Қазіргі таңда осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Тіл жанашырлары қарапайым жұртпен кездесіп, әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырып жүр.
Т.Рысқұлов аудандық мәдениет үйінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында латын графикасына негізделген қазақ жазуын, жаңа әліпбиді түсіндіруге және өңірде тіл саясатын насихаттауға бағытталған «Қазақ тілі – ға жап тіл» атты ақпараттық іс-шара өткізілді. Шараны ұйымдастыруға Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы мұрындық болды. Жиынға Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Нұрбану Молдабекова, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-нің «Дулатитану» ғылыми зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ және облыстық «77 ТV» теларнасының тілшісі
Меруерт Тоқмолдаева арнайы келіп қатысты. Сонымен қатар, шараға мемлекеттік қызметкерлер мен білім, мәдениет, медицина саласының мамандары атсалысты.
Жиын барысында Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Нұрбану Молдабекова облыс бойынша атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға кеңінен тоқталып, тілдің мәртебесін арттыру мақсатында семинарлар, дөңгелек үстелдер, акциялар, шеберлік сыныптар өткізіліп тұратынын тілге тиек етті. Ал, профессор Сәмен Құлбарақ Елбасы Н.Ә.Назарбаевтің «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласына жоғары баға бере отырып, бағдарламаның әр кезеңіне тоқталды. Тілімізге қатысты кездесетін бірнеше мәселелерді де тарқатып берді.
Жиын соңында аудан тұрғындары келген қонақтарға сұрақ қойып, оған қатысушылар тұщымды әрі мазмұнды жауап берді.