Есімі елге белгілі даңқты сазгер Мэлс Өзбеков дүниеге келген Көкдөнен ауылынан талай мықты спортшылар шыққан. Мәселен, тірісінде волейболдан спорт шебері атағын иеленген Назар Қырбасов, Қанат Байғабылов секілді жүйріктер кезінде осы ауылдың абыройын талай жерге шарықтатқанын ауыл тұрғындары әлі күнге дейін айтып жүр. Бүгінде облысымыздағы жасөспірімдерді волейболға баулып, аға жаттықтырушы қызметін атқарып жүрген Нұрбол Жексенбиевтің Көкдөнен ауылының тумасы екенін өз басым бұған дейін білмеппін. Мінеки, көрдіңіз бе? Бұдан соң “нағыз таланттар ауылдан шығады” деген пікірге қалай ғана иланбайсың. Осы ретте «Волейболдан өзге үлкен жетістікке жетіп жүрген қандай спортшылар бар?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Оған жауап дайын. Себебі, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында үстел теннисінен ел чемпионы атанған Ерсін Станбекті ағалар салған сара жолдың ізбарасы деп топшылайтындардың қатары Көкдөненде өте көп.
Ерсінмен бірге енді бұл тізімге Нұржау Теметаев пен Самат Есекеевті де қоссақ болады. Өйткені, жуырда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен ел біріншілігінде Нұржау Аманұлы 50 шақырымға еркін әдіспен жүзуден жүлделі III орынды иеленді. Ал биыл 3 мәрте ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы ат спорты федерациясының кубогінде Самат Болатұлы тұғырдың екінші сатысынан көрінді. Биыл 48 жасқа толған Нұржау Теметаевпен пікірлескенімізде ел чемпионатының тартысқа толы болғанын айтты. Орда бұзар отызында көкпарды оңды-солды тартып жүрген Самат Есекеевтің де мықтылығына қол соғуға болады. Әйтпесе, республикалық жарыста екінің -бірі жүлдегерлер қатарынан көріне бермейтіні белгілі.
Апта басында аудан әкімі Асқар Қырықбаев Ерсін Станбек, Нұржау Теметаев және Самат Есекевті өз кабинетінде қабылдап, жеңістерімен құттықтады. Өз сөзінде Асқар Санатұлы:
– Ауданымызда жаңа спорт кешені ашылды. Енді онда тәлім алып жатқан жеткіншектер өз жаттығуларын сондағы залда өткізетін болады. Алдағы уақытта қазіргі Ермахан Ыбырайымов атындағы спорт мектебінің ғимаратын өздеріңіз секілді спортты серік еткен сайыпқырандардың еншісіне берсек деп отырмыз. Мақсатымыз – сіздер секілді талантты азаматтарымыздың шеберлік деңгейлерін арттырып, қолғабыс ету. Байрақты бәсекелерге жиі қатысыңыздар. Біз сіздерді әрқашан қолдауға әзірміз. Жеңістеріңіз көп болсын, -деп, жаттықтырушылары Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің мұғалімдері Ерболат Мырзатаев пен Жансерік Төреқұловқа өз алғысын білдірді.