Ұлттық палата «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған байқау және «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына өтінім қабылдауды бастады!
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын иеленуге арналған байқау мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына өтінім қабылдау басталғанын хабарлады.
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ¬– 2015 жылдан бері сапа саласындағы байқаулардың ұйымдастырушысы. Байқаудың басты мақсаты – отандық өндірушіні қолдау, отандық тауар мен қызмет сапасының жоғарылауына, сондай-ақ отандық өндірушілердің бәсекелік қабілеті мен сапа идеясы танымалдығының артуына ықпал ету.
Биылғы 2018 жылдың байқауы соңғы өзгертулерге сай өтеді. «Алтын сапа» байқауына жаңадан ауыл шаруашылығы мен тағам өнімдерінің өндірісі саласына арналған төртінші аталым енгізілді. Сонымен қатар «Үздік индустриялық жоба», «Үздік инновациялық жоба» арнайы сыйлығы бекітілді.
«Алтын сапа» сыйлығы шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне төрт аталым бойынша табысталады: «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халыққар арналған тауар шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» және «Азық-түлік тауарлары және/немесе ауыл шаруашылығы өнімін шығаратын үздік кәсіпорын».
«Алтын сапа байқауы 4 кезеңнен тұрады. Байқаудың жаңа кезеңінде білікті сарапшылар кәсіпорынды тексеру қарастырылған. Атап айтқанда срапашылар финалға жолдама алған кәсіпорындарды барып тексереді.
«Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы Астанада 12-13 қазанда «Көрме» орталығында өтеді. Тиісінше өңірлік көрме-байқаулар мамыр-шілде айлары аралығында ұйымастырылады.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығына сәйкес байқаулар жыл сайын өткiзіледі.
Байқауларға Қазақстан Республикасының аумағында тауарлар өндірумен (қару-жарақ пен әскери техника өндіруді қоспағанда), қызметтер көрсетумен айналысатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қатыса алады.
Мемлекеттің қатысу үлесі 50%-дан асатын ұйымдар, сондай-ақ өздеріне қатысты белгіленген тәртіппен оңалту және банкроттық рәсімдерін жүзеге асыру туралы шешімдер қабылданған ұйымдар байқауға қатыса алмайды.
Байқауларға қатысуға ниет білдірген тұлғалар 2018 жылғы 1 шілдеге дейін өңірлік кәсіпкерлер палаталарына немесе www.altynsapa.kz. сайтында электронды нұсқада Байқауларға қатысушылардың материалдарын рәсiмдеу, ұсыну және алдын ала бағалау ережелерiне сәйкес өтінім мен материалдарды (есептерді) тапсыруы тиіс.
Тел 8 (7172) 919-388.
Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі