заңды құқығын іске асырғаны (кезекті әскери атақтар, демалыстар және т.б. беру) үшін ақша жинау жағдайлары орын алуда. Есепке алуды және есептен шығаруды бұрмалау нәтижесінде ақша қаражатын және материалдық құралдарды ұрлау фактілері де байқалуда», - делінген министрдің үндеуінде.
Сондай-ақ, ведомство басшысы әр әскери қызметші үндеудің мәтініне үңіліп, болашақта мазмұндалған қағидаттарды басшылыққа алуларын тапсырды.
Дереккөз Baq.kz