Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, әлі күнге дейін өз жалғасын табуда. Рухты оятып, сананы жаңғыртатын бұл мақаланы әрбір қазақстандық шын ықыласымен қолдап жүргені белгілі. Аталмыш мақалада Елбасымыз: «Басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек» деген болатын. Осыған сәйкес, кіндік қаны тамған өлкесінен шалғайда жүрсе де, туған жеріне арнайы барып, туын тігіп жүрген перзенттер саны бүгінде көптеп саналады. Солардың бірі Жамбыл облысының тумасы – Рафаэль Ниязбеков жуырда ауданымызға келген еді.
М.Өзбеков атындағы мәдениет үйі мен орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Руxани жаңғыру» офисінде ақын, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Шешенстанның xалық батыры, Шешенстан Мемлекеттік сыйлығы мен «Түркі әлеміне қызметі үшін» xалықаралық сыйлығының лауреаты, Сергей Есенин атындағы медальдің иегері, таластық Рафаэль Ниязбекпен кездесу кеші өтті. Кеш ақынның 75 жылдық мерейтойына байланысты «Жүрегімде ғасырлардың салмағы» атты тақырыппен өткен болатын.
Бар саналы ғұмырын ел руханиятының өркендеуіне жұмсаған аса дарынды тұлғамен қазақ елі мақтанатыны айтпаса да белгілі. Еңбек жолын 1967 жылы «Қазақ радиосы» әдебиет редакциясында бастаған ақын «Жазушы» және «Жұлдыз» журналдарында талай жылдар бойы редактор болып қызмет атқарған. Одан бөлек, оқырманның жүрегінен орын тапқан тырнақ алды туындылары да кітап жанашырларының қолынан түскен емес.
Рафаэль Ниязбековтің шығармаларын оқып отырсаң, ақынды ерліктің құлагерін баптап мінген батыл, ержүрек азамат ретінде көзіңізге елестетесіз. Себебі, оның қаламынан туындаған әрбір шығарма еркіндік пен өжеттілікті меңзеп тұрғандай. Қара өлеңнің марғасқасына айнала білген ақынның туындысы ғана емес, өзі де батырлықты бойына дарыта білген жан екендігін бізге баяндап берген әңгімелерінен байқадық. Ақынның «Шешенстанның Халық батыры» атануы жоғарыда айтқан сөзімізге айқын дәлел.
Талас ауданы, Тамабек ауылында дүниеге келген ақын ағамыздың есімі тек өз туған жерінде ғана емес Шешенстан, Түркия елдерінде де аса танымал. Себебі, осы елдердің әдебиетіне өзінің сүбелі үлесін қосқан жерлесіміз сол мемлекеттердің Жоғарғы марапаттарына да ие болған. Ақынның 75 жылдық мерейтойы тек қазақ елінде ғана емес, бауырлас Түркия мемлекетінде де тойланыпты. Осыған орай, Еуразия қауымдастығының «Кардеш калемлер» әдеби журналының бір саны ақынның шығармашылығына арналған. Жерлесіміздің «Біз осындай елміз» атты жыр жинағы түрік тілінде шығып, аталмыш кітаптың тұсаукесері Түркия мемлекетінде өткендігін айта кеткеніміз жөн болар.
Кеш барысында ақынның шығармалары жатқа оқылып, оқырмандар тарапынан сан түрлі сұрақтар қойылды. Тіпті, ақынның сөзіне жазылған «Бір Бауыржан керек-ау» әні де орындалды. Одан бөлек, кеш қонағының немере інісі, «Жастық жыры» атты жыр кітабының авторы, Жамбыл облыстық қазақ драма театрының әртісі, Елдар Боранбек ақын атасының бір шығармасын нақышына келтіре орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Кеш соңында аудан басшысы А.Қырықбаев ақынға жібектей шапан жапты. Өз кезегінде ақын Рафаэль Ниязбеков те аудан әкіміне мемлекет қайраткері Дінмұxамед Қонаев туралы жинақталған кітабын сыйға тартып, «кемеңгер басшының жолын берсін» деген тілекпен ақ батасын берді.