Соңғы жылдары еліміздің саяси-әлеуметтік өмірінде тұрғындардың азаматтық белсенділігі артып келеді. Бұған әлбетте демкоратиялық қоғам қалыптастыруда «үшінші сектор» ретінде үлкен қозғаушы күшке айналып келе жатқан үкіметтік емес ұйымдардың әсері орасан.
Азаматтық қоғам қалыптасуының маңызды құрамдас бөлігі үкіметтік емес ұйымдардың қызметі болып табылады. Ерікті негізде іс-әрекет жасап, үлкен бастама көтеріп келе жатқан ҮЕҰ қазірдің өзінде әлеуметтік саланың өткір мәселелерін шешуге айтарлықтай үлес қосып жатқанын көріп келеміз. Мәселен, мұны көп балалы және жалғызбасты аналардың, жетім балалардың, қиын жасөспірімдердің, экологиялық апаттар құрбандарының проблемаларымен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарға қатысты айтуға болады. Түрлі әлеуметтік топтар мүдделерінің көптүрлілігін көрсететін үкіметтік емес ұйымдардың тармақталған жүйесін қалыптастырып, нығайту еліміздегі азаматтық қоғамды орнықтырудың маңызды индикаторы болып табылатындығы күмәнсіз.
Осындай келелі істермен айналысып жүрген ҮЕҰ саны 2000 жылдардың алғашқы бөлігінде 3000-нан асса, бүгінде 22 мыңдық межеге жетіп отыр. Ал бұл ұйымдарды мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қаржыландыру көлемі 65 есеге артып, бүгінде 20 миллиард теңге қаражатты құрайды.
Ал өңірімізде бүгінгі таңда 800-ге тарта үкіметтік емес ұйым тіркелген. оның 500-ге жуығы тұрақты, ал 100-ге жуығы белсенді түрде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қызмет атқарады. Биылғы жылы аталған тапсырысқа 818 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Облыстық 9 басқарма, аудан әкімдіктеріне қарасты 33 бөлім, 2 жұмыспен қамту орталықтарының тапсырысымен жүзеге асырылған жобалардың 70 пайызы қызмет көрсетуді инклюзивті түрде дамытуға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуға, олардың күнделікті өмірде оңай жүріп-тұруын қамтамасыз етуге бағытталған.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ ұсынған гранттық қаржыландыруда 2017-2018 жылдары тек бір ҮЕҰ жеңімпаз болса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 4-ке жетіп отыр. Олар: «Жамбыл облысының Азаматтық Альянсы қауымдастығы» ЗТБ, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ, «Ақбұлақ» ҚБ, «Ғасыр сапасы» тұтынушылардың құқығын қорғау агенттігі» ҚБ. Гранттық қаржыландырудың атап өтерлік бір ерекшелігі ұсынылған соманың 10 пайызына ұйымның материалдық-техникалық базасын жаңартуға мүмкіндік береді. Атап өту керек, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ «Ақпараттандырудың инновациялық әдістері халықпен жұмыс технологиясы ретінде» гранты аясында 80-ге жуық жас СММ курстарына қатысып, ғаламторда белгілі бір кәсіптің ресми парақшасын жүргізу бойынша сауаттарын ашуда.
Үкіметтік емес ұйымдарға қолдаудың тағы бір ерекше түрі – жыл сайынғы берілетін сыйлықақы. Биыл да ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2019 жылғы қыркүйек айына дейін ҮЕҰ-ға арналған сыйлықақыны беру үшін өтінімдерді қабылдайды.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақыны беруге 15 бағыт бойынша конкурс өткізу туралы хабарлады. Байқауға Қазақстан Республикасында тіркелген және Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорына мәліметтер ұсынған үкіметтік емес ұйымдар қатыса алады. Бір үкіметтік емес ұйым бір номинациядан артық сыйлықақыны алуға ұсыныла алмайды. Сыйлықақы алғаннан кейін үш жыл ішінде оны алу үшін қайта ұсынуға жол берілмейді. Бір номинация бойынша сыйлықақы бір немесе бір мезгілде бірнеше үміткерге берілуі мүмкін. Бұл жағдайда сыйлықақы олардың арасында тең бөлінеді.
Үкімет тарапынан «үшінші сектордың» бастамаларын қолдауға айтарлықтай назар аударылып жатқанын осыдан аңғарамыз. Азаматтық қоғамның мүшелері саналатын үкіметтік емес ұйымдар, биылғы жылы да мемлекеттік гранттарға қатысып, бақтарын сынап, біліктіліктерін арттыруға ниетті. Ұсынылған жобаларға қоғам қайраткерлері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құрылған арнайы комиссия баға беріп, жылдың грант иелерін анықтайды.