Бүгін Алматы қаласында «Қазақстан Демократиялық партиясын» құрушы бастамашыл топ өкілдері өздеріне көрсетіліп жатқан қысымға байланысты баспасөз мәслихатын өткізді.
Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросында өткен жиынға белсенділер Жанболат МАМАЙ, Ырысбек ТОҚТАСЫН, Ғалым АҒЕЛЕУОВ және Инга ИМАНБАЙ қатысты.
Саяси белсенді Жанболат Мамайдың сөзінше, «ҚДП» ұйымдастыру тобына жасалып жатқан қысымдарға Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ пен Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ жауапты.
«Біз алға қарай жүрген сайын, өңірлерге барған сайын қысым күшейіп келе жатыр. Ол қысым Жаңаөзен қаласынан басталды. Олар Ғалым Ағелеуовқа жұмыртқа лақтырып, физикалық қысым көрсетілді. Жергілікті адамдардың айтуынша, олар саяси белсенді емес. Біздің ойымызша, ол адамдар биліктің жіберген арандатушылары. Бізге жасалып жатқан қысымдар мен арандатулардың барлығы жергілікті биліктің бастамасы емес, Астанадан келген саяси тапсырма. Осыған байланысты бүгін біз арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, ІІМ Тұрғымбаевтың атына АШЫҚ ХАТ жазып отырмыз. Өйткені кездесулеріміз біз барып келген жеті облыспен шектелмейді… Қазір бізге телефонды тартып алу, жиналысты тоқтату сияқты арандатулар жасалса, енді ұрып-соғу, денсаулыққа зақым келтіру сияқты арандатулар бола ма деген күдігіміз бар. Ондай жағдайлар оппозицияға қарсы бұған дейін де жасалған. Осындай арандатулардың алдын алу үшін біз осындай мәлімдеме жасағымыз келеді және біз анық айтамыз, егер «ҚДП» ұйымдастыру комитетіне қандай да бір шабуылдар жасалатын болса, оған тікелей Нұрсұлтан Назарбаев, Қасым-Жомарт Тоқаев, Кәрім Мәсімов және Ержан Тұрғымбаев жауапты болады», — деді Мамай.
Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуовтың айтуынша, құрылып жатқан кез келген кәсіподақ, ұйым, партия тәуелсіз болуы тиіс және болып жатқан қысымның барлығы биліктің қоғамды демократияландыру бастамаларына қауіп төндіреді.
«Кез келген қысым биліктің қоғамды демократияландыру бастамаларына тікелей қауіп төндіреді. Тоқаев пен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жасап жатқан барлық бастамалар бос сөз. Билік шын мәнінде либералды-демокаратиялық қоғам құрғысы келе ме, жоқ әлде барлық құқықтарды шектеу арқылы елді жеке дара басқарғысы келе ме? Біздің елдің азаматтары өз құқықтарын толықтай пайдалануы тиіс», — деді құқық қорғаушы.
Белсенді Ырысбек Тоқтасынның сөзінше, оңтүстік өңірге барғанда олардың жұмысына арнайы дайындалған арандатушы топ кедергі келтіріп, арттарынан аңдығын.
«ҚДП» ұйымдастыру тобының тағы бір мүшесі Инга Иманбай жасалып жатқан қысымдардың барлығын билік ұйымдастырып отырғанына күмән келтірмейді. Оның сөзінше, Тараз қаласында арандатуды полиция қызметкерлерінің өзі бастаған.
«Тараз қаласында жиналыс өтіп жатқан жерге не шу деп полиция қызметкері кіріп келді. Шын мәнінде ол жерде ешқандай шу болған жоқ. Шымкетте «ДВК жасасын» деген жастарды полиция қоршап тұрды. Кеше ғана Алматыда «ДВК» чатында отырды деген айыппен үш көп балалы ананы соттады. Ал Шымкетте «ДВК жасасын» деген жастарды полиция қоршап, қорғап тұр. Ол жастарды билік дайындағанына біздің күмәніміз жоқ», — деді Иманбай.
Фото: Автордікі
Гиперсілтеме: https://www.zhasalash.kz/article/6022-qdp-zhasalyp-dgatqan-qysymdargha-nazarbaev-pen-toqaev-dgauapty