Жамбыл облысының бизнес және қоғам өкілдері облысымыздың техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріндегі мемлекеттік білім гранттарының әділ бөлінуіне атсалысуда.
Облыс көлеміндегі орта арнаулы білім ошақтарында мемлекет тарапынан бөлінетін оқу гранттарының бармақ басты, көз қыстыға салынбай, әділ бөлінуі аймақтың белсенді тұрғындарын бей-жай қалдырмақ емес. Осы мақсатта ағымдағы жылдың тамыз айында өткізіліп жатқан емтихан, тестілеу, әңгімелесу сынақтарының ашықтығын қамтамасыз ету бүгінгі күн талабы.
Жамбыл облысының орта техникалық және кәсіптік білім беру колледждеріне 2018-2019 оқу жылына 5024 мемлекеттік білім гранты бөлінді. Білім гранттарының өзінің лайықты иесін табуы еліміздің кемел келешегіне үлес қосатын білікті мамандар даярлауға ықпал етері сөзсіз. Сонымен қатар, мемлекеттік білім гранттарын үлестіру барысы ашық өтіп, әділ қорытындылануы тұрғындар үшін әлеуметтік тұрғыда зор маңызға ие.
Биыл елімізде тұңғыш рет бизнес саласында кәсібін жаңғыртып жүрген азаматтар мен қоғам өміріне белсенді араласып жүрген жандар облыс колледждеріндегі емтихандар барысына бақылаушылық жасап, гранттар үлестірудің барынша әділ өтуіне ықпал етіп қана қоймай, орын алуы ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі өз ой-пікірлерін ортаға салуда.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің жаңадан қолға алып отырған осы игі шарасы өз құқықтарын жетік біле бермейтін талапкерлер мен олардың ата-анасы үшін үлкен демеу болып отыр. Яғни, қарапайым тұрғындардың әділетсіздікпен күрес жағдайында қоғам тарапынан қолдаушылардың көмегіне сүйенуіне жол ашылды.
Мұны колледждердегі емтихандар арасында талапкерлер мен олардың жақындарымен болған әңгімелесу барысынан байқауға болады. Білім гранттарын иеленуге талпынған жастар мен олардың жанашырлары сыбайлас жемқорлық көріністеріне қоғам болып қарсы тұруды мақсат еткен белсенді азаматтарға өз ришалықтарын білдіріп, бұрын соңды болмаған мұндай бақылау түрінің бұдан әрі де жалғаса түсетініне үмітті екендіктерін жеткізуде.
Абзал Есіркепов